31 Шілде, 2013

Канададан... соғым келеді

371 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенгің келмесе де амал не, сенуге көнесің. Ғасырлар бойғы дәстүрлі тағамымыз түрлерін жаппай дайындау, ежелден қасиетті азығымызды өндіруді иелену енді шетелдіктер еншісіне көшіпті. Қымыздан бас­тап құрт, жентке дейін. Бірер күн татылмаса түске кіретін әйгілі қазы-қарта, жал-жая да алыстан әкелінетін болыпты. Ашып айтқанда, апыр-ау, мынау біздің байырғы асыл асымыз ғой дейтін ештеңе қалмай барады екен. Ай-күннің аман-сауында бәрінен айырылып отырғанымызға не жорық?..

Пәленбай тонна ет, пәленбай тонна сүт өндіреді делінетін шаруашылықтардың өнімдері қайда? Әлде бәсекелесе алмай ма? Немесе өзгенің жылтырағына әуестік жеңіп жүр ме? Әйтеуір, бұл сырдың басы-қасындағылар болмаса басқаларымызға түсіну қиын.

Ал түсіну тіпті қиындай түсуі тағы бар. Кеше әлемдік ғаламтор хабарлары ішінен жылқы етін Канадада өндіретіні, бір бөлігін қайда дейсіз ғой, бізге, Қазақстанға жөнелтуі мәлім болып қалды. Сиыр еті Аргентинадан, қой еті Моңғолиядан тасылуын естуші едік. Жылқы еті де алыстан әкеліне бастауына жетіппіз. Шүкір, қинап бара жатқан қысылшаң жағдай жоқ сияқты еді, мұншалықты кіріптарлыққа неге кірдік. Түсініп көріңіз.

Сонда ол даламызда еркін жайылып, шөбін таңдап жеп, суын талғап ішіп, еті шипа болатын жылқымызға тең келсе бір сәрі ғой, жегуден қалжыраған, мінуден шаршаған, қорегі талғамсыз, дәмі нәрсіз, «жеп еті, ішіп сорпасы жоқ», мұны да былай қойғанда, денсаулыққа зиянды әсері бар мал еті болуы мүмкіндігі туралы жай қалай білінбеуі тағы түсініксіз.

Қазақ мұндай жылқының етін ешқашан кәдеге жаратпаған. Сол білініп тұрған өзгенің қалдығы еріксіз тықпаланғаны не жөн! «Жолдағы құйрықтан қолдағы өкпе артық» делінген емес пе еді! Өзіміздікі жақсы еді ғой.

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ҚАРАҒАНДЫ.