Қоғам • 31 Желтоқсан, 2019

Қылмыстық жауапкершіліктің жүгі артады

741 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қасақана қылмыстардың жекелеген түрлері үшін жауапкершілік күшейеді. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов пен Мәжіліс депутаты Қанат Мусин мәлімдеді.

Қылмыстық жауапкершіліктің жүгі артады

Спикерлер еліміздегі қылмыстық ахуал, сондай-ақ қылмыс­тық, Қылмыстық-процессуалдық заңнаманы жетілдіру бо­йынша Қазақстан Заңының негізгі новеллалары және адам құқықтарын қорғауды күшейту жұмыстары туралы айтты.

– Бүгін қылмыстық заңнаманы жетілдіру және адам құқықтарын күшейту бойынша заң туралы айтатын боламыз. Заңға Президент қол қойды. Оның бас­ты бағыты – екеу. Қылмыстық процесті әрі қарай жетілдіру және жекелеген қылмыстарға жауаптылықты күшейту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыс үшін жаза бұлтартпастығы бойынша бірқатар мәселе көтерді. Жолдауында және басқа да тапсырмаларында осыған баса назар аударды, – деді М.Ахметжанов.

Оның айтуынша, 2014 жылы елімізде жаңа қылмыстық-процестік кодекстер қабылданған болатын. Содан бергі өткен бес жылда ірі өзгерістер орын алды. Жалпы, қылмыстық сала қос векторлы бағытта дамып келеді. Қоғамға қаупі аз қылмыстар бойынша жауаптылық қаталдығы жұмсарып, экономикалық қылмыстар ізгіленуде. Ал ауыр қылмыстар үшін жаза күшейе түседі.

– Қабылданған шаралар қылмыстық ахуалды нашарлатқан жоқ. Керісінше, олардың саны азайып келеді. Өткен жылға қарағанды биыл қылмыс 16%-ға кеміді. Қылмыстың көлемін көрсететін басты көрсеткіштің бірі – адам өлтіру. Оның деңгейі былтырға қарағанда 11%-ға азайды. Жалпы, кейінгі 20 жылда бұл көрсеткіш үш есеге дейін кеміді. Мәселен, 1997 жылы 2581 қылмыстық іс тіркелсе, биыл ол 842-ні құрады. Сонымен қатар биыл қылмыстың басты көрсеткіштері төмен­дегені байқалады. Ұрлық – 23%-ға, тонау – 22%-ға, қарақшылық – 21%-ға, бұ­за­қылық – 27%-ға азайды, – деді М.Ахмет­жанов.  

Спикер кейінгі жылдары қыл­мыстық про­­цестің жаңғыртылғаны, жарыспалы­­лықтың жоғарылағаны, оның барлық қаты­су­шыларының құқықтарын қорғау күшей­тілгені туралы сөз етті. Жазалардың баламалы түрлерін қолдану аясы кеңейтілді.

Бас бостандығын шектеу мен айыппұлдар мыңнан астам санкцияларға (658-ден 1086-ға дейін) балама ретінде енгізілді. Осы күнгі сотталып жатқандар саны 25% болса, 2000 жылдары ол – 50%-дан астам болатын (2000 жылы – 51,3%; 2006 жылы – 49,3%, 2013 жылы – 38%). Нәтижесінде 28 жылда қамаудағылар саны 70 мыңға қысқарып, 12 түрме жабылды. Түрмеде отырғандардың индексі бойынша еліміз Израиль, Сингапур, Аустралия және Еуроодақтың бірқатар елдерін басып, 100-ші орында (100 мың адамға шаққанда 156 сотталған) тұрақтаған.

М.Ахметжанов қылмыстық құқық бұ­зушылықтар санының азаюына қара­мастан, құқық қорғау органдары ауыр және аса ауыр қылмыстармен күресті жалғас­тырып келе жатқанын атап өтті. «Кісі өл­тірушілерге, педофилдерге, экс­тре­мис­терге, тұрмыстық садистерге, есірт­кі сату­шыларға және ұйымдасқан қыл­мыс­қа еш­қандай жеңілдік болмауы тиіс», деді Бас прокурордың орынбасары.

Сондай-ақ спикер Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша енгізілген қылмыстық заңнамадағы жаңалықтар туралы хабардар етті. Ел Президенті биыл 28 желтоқсанда қол қойған жаңа Заңда мал ұрлығы мәселесі ескерілген екен. Қазақстан Конституциясының 188-1-бабы мал ұрлығы үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айырудың ең ұзақ мерзімін көздейді.

Үй-жайға, қоймаға немесе көлік құралына баса-көктеп кірумен жасалған ұрлық, тонау және қарақшылық үшін жауапкершілік күшейеді. Аталған қылмыс түрлері бұдан былай ауыр қылмыстар қатарына ауыстырылып, қайталанған қылмыстар үшін татуласу мәселесі қарастырылмайды.

Зорлау және нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері де орташадан ауыр қылмыс санатына ауыстырылды. Сондай-ақ жас балаға қатысты зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері үшін (Қазақстан Конституциясының 120-бабының 4-бөлігі, 121-бабы) 20 жылға  немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға жауаптылығы көзделуде. Жас балаларды өлтіргені үшін де осындай жаза қарастырылған. Бұдан бөлек, педофилия фактілерін хабар­ламағаны, жасырғаны және бұрмалағаны үшін жазаның ең жоғары мерзімі ретін­де сотталушы 6 жылға дейін бас бостан­дығынан айырылады.

Заңсыз аң аулау (Қазақстан Конститу­циясының 335-бабы) және заңсыз балық аулау (Қазақстан Конституциясының 337-бабы) теріс қылықтан ауырлығы орташа қылмыстар санатына ауыстырылды. Осындай фактілер үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 10 млн теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.

Қорықтардағы балықтардың сирек кездесетін түрлеріне және Қызыл кітапқа енгізілген жануарларға қатысты осы әрекеттері бойынша жазаланушы 6 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айырылады. Ал қылмыстық топтың құрамында немесе аса ірі мөлшерде зиян келтірген болса 10 жылға дейін қамауға алынады. Браконьерлердің қылмыс, көлік құралдары және мүлкі міндетті түрде тәркіленеді.

Көлікті мас күйінде айдап, жол қауіп­сіздік ережелерін бұзғандарды бұдан былай 7 жылдан 10 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру арқылы жазалау көзделуде.

Ендігі бірқатар түзетулер есірткі қылмыстары үшін жауапкершілікті қатаң­датуға бағытталған. Есірткіні насихат­тағандар мен жарнамалағандар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Есірткінің заңсыз айналымы үшін жауаптылықты көздейтін баптарда және есірткіні пайдалануға көндіргені үшін «электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану» және «қоғамдық орындарда» деген жаңа саралау белгілері енгізілді.

Бұдан былай, интернетте, түнгі клубтарда, дәмханаларда, парктерде есірткі айналымына жол салғандар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, кәмелетке толмағандарға осындай тәсілмен есірткі сатушылар өмір бойы бас бостандығынан айырылатын болады.