Бұл есімді айтқанда көкірегі ояу әрбір адамның көз алдына ең алдымен Хрущев секілді қолында шексіз билігі бар, өзімшіл, ұрда-жық басшыға қарсы айқасқан қайсар қазақ елестейді. Қашанда халық өзі сүйген ұлдарының ұлық істерін аузынан тастамай айтып жүреді. Оның ішінде болмағанды болдырып, кейбір оқиғаларды аңызға айналдырып жіберетіндері де аз кездеспейді.
Қазақтың біртуар азаматы Жұмабек Тәшенов 1915 жылдың 20 наурызында қазіргі астаналық облыстың Аршалы ауданындағы Танакөл ауылында дүниеге келген. Ол жасынан алғыр, өжет бала болып өседі. Оқуда алда, белсенді, жүрген-тұрған ортасында үнемі алымдылығымен ерекшеленеді. Мектептен соң ол Ақмоланың құрылыс техникумын бітіреді. Осы жерде комсомол белсендісі болған оны бірден Вишнев аудандық атқару комитетіне жұмысқа алады. Одан әрі қызмет баспалдақтары Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінде, Ақтөбе облыстық партия комитетінде жалғасады. Осы, соңғы облыста ол обкомның бірінші хатшылығына сайланады. Сол аймақтарда да оның өрелі істерінің ізі бар.
40-қа енді ғана толған жасында, 1955 жылы Жұмабек Тәшенов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы қызметіне сайланып, оны бес жыл атқарады. Бұл республикадағы өзінің орны жағынан екінші қызмет болатын. Дәл сол жылдары Дінмұхамед Қонаев Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарғаны белгілі. Сөйтіп, алаштың екі ардақтысы республикадағы екі үлкен қызметтің басында қатар отырады. 1960 жылы Д.Қонаев Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалғанда, оның орнын Жұмабек Тәшенов басып, бір жыл Үкімет басшысы болады.
Өзіміз көрген-білген, алыс-жақын тарихта халықтың жадында ең бірінші кезекте ұлттық мүддені қорғағандардың ғана есімі өшпейді және олар жыл өткен сайын жаңғыра береді. Болашақта да солай болатыны сөзсіз. Өйткені, олар өздерінің қарақан бастарын емес, таптық, рулық бөле-жаруды емес, барлық қазақтың тұтас ел болуын, басқалармен тең болуын аңсаған арыстар. Осы қатарда Жұмабек Тәшеновтің де есімі тұрары анық. Қазірдің өзінде оған Астанадан жарқыраған жаңа көшенің аты берілді. Бұл – қазіргі Қазақстан басшылығының, халықтың өзінің жоғын жоқтаған ұлдарының есімін ешуақытта да ұмытпайтындығының бір көрінісі.
Жұмекеңнің өмірін зерттеп, оның тарихи тұлғасын келер ұрпаққа жеткізу жолында тер төгіп жүргендер аз емес. Солардың бірі тарих ғылымдарының кандидаты Кәрішал Асан Ата. Ол өзінің Ж.Тәшеновтің өмірі мен қызметін зерттеудің нәтижесінде жазған кітабында Жұмекеңнің өміріне байланысты көптеген құнды құжаттарды келтірумен қатар, оны жақсы білетін, істері мен әрекеттерін өз көздерімен көрген әріптестері, жолдастары және сол кездегі жас достары профессор С.Кенжебаевтың, академиктер С.Қирабаевтың, Х.Арыстанбековтің, генерал С.Нұрмағанбетовтің және т.б. естеліктерін келтірген. Сол естеліктердің бірінде оның ұлттық мүдде тұрғысынан жасаған еңбектерінің қатарында Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының Төрағасы қызметіне сайланған соң-ақ Алматының ең үлкен магистральді көшесін Абайдың атымен атауды және көшенің ең төріне ақынның алып ескерткішін қоюды ұсынғаны айтылады. Ол кезде мәселенің бәрі Кремльде шешілетін еді ғой, ақша жоқ деп аз шығынның өзін қиынсынған шенеуніктерге ол Тбилисиде – Руставелидің, Мәскеуде – Горькийдің, Ташкентте – Науаидің сондай ескерткіштері барын алға тарта отырып, ұтымды сөзбен ұғынықты дәлел келтірген көрінеді. Мәскеудегілер амалсыз мойынсұнып, Абайдың атымен көше атауға және алып ескерткішін орнатуға рұқсат берген екен.
Кезінде басталып, содан бері аяқталмаған Медеу мұз айдынының құрылысы да осы Жұмекеңнің күш салуымен діттеген жеріне жеткізілген көрінеді. Ол өзінің Мәскеудегі әріптесі, сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, елдегі үш биліктің бірінің құлағын ұстап отырған К.Ворошиловты Алматыға шақырып, оған Медеудің тамаша табиғатын көрсете жүріп, соның көмегімен құрылысты аяқтауға қаражат бөлдіріпті.
Партияның 1956 жылғы ХХ съезінен кейін сталиндік қызыл террор жылдарында жазықсыз жапа шеккендерді ақтау басталды ғой. Қазақтың да небір жақсылары мен жайсаңдары осы террорда репрессияға ұшырап, құрбан болды емес пе. Репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық комиссияның төрағалығына Жұмабек Ахметұлы сайланып, ол олардың есімдерін қайтадан жарыққа шығаруда ұшы-қиырсыз еңбек сіңіреді. Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің сол жылдарда өте сапалы болып шығып, халқымен қайта қауышқан шығармаларының жариялануы да осы Жұмекеңнің тікелей күш салуының арқасында жүзеге асады. Сондай-ақ, 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігін өткізуге үлкен күш-жігер жұмсап қана қоймай, бес бірдей қазақ өнерпазына ең жоғары атақ – “КСРО халық әртісі” атағын алып беруде де Жұмабек Тәшенов үлкен қажырлылық көрсеткен. Осыдан кейін осындай көлемде жоғары атақ алу қазақ топырағында бұрын-соңды болған емес.
Ол жылдары республикалар Жоғарғы Кеңесінің төрағалары КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасарлары болып есептелетіндіктен, бір ай бойы кезекпен Мәскеуде қызмет ететін тәртіп болған. Жұмекең осы мүмкіншілікті халқының мүддесі үшін молынан пайдаланған. Соның ішінде, көптеген деректер Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романының Лениндік сыйлыққа өтуіне де Жұмекең осы қызметі арқылы көп күш салғанын көлденең тартады.
Жазушы Әзілхан Нұршайықов осыдан бірнеше жыл бұрын шыққан өзінің “Брежневке хат” атты мақаласында Бауыржан Момышұлына Батыр атағы берілуін сұрап 1980 жылы хат жазылғанын, оған қазақтың ең атақты деген біраз адамдарының қол қойғанын жазады. Солардың арасында болған Ғабит Мүсірепов мұндай талпыныстың Жұмабек Тәшеновтің тұсында да болғанын, ол өзінің Мәскеудегі қызметін пайдаланып, Батыр атағын беретін комиссияның басшысы, маршал И.Коневті өзіне шақырып, оған салмақ салғанын айтады. Бірақ тоңмойын маршал Баукеңе Батыр атағын беруге үзілді-кесілді қарсы шыққан екен. Бұл мәселе осылай болып шешілмесе де Жұмекең Баукеңнің “За нами Москва” кітабының идеологиялық кедергілерді бұзып өтіп, жарық көруіне көмек жасай алған.
Жұмабек Тәшеновтің қазақтың ұлттық мүддесінің оң шешімін табуына бар ынта-шынтасымен ашық кіріскеніне жүздеген мысалдар келтіруге болады. Сол үшін таяқ жеп жатса да ол тайсалмаған. Тың өлкесін Ресей Федерациясына қосу туралы КОКП Орталық Комитетіндегілер пікірін сұрағанда ол: “Мен өзім Ақмолада туып-өстім, менің ата-анамның, ата-бабамның жаны осы жерде жай тапқан. Енді осы жерді бізден алып, Ресейге бергелі отырсыздар. Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді. Ойланыңыздар, жолдастар! Мен осындай мәселенің көтерілгенінің өзіне жан-тәніммен қарсымын!” депті. Ал оңтүстіктегі үш ауданның жерін Өзбекстанға беру туралы пікірін сұрағанда мұндай мәселені де шешу түгіл көтерудің өзіне қарсы екенін айтқан. Бұған шамданып қалған Хрущев: “КСРО біртұтас мемлекет, қай республикаға қандай жерді беру керектігін біз сізден сұрамай-ақ шеше аламыз”, дегенде: “Олай болса, бұл КСРО Конституциясына қарсы шыққандарыңыз. Ал онда әрбір республиканың территориясы оның бұлжымас меншігі делінген, бекітілген Конституцияның талабы өрескел бұзылса, біз халықаралық ұйымдардың араласуын сұрауға қақымыз бар”, деп тойтарып тастайды. Оның бұл сөзін естіп, сол жерде болған жер қозғалса қозғалмайтын Д.Қонаевтың өзі Жұмекеңнің батылдығына таңғалғанын жасыра алмай, қонақ үйге келе жатып: “Сіздің жүрегіңіз адамдікі емес, арыстандікі шығар”, деген екен. Ал Тың өлкесін басқарып отырған Т.Соколовтың Қазақ өкіметінің билігін мойындағысы келмей, мойнын қисайтып, Мәскеуге бұра тартқанын көргенде шыдай алмай күйіп кетіп, арнайы ұшақпен сол кездегі Целиноградқа ұшып келіп: “Қазақстанға бағынғың келмесе, 24 сағаттың ішінде бұл жерден табаныңды жалтырат. Есіңде болсын, Тың өлкесі ешқашанда Ресейге берілмейді, ана жақтағы бастықтарыңа да солай деп айт”, деген екен. Әрине, мұндай сөздерді жүрегінің түгі бар адам ғана айта алса керек. Халықтың сүйсінгеннен аузынан тастамай айтып, түрлі аңыздарға айналдырып жүрген ерліктерінің бір парасы осындай.
Жұмекең қолында билік болғанда қазақтың барлық шығармашылық адамдарына, дарынды тұлғаларына пайдалы іс жасауға құлшына кіріскен. Және ондайлары бір реттік, жақсыатты көрінудің қамы емес, жүйелі түрде алдына қойылған мақсатты әрекеттер екендігі оның өмір жолынан алқалап көрініп тұрады. Еңбектің майталман шеберлері Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаевтың Еңбек Ері атануына да Жұмекең тікелей үлес қосып, қайрат көрсеткен. Көп жылдардан бері жәйлі үйге қолдары жетпей, әр босағаға телміріп сөздерін өткізе алмай жүрген қазақ интеллигенциясына 120 пәтерлік үйді толығымен бергізген де Жұмабек Тәшенов еді. Оның осы ерлігін халық күні бүгінге дейін аңыз етіп айтады. “Қазақ ауылы” атанған сол үйдің бір тұрғыны болған, қазақ әдебиетінің қазіргі көзі тірі классиктерінің бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов те жуырда “Егеменге” шыққан естелігінде сол үйді жұртқа Жұмекеңнің өзі тікелей бөліп бергенін атап көрсетті (“ЕҚ”, 20.01.2010 ж).
Қазақ кадрларының өсуіне, олардың жоғары өрлеуіне де Жұмекең қолдан келген барлық жақсылығын жасап баққан. Бір кездері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші де, екінші де хатшысы орыс болған екен. Соған Жұмекең ашық наразылық білдіріп, екінші хатшылыққа Фазыл Кәрібжановты ұсынып, дәлелді ұсыныспен оны бекіттіреді. Шаһмардан Есеновтің дарынын да алғашқылардың бірі болып танып, қолдау көрсеткен екен. Оны геологиялық партия басшылығынан бірден Геология министрінің орынбасары, артынан министрдің өзі болуына ықпал етіпті.
Өзіне қарсы шығып, ұлттық мүддені ашық қорғағаны үшін Хрущев оны қызметінен алып, төменге құлдилатып жіберді. 1961 жылдан бастап өмірінің соңына дейін ол Шымкент облысы (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болды.
Жұмабек Тәшеновтің есімін ұлықтауда әлі де жетіспейтін жайлар бар. Мәселен, Астанада ескерткішінің тұрғызылуы керек-ақ дүние. Оның өмірі мен қызметін жастарға таныту, үлгі ету мақсатында жоғары оқу орындарында ғылыми-практикалық конференциялар өткізілсе де құба-құп болар еді. Биыл 95 жылдығы аталып өтіп жатқан есіл ердің 100 жылдық мерейтойына дайындық та үнемі назардан түспегені керек-ақ.
Ерекболат ҚАБЫЛДИН, саясаттанушы,
Жақсыбай САМРАТ.