Аймақтар • 31 Желтоқсан, 2019

«Әр баланың өз несібесі бар» – дейді көп балалы отбасының отағасы

1940 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Пенде атаулыға туған жерден ыстық, өскен ортадан қадірлі ештеңе жоқ шығар, сірә. Жастық жалынмен асқаралы биікке ұмтылып, талай-талай жоспар құрған. Арман қақпасы алдынан айқара ашылуы да мүмкін еді. Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетті бітірген кезде жас маманды қолқалап шақырғандар да болды. Тіпті елордада ірге теуіп қалуы да мүмкін еді. Білімді жастың далада қалмайтыны анық қой. Күн санап өсіп келе жатқан, керегесі кеңіп, көркейіп келе жатқан елорда тұрғыны атануды кім армандамас. Әйтсе де, Серік Сәтеміровтің көңілі туған жерге ауа берген. Өзінің өскен қасиетті топырағына барып бір кәдесіне жараса қанеки.

«Әр баланың өз несібесі бар» – дейді көп балалы отбасының отағасы

Өндіріс ауылы шоқжұлдыздай ғана елді мекен. Жетістігі де бар, кемшілігі де бар. Туған ауылды тү­­лету перзентінің маңдайына жа­­зылған парыз. Несібесі де осы жер­­де. Кіндік қаны тамған осы то­­пы­рақта тағдырлас, арман-мұ­ра­­ты бір, мақсат-мүддесі ортақ ауыл­­дастарының ортасында маң­да­йдан терін сорғалатып, сол ақ адал еңбегімен ел мерейін үс­тем етсе, замандастарының құ­ша­ғында маңдайы жарқырап жүр­мей ме? Жоғары оқу орнын аяқ­та­ған соң жергілікті «Қыпшақ» жа­уап­­кер­шілігі шектеулі серік­тес­ті­гіне агро­ном болып орналасты. Берік білімді пайдалана оты­рып, жомарт жердің тілін табу агроном үшін бір бақыт. Енді-енді тәжірибе жи­нақтап, тө­се­­ліп келе жатқанда серік­тес­тік басшысы ауысты да, үйде­гі ойды базардағы нарық бұзып кетті. Бірақ елім деп, жерім деп туған жеріне оралған түлек алған бетінен қайта қойған жоқ. Бір кезде өзі білім алған мектепке химия және биология пәндерінің мұғалімі болып орналасты. Жары Айзере – қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нің мұғалімі. Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы мем­ле­кет­тік университеттің түлегі. Екі жас ел ертеңі – жас толқынға берік білім, саналы тәрбие беруге бел буып кірісті. Төл ба­сы Қайреден мен Нұриден бастауыш сыныптар­да оқиды. Сүт кенжелері Ай­ға­ным екі айлық сәби.

Талапты түлек тынбай ізден­се ке­рек. Серік Кәрібайұлы да қа­быр­ғасымен кеңесе келе, білі­мін жетілдіруді ұйғарды. Көк­ше­тау­дағы Шоқан Уәлиханов атындағы мем­­ле­­кет­тік университетінің био­­логия фа­культетінің сырттай бө­лі­­міне тү­сіп, бітіріп шықты.

Бас-аяғы елуге жуық отбасы түтін түтетіп отырған елді мекенде балалар бақшасы да жоқ. Бар сәби үйде. Өкініші жоқ, ең мықты тәрбие – ана тәрбиесі. Одан осы елу үйлі алтын бесік ауыл­дың сақ­талып қалғанын айт­са­ңызшы. Ауыл тағдыры сөз бол­ған сәтте Се­рік Кәрібайұлы ел азаматы Қай­реден Кәрібаевтың өлше­усіз еңбе­гін айтпай тұра алмайды. Міне, әркім өз елін, өз ауы­лын дәл Қай­рекеңдей көте­руге ұмтылса, жал­пақ жұрт гүл жайнап кетер еді. Шағын мектепті жұмыртқадай жұ­тын­ды­рып жөндеген де сол кісі.

Ауылды абаттандырып, кө­гал­­­­дан­­дырды. Көмекті қажет ет­кен­­­дер­­­дің қолтығынан демеді. Сол ең­бегі­мен туған жерді сүйе бі­луге үй­ретті. Нәрлі сөзімен ғана емес, нәти­же­лі еңбе­гімен. Екі қолға бір күрек та­бы­ла қой­май­тын, бұйығып жатқан ау­ыл­да жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тік құрып, халыққа жұмыс тауып берді. Пайғамбар жасына келгенде өзі бас болып, жарғақ құ­ла­­ғы жастыққа тимей жүріп мал шар­уа­шылығын дамытты.

Қайраты мол ердің ғибратты еңбе­гіне әбден разы болғаны сон­ша­лық, Серік ырымдап тұңғыш ұлы­на ел ағасының есімін берді. Дәл атасындай еңбекқор болсын де­гені ғой. Еңбек демекші, осы бір сүт­тей ұйыған кішкентай ауыл­­дан екі бірдей Социалистік Еңбек Ері шық­қан. Олардың бе­ре­­келі еңбек жолы мектептегі му­зейде сайрап тұр. 

Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек ететін Серіктің білім ошағындағы шаруасы шаш-етектен. Әйтсе де ауыл­да отырған соң қосалқы шаруа­шы­лық ұстамай тағы болмайды. Алты баланың несібесі үшін. Бала өсір­дім деп бөгдеге алақан жаю, әлдеқайдан көмек күту Серік үшін мүлде жат. Әр бала өмірге келгенде өзінің несібесін ала келеді деп есептейді. Ол несібе ата-ананың еңбегіне байлаулы. Қазір қора толы қойы, әл­денеше бас жылқысы, сүті бұ­лақ­тай сиырлары бар. Өзі көмек сұ­рамақ түгіл жұртқа қол ұшын бе­руге қауқары әбден жетіп жатыр.

– Осы үйімді салғанда жобасын өз қолыммен жасадым, – дейді Серік Кәрібайұлы, – ұрпақ өсірген соң кең де ыңғайлы болғаны дұрыс қой. Атам қазақ­тың асар деген ғұрпы бар. Ет жақын ағайын туыс қана емес, ауылдастардың бәрі тайлы тұя­ғымен жиналып келді. Кө­мек­­ке көңілің толады, әрине. Бірақ оның ар жағындағы ын­тымақ­тас­тық, ті­лек­тестік тә­різ­ді ақ адал пейіл жү­ре­­гіңді одан әрі жы­лыта түседі. Бір-біріне қа­рай­­ла­­сып, жүкті бірге кө­терген қан­­дай жақсы.

Отыздан енді асқан қос ұстаз шағын ауылда құстың ұя­сын­дай жып-жылы, шарапаты мол ша­ңы­рақ­та­рында ұрпақ өсі­ріп жатыр. Әзірге алты перзе­нт. «Қазан аузы жоға­ры». Бір бүйі­рінде алты баласын аялап өсіру аясындағы ақ арман жүр­се, екінші бүйірінде туған елім­нің тұғырын биіктетсем деген мақ­са­ты бар.

 

Ақмола облысы,

Астрахан ауданы