
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораштың айтуынша, байқауға қатысуға 150-ден аса өтініш түскен. Арнайы комиссия мүшелеріне жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жастарды анықтау оңайға түспеген. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев бастаған белгілі тұлғалар табыс еткен сыйлық иелері қатарында Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, актер Жасқайрат Сәбитұлы («Үздік жас өнерпаз»), «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы, ақын Бауыржан Ширмединұлы («Үздік жас журналист»), Жұбан Молдағалиев атындағы кітапхананың кітапханашысы Фариза Айтымова («Үздік жас маман») және басқалары бар.
Дәл осы салтанатты шара алдында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өткен болатын. Онда Жастар жылы өңірдегі жастарды қолдау мақсатында атқарылған және алдағы волонтер жылы атқарылар жұмыстар жайы талқыланды.
– Облыста 132 мыңнан астам жас бар. Олар облыс тұрғындарының 20,3%-ын құрайды. Яғни облыстың әрбір бесінші тұрғыны жастар өкілі болып келеді. Өңірде 89 жастар қоғамдық бірлестігі және жастармен жұмыс істейтін 14 ресурстық орталық бар. Жалпы, облыста жастар саясатына 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, бірқатар кешенді жұмыс атқарылды. Алда атқарылар жұмыстар аз емес, – дейді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораштың баяндауынша, 2019 жылы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың көмегімен 8 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылған. «Zhas project» жобасы бойынша 771 жоба ұсынылып, 217 жоба мақұлданып, 500 млн теңге көлемінде гранттық қаржы берілген.
Орал студенттері альянсының көшбасшысы Мұса Көнеевтің айтуынша, өңір волонтерлерінің белсенділігі бойынша еліміз бойынша үшінші орында тұр екен. «Qazvolunteer.kz» волонтерлер порталына БҚО-дан 23 мекеме, 432 ерікті тіркелген.
Батысқазақстандық жастар алдағы жылы талай жасампаз бастамаға мұрындық болмақ. «Жасыл ел» Батыс Қазақстан облыстық штабының жетекшісі Асылан Тапишев студенттік құрылыс жасақтары жұмыс форматын қайта жаңғырту мәселесін көтерсе, қаратөбелік Эльдар Амантаев волонтер жылында кәсіпкерлер мен жастардың күш-жігерін біріктіруді ұсынды. Нұрғали Жолдасқалиев ауыл жастарын қолдауға бағытталған «Жастар керуені» жобасы жайында әңгімелеп, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдарға келетін жас мамандарға арнап жаңа үй салуды сұрады.
Өңірде «Zhas Project» жобасына биыл 697 жас қатысып, 54 жоба қала аумағында, 163 жоба ауылдық жерде іске асырылған. Сөйтіп шалғай ауылдарда наубайхана, кондитерлік цех, шаштараз және басқа да нысандар ашылды.
Батыс Қазақстан облысы