Қоғам • 31 Желтоқсан, 2019

Қоғамның билікке сенімі – тағдыршешті мәселе

802 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында заман талабына сай тиімді мемлекет қалыптастыру мәселесіне басты назар аударылды. Президенттің ұстанымы – Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртуға басымдық беру арқылы экономикалық реформадағы табыстарды қамтамасыз ету. Мұндай даму жолы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы негізінде іске асырылмақ. Оның нәтижесі мемлекет тұрақтылығының кепілі болмақ.

Қоғамның билікке сенімі – тағдыршешті мәселе

Азаматтық қоғам­ның дамуы мемлекетті әлсірету есебі­нен жүргізілмеуі керек. Екеуінің де тер төгіп, белсенді түрде араласатын тұста­ры мен салалары жетіп артылады. Мем­ле­кет­тің қолы жетпей жатқан алуан түр­лі әлеуметтік сала кеңістігі азама­т­тық қоғамның еншісіне тиесілі. Бұған мем­лекеттік органдар тарапынан түсіністік пен қолдау көрсетілген жағдайда, одан екі жақ та ұтпаса, ешбір ұтылмас еді. Қайта азаматтық сектордың белсенділігі есебінен мемлекеттің қолы ұзарар еді. Президент Қ.Тоқаевтың қоғам алдында қойып отырған міндеттеріне тоқталсақ, онда саясат тек билік институттарының жұ­мысы емес, саяси-көпшілік кеңістікке ен­дігі жерде азаматтық қоғамның да то­лық­қанды кірісетін кезеңінің келген­дігін түсінуге болатын сияқты.

Біз демократиялық жаңғыртуға бағыт ұстап, оған басымдық беріп отырмыз. Ендеше азаматтық қоғам неғұр­лым жақсы дамығанда ғана демократия соғұр­лым жетіле түседі деген түсінікті сана­мызға құйып, көкірегімізге ұялата бергеніміз абзал. Расында да, қазір аза­мат­тық қоғам институттарының ықпа­лы мен мемлекеттік істерге араласу­да­ғы үлес салмағы бұрынғыға қар­аған­да ар­тып келеді. Билік органдары өз жұ­мыс­тарында туындаған шие­леніс­тік жағ­дайларды бірлесіп шешу мақ­сатында серіктестіктің әлеуметтік және бас­қару­шылық түрлерін кеңінен қолда­ну­ға мәж­бүр болып отыр. Қоғамдық байла­ныс­­тың дамуына коммуникациялық кеңіс­тіктің кеңеюі, ақпараттық алмасу, ашықтық деңгейінің біршама өсуі ық­пал еткені де түсінікті. Ақпараттық сала желілік сипат алды, билік органдары мен тұрғындар ара­сын­дағы кері байланыстың түрі өз­герді. Ол барынша екіжақты үрдіске ай­на­лып келеді. Бірақ ең бастысы бұл диалог фор­малды түрде ғана кеңейіп қоймай, қа­­жетті және нақты әлеуметтік нәтиже бере­тіндей болуы керек. Сонда ғана ол, жо­­ға­рыда айтылғандай, басқару субъекті­лері­нің қатарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ол үшін мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынаста толық түсі­­ністікке қол жеткізуге талпыну керек. Алайда, ғалымдардың пікірлері бо­йын­ша, ол әзірше мүмкін емес. Мұның басты себептері коммуникациялық үдерістердің шектеулілігінде жатыр. Толық түсіністікке жету үшін мақсатты түрде қоғамдық пікірді қалыптастыру арқылы екі жақтың көзқарастары мен мүдделерін үйлестіре білу керек. Бірақ билік құрылымдары мен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы ақпараттық ал­масу олардың мүдделеріне сай келіп, ой­лағандарынан шыға бермейді. Билі­ктің іс-әрекеттері қоғам тарапынан сәй­ке­сінше қабылданбай жатады. Билік көп жағдайда адамдармен диалогқа бар­ғы­сы келмейді, олармен сөйлесе де алмайды, тіптен сөйлесуден қорқады да. Халыққа қабылданған шешімдердің мәні мен мақсатын түсіндіріп беру қолынан келе бермейді және оның шешімдердің жөнділігі мен қажеттілігіне адамдардың көзін жеткізуге өресі жетпей жатады, олардың сұрақтарына да жауап бере алмайды. Кейде аталған диалогтар саяси сауық, телесайыс сияқты әдеттегі әрекет­терге айналып кетіп жатады. Оның үстіне бұл қарым-қатынастар басқару жүйесінің қатаң бақылауымен жүргізілгендіктен ол формалданып, бюрократияланып, өзінің шығармашылық бастауынан айы­рылады. Азаматтық қоғам іс жүзінде жо­ғарыдан төмен қарай құрылған мем­лекеттік билік жүйесіне кіріктіріле түсу­де. Әуелі манипулятивті технологиялар арқылы әлеуметтің саяси үдеріске қаты­су­шыларға қатысты пікірлерін өзгерту­ге күш салуы адамдар арасындағы конс­трук­тивті қарым-қатынастың қалып­тасуына кедергі болып, олардың арасын­дағы түсіністікке нұқсан келтіреді. Нәти­жесінде, біз әңгіме етіп отырған байла­ныстың орнына түрі жағынан диалог, ал шын мәнінде биліктің монологы пай­да болады. Бұл тәсілдер белгілі бір жағ­дай­ларда ат төбеліндей әлеуметтік топ­тар, мем­лекеттік құрылымдар мен ауқат­ты­лар­дың мүдделерінің көпшіліктің пікірі ретін­де беріліп, еліктеу немесе ал­дауға дейін әкеліп соғуда. Оның үстіне жүр­гізі­ліп жатқан рефор­маларға қарамастан мем­лекет­тік билік өзін «толыққанды», жабық және тұрғындардан мүлдем тәуел­сіз күш ретінде сезіне бастады.

Туындаған тығырықтан шығу­дың жолын екі жақтың мүдделері мен күштерін біртұтас мемлекеттік басқару сатысы шең­берінде және саналы азаматтық ымы­раға келу, жаңа «қоғамдық келісім­шарт» негізінде біріктіруден іздеу керек сияқты. Осы күнге дейін мына бір ақиқатты түсіну қиынға соғып жүр. Оны кезінде Ф.Фукуяманың Кеңес өкі­меті жайлы айтқан мына сөздерімен жет­кізіп көрейін: «КСРО жағымсыз сезім­дерді біл­діретін заңды жолдың болмауы­нан зар­дап шекті. Сондықтан олар қор­да­ла­­нып жинала берді». Сол заңды те­тік қазіргі заманғы коммуникативтік кеңістік емес пе екен? Осы арқылы ғана аза­мат­тардың биліктің жұмысына қоғам­дық ба­қылау ұйымдастыру арқылы олардың қоғам­дық өмірге белсенді араласуын ынта­ландыруға болар еді. Тиімді саяси диалог орнатудың негізінде ғана қоғамның мемлекетке, билікке деген сенімін қалпына келтіруге болады. Бұл – өте маңызды мәселе. Оны тіптен тағдыршешті деуге де тұрарлық. Қоғам мен билік арасындағы диалог XXI ғасырдың жаңа парадигмасы. Сондықтан философ ғалымдар мен мәдениеттанушылар бүгінде адамзатқа диалог әмірінде болуды жазып отыр, яғни диалог өмірлік қажеттілік, оған баруға мәжбүрміз деген пайымдаулар айтуда.

Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірін жаң­ғырту, оны демократияландыру, тиім­ді мемлекет құру, әлеуметтік жаңғыр­ту­дың жаңа кезеңі бәрібір әділетті­лі­к мәселесіне келіп тіреледі. Өйткені Ежел­гі Гре­кияның ақыны Пиндар «Мем­лекет­­­тің мызғымас негізі – әділетті­лік» екен­дігіне көңіл аударған. Қоғамның дамуы­на кесірін тигізіп, мемлекеттің негі­зін шаятын қауіп-қатерлер туралы ита­лия­лық суретші, ғалым, жазушы Леонар­до да Винчи «Жамандықты жаза­лама­ған адам оның жасалуына жәрдем­десе­ді» десе, Рим философы, ақын және мем­лекет қайраткері Луций Анней Сене­ка «Қылмыстыларды аяған адал адам­дарға зиян келтіреді», деген екен. Өмір­де кезде­сетін бұл құбылыстар әділет­тілік­тің ауылын алыстатып, керісін­ше, әділетсіз­дікті одан бетер ушықтыруы әбден мүмкін.

Сондықтан Қ.Тоқаев саяси жүйе­нің тұрақ­ты­лығының негізін «Күшті Прези­дент – ықпал­ды Парламент – есеп беретін Үкімет» фор­муласынан көріп отыр. Алда тұрған межеге жетуіміз­дің шарт­­тарының бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасын іске асыру болмақ. Мұның жоғарыда Прези­дент көрсе­тіп отырған форму­ланың үш элементіне де тікелей қаты­сы бар. Дегенмен оның үшін­ші­сіне – Үкіметке қатысы басымы­рақ па деймін. Өйткені ол ал­дыңғы екеуіне де есеп береді, жауап­ты. Ал есеп беру үшін Үкі­мет елдегі жағ­­дайды өз көзімен көрген, өз құла­ғы­мен естіп, есебін ал­ған жер­гілікті және ор­талық атқа­рушы органдардың мәлімет­тері­не жү­гінуге мәжбүр. Яғни, бұл кері бай­ланыссыз мүмкін емес деген сөз.

Бұл қалыптасып, көптен бері қолданылып келе жатқан жүйе болғанымен де, тиімсіз болып тұр. Өйткені онда, өкінішке қарай, макрокөрсеткіштер, абсолюттік сан­дық деректер мен субъективтік сипат жиі кездесіп отырады. Онда нақты нәти­же­лер мен сапалық көрсеткіштер ес­ке­ріл­мейді. Сондықтан жаһандық заман­да мұның аздық ететіндігін, тіптен жара­май­тындығын Мемлекет басшысы жақсы біліп отыр. Бізді ең алдымен ондай көрсеткіштердің қоғамдық пікірмен жанаспай, оған кереғар болып жатуының себебі мен қоғамдық-саяси салдарлары алаңдатуы керек сияқты. Оның ендігі жерде билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға, оны белсендіруге көңіл бөліп, халықпен тиімді, нақты нәтижеге бағдарланған кері байланыс орнатуды мақсат етіп қоюға тікелей байланысты болып отырғандығы да осыдан. Сондықтан Қ.Тоқаев: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады», дейді. Құр айтып қоймай, ол осы бағытта жұ­мыс­ты қалай істеу керектігінің заманауи үлгісін көрсетіп те жүр. Қоғам назарына ілінген оқиғаларға жедел түрде көңіл аударып, өз ойын білдіріп, көзқарасын айтып, тиісті тапсырмалар беріп, мұндай жағдайда қоғам тарапынан «алтын сағат» ережесіне сәйкес ерекше дегбірсіздікпен күтіле­тін уақыт ішінде қоғамдық пікірге оң ықпал ету бағытындағы қадам­дарын жасап үлгеруде. Сындарлы қоғам­дық диа­лог дегеніміз, міне, осы болар. Қазақ­станның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі осындай қадамдардан басталып, қаланатын болар, сірә. Бұл – екі жақты үдеріс. Оның тиімді үрдіске айналуы тағы да осы билік пен азаматтық қоғамның еншісінде, бір-біріне қарай жасаған өзара тиімді және халық үшін, Отанымыз үшін, оның болашағы үшін жасалған тиімді де нәтижелі қадамдарға, олардың ізгі ниеттеріне тікелей байланыс­ты болмақ.

Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйе­сінде есту арқылы есте сақтау қабі­леті­нің өте ерекше дамуына мән беріледі. Сондықтан баланың «құлағы түрік болсын» деп ырымдап, ет асқанда қой­дың құлағын балаға берген. Осылай баланы жастайынан әр нәрседен хабардар болып жүруге тәрбиелеп, оның енжарлық, нем­құрайдылық пен марғаулықтан аулақ болуына ниет білдіріп, үміт артып отыр­ған. Ал құлақтың қызарып, қызға­нында қазақта біреулер мені сырттай сөз қылып жатыр деген жору жиі кездеседі. Сол сияқты құлақ асты, құлағы елең етті, құлағын түрді, құлағына кірді, құлағына кірмеді, құлағынан ағып кетті, ақпа құлақ деген түсініктер де бар. Әлеуметтік орта­да құ­лаққа жылы тиді, құлағына жақ­ты, құ­ла­ғына түрпідей тиді, құлақ етін жеді, құ­лағы тыныш, құлағы шалды, құлақ қағыс ету, құлағы тас бітіп қалды, ес­тір құ­лаққа ұят, құлағы үйренді, ұзын құ­лақ, құй­ма құлақ сияқты ұғымдар да бар­шы­лық. 

Ендеше Жаратушы бізді құлағына сөз кір­­мейтін, ол құлағынан ағып кететін ақпа құ­лақ­тардан, құлақтары тас бітіп қалған тас кереңдерден, халықтың сөзін естігісі кел­мей тек өз құлағының тыныштығын ой­лай­­тын­­дардан сақтағай. Оның орнына елдің мұқ­­та­жына құлақ асқан, құлағы елең­­деп, со­ған құлағын түре жүретін құй­ма құ­­лақ­­тарды көп қылсын. Қоғамда шеші­­мін таба алмай жатқан, халықтың жанына ба­­­та­­тын нәрселерді түсініп, қабыл­дай­тын, ес­ті­генін көкейіне түйіп, соны құлақ­­қа­ғыс етіп мәселе ретінде көтеріп, оның ше­ші­мін іздеп жүретін­дердің қатары өссін дейік.

Маған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы баланың «құлағы түрік болсын» деп ырымдап, балаға қойдың құлағын бер­генді елестетеді. Ол – жақсы ырым. Ең болмаса өз халқына қызмет істеймін дей­тін келер жас буын құлақ жеп, сай­дың тасындай болып өссін, халқына жа­қын болсын, халқының тілеуін тілеп, Қазақ мемлекеттілігін мәңгілік етсін деген үмітіміз бар! Бәлкім, сонда ғана XI ғасыр­дағы ақын, ойшыл, ғалым және мемлекет қайраткері Жүсіп Баласағұн айтқан мемлекет қайраткерлері дүниеге келер:

Қалың елдің қарапайым жүрегі,

Соны білсең, сияпатың жүреді...

Жай халықсыз болмайды іс те, ештеме  –

Жайлап сөйлес, жөнсіз билеп төстеме.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы