Спорт • 31 Желтоқсан, 2019

Қазақ спортындағы жыл үздіктері

319 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өтіп бара жатқан 2019 жылда Олим­пия ойындары сияқты бәсі биік ірі жарыстар болмаса да әлемдік деңгейдегі чем­пио­­наттар, құрлықтық бірін­шілік­­тер ұйымдастырылды. Бы­лайша айтқанда, биыл Токио Олим­пиадасы алдындағы дауыл­ға дейін­гі тыныштық жылы болды. Десе де осы жылы ел спортын­да елеу­лі жеңістер, толайым табыс­тар аз болған жоқ. Әр спортшы бабы мен бағы келгенше бә­се­кеге түсіп, ел қоржынына ме­даль са­луға тырысып бақты. Осы орай­да «Egemen Qazaqstan» газеті де спорт­шыларымыздың жет­кен жетіс­тіктерін саралап, үздік­терді анықтады.

Қазақ спортындағы жыл үздіктері

 

Жыл сенсациясы

Қазақ спортындағы ең айтулы жеңістің бірі – боксшы Бекзат Нұрдәулетовке тиесілі болды. 21 жастағы боксшы қыркүйек айында Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарып, ел қоржынына жалғыз алтын медаль салған-ды. Отандасымыз Ресей жерінде тұғырдың ең биік сатысына көтеріліп қана қоймай, қазақ оғланы үшін алынбай келе жатқан қамалды «құлатты». Ел арасында «Күмісбек» аталып кеткен Әділбек Ниязымбетовтің Олимпия және әлем чемпионаттарында талай жолын кескен кубалық қабылан, Олимпиада және әлемнің төрт дүркін чемпионы Ла Круздан басым түсіп, тек Әділбектің ғана емес, бүкіл қазақтың есесін қайтарды. Жалпы бұл жеңісті әлем жұртшылығы сенсацияға балап, барлық БАҚ өкілдері тек Бекзат туралы жазумен болды. Бекзат жарыс жолында қырғызстандық Еркін Адилбекуулын, бразилиялық Кено Мачадоны, түркиялық Байрам Малканды ұтты. Ал финалда өзбекстандық Дилшодбек Рузметовтің осал тұсын тапты. Жуырда осы жеңісі үшін жас боксшыға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Құрмет» орденін тақты.

Жыл жеңісі

Жанкүйерлер жиі сынға алатын футболшыларымыз да биыл тәуір ойын көрсетіп, айтулы жеңістерге қол жеткізді. Қазақ­стан құрамасы наурыз айында 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің алғашқы ойынын Шот­ландияға қарсы өткізіп, 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Матчтың алтыншы минутында Юрий Перцух есепті ашса, арада төрт минут өткенде Ян Вороговский есепті 2:0-ге жеткізді. Ал кездесудің екін­ші таймында Бақтиер Зайнутдинов Қазақ­стан құрамасының үшінші голын соқты.

Сондай-ақ Еуропа чемпиондар ли­гасының «L» тобында өнер көрсеткен елор­даның «Астана» командасы «Астана Аре­нада» Англияның азулы «Манчестер Юнайтед» командасын жеңіп, қазақ­стандық футбол жанкүйерлеріне тарихи жеңіс сыйлады. Жерлестеріміз «Арман­дар театрында» яғни, Old Trafford стадионында «Манчестерді» жеңе алмаса да арманын елордада орындады.

Жыл командасы

Жоғары хоккей лигасының (ЖХЛ) ең үздік командаларының басын қосқан Петров кубогы жолындағы жарыста Қарағандының «Сарыарқасы» сәуір айында топ жарды. Түменнің «Рубиніне» қарсы өткен төрт кездесудің үшеуінде жерлестеріміз басым түскен еді. Бесінші бәсекені сыртта өткізгеніне қарамастан «Сарыарқа» 4:1 есебімен жеңіске жетті. «Сарыарқа» хоккей клубы өзінің осыдан бес жыл бұрынғы нәтижесін қайталап, чемпиондық атаққа екінші мәрте қол жеткізді. Олар 2014 жылы да дәл осы «Рубинді» финалда 4:2 есебімен еңсерген еді. Осындай тартысты матчта жігерлі жеңіске қол жеткізген «Сарыарқа» клубы жыл командасына әбден лайық деп есептейміз.

 Қысқы спорт жеңісі

Олимпиялық спорт түрлерінен сынға түскен спортшыларымыз да біраз табысқа жетті. Атап айтар болсақ, қысқы спорт түрлерінен мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева халықаралық аренада Денис Теннің орнын жоқтатпай, лайықты өнер көрсетіп жүр. Тұрсынбаева Жапонияның Сайтама қаласында өткен әлем чемпионатында әйелдер арасындағы жарыста күміс медаль алды. Денис Теннен кейін мәнерлеп сырғанаудан еліміздің атынан ешкім әлем чемпионатында жүлде алмаған болатын. Енді, міне, тағы бір жаңа жұлдыз пайда болды. Сондай-ақ отандасымыз негізгі бағдарламада 4 айналым сальхов (4S) элементін секіріп, мамандар мен жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Элизабет төрт айналым элемент секірген алғашқы мәнерлеп сырғанаушы әйел ретінде тарихқа есімін жазды.

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қала­сында ақ қар, көк мұз үстінде дүркіреп өткен Олимпия ойындарында еліміздің Ән­ұранын шырқатпаса да ел мерейін асырып, қола жүлдесімен алаш жұртын қуантқан саңлағымыз Юлия Галышева фристайлдың могул түрінен әлем чемпионы атанды. Бұл Қазақстанның қысқы спортындағы 2013 жылдан кейінгі алғашқы алтыны. Осыдан 6 жыл бұрын коньки спортынан Денис Кузин әлем чемпионы атанған еді.

 Жыл оқиғасы

Биыл елімізге бірнеше әлемдік спорт жұлдызы келді. Қазақ жеріне табаны тиген шоқтығы биік жұлдыздардың арасында теннистен ерлер арасында әлемнің бірінші және екінші ракеткасы Рафаль Надаль мен Новак Джоковичті ерекше айтуға болады.

Атақты жұлдыздар қайы­рымды­лық матчын өткізіп, ел­ордада ашылған жаңа теннис орталығының ашылу салтана­тына қатысты. Сондай-ақ Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.

Жыл жүлдегерлері

Биыл бірқатар спорт түрлерінен әлем чемпионаттары өткені белгілі. Өкінішке қарай, дзюдо мен ауыр атлетика спортынан сынға түскен спортшыларымыз елге жалғыз жүлдемен оралды. Дзюдодан Токиода өткен әлем біріншілігінде 60 килодағы Елдос Сметов қола жүлде иеленді. Ал Тайландта өткен ауыр атлетикадан жаһандық додада 55 килода өнер көрсеткен Игорь Сон алтынға сынық сүйем қалғанда сүрініп, күмісті місе тұтты. Сондай-ақ ол жуырда ғана Қатар ашық чемпионатында топ жарды. Осылайша, екі спортшы өз федерацияларын абыройсыздықтан құтқарып қалды. Естеріңізде болса, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының соңғы күнінде марқұм Денис Тен қола медаль алып, бүтін бір елді медальсіз қалудан аман сақтап қалған-ды.

Жыл өкініші

2019 жыл қазақ спортында «әттеген-ай» деген сәттер де аз болған жоқ. Мы­салы, елордада күрес түрлерінен елімізде алғаш рет әлем чемпионаты өтті. 20 жылдан бері әлем біріншілігінің алтын медалына қол жеткізе алмай жүрген білекті балуандарымыз осы жолы намысты қолдан бермей, өз жерімізде өткен дүбірлі додада ел қоржынына алтын жүлде салады деп үміттенген болатынбыз. Өкінішке қарай, грек-рим, еркін, әйелдер күресінен жалпы саны 30 балуанымыз қатысса да, бірде-біреуі алтынға қол жеткізе алмады. Сөйтіп алтынсыз кезеңіміз әрі қарай созыла түсті. Соңғы рет қазақ балуаны күрес түрлерінен әлем чемпионатында алтынды 1999 жылы жеңіп алған.

 Жазаны күшейткен заң қабылданды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар туралы» Заңға қол қойды. Жаңа Заңға сәйкес, спортшыға допинг тағайындаған тұл­ғаларға қатысты әкімшілік жауап­кершілік енгізілген, ол жаза түрінде 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл төлейді.

Сондай-ақ заңда Олимпиада, Пара­лимпиада және Сурдолимпиада ойын­дарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне 10 жыл мерзімге жалға беру үшін тұрғын үй беру, сондай-ақ допинг-тестілерді сақтау мерзімі 10 жыл болуына байланысты осы мерзімге аталған тұрғын үйді иеліктен шығаруға тыйым салу көзделген және егер осы кезеңде сынамаларда допинг анықталмаса, тұрғын үй спортшының меншігіне берілетін болады.