Руханият • 31 Желтоқсан, 2019

Құрманғазы оркестрі қарттар үйінде концерт қойды

510 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Жаңа жыл қарсаңында Алматыдағы қалалық қарттар үйінде концерт қойды.  Қариялар өздері үшін дайындалған тосынсыйға балаша қуанып, өнерпаздарға өз ризашылықтарын жаудырған. Бұл туралы оркестрдің баспасөз қызметі хабарлады. 

Құрманғазы оркестрі қарттар үйінде концерт қойды

Өнер ұжымы күллі әлем халқы асыға күтетін ерекше мейрам алдында қарттар үйіндегі қарияларды құттықтап қана қоймай, олар үшін арнайы кеш ұйымдастыруды ұйғарған.

«Құрманғазы оркестрі жаңа жыл қарсаңында Алматыдағы қалалық қарттар үйінде концерт қойды. Арнайы ұйымдастырылған мерекелік шарадан соң қариялар ерекше қуанышқа бөленіп, алғыстарын жаудырды. Қазыналы қарттарымыз аман болсын», - дейді ұйымдастырушылар.

Бұл концертте Құрманғазы оркестрі қазаққа белгілі Тәттімбет, Дәулеткерей, Ықылас сынды күйшілер мен шетелдік композиторлардың танымал шығармаларын орындаған.

Алматы қаласындағы Мамыр ауданында орналасқан Қарттар үйінің жауапты мамандары оркестр ұжымына барша ардагерлер атынан рахмет айтып, алғыс хат табыстады.

Жақында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Өзбекстанда өнер көрсеткен еді. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Өзбекстандағы Қазақстан жылының жабылуына арналған Гала-концертке» Құрманғазы оркестрімен бірге өзге де отандық өнер ұжымдары мен танымал әншілер қатысты.