Аймақтар • 31 Желтоқсан, 2019

Құтқарушыларға кәсіби кешен ұсынылды

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетау техникалық институты өрт сөндіру мамандарын әзірлеудің аса маңызды тәжірибелік құралы қызу-түтін камерасымен жабдықталды. Өңірлік төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшылары және сала ардагерлері жаңа құрылғыны сынақтан өткізді.   

Құтқарушыларға кәсіби кешен ұсынылды

Қызу-түтін камерасы өрт сөндіру мамандарын әзірлеуде аса қажетті құрылғы. Ол шынайы өрт жағдайына барынша жақындатылған орта қалыптастырады. Яғни, курсанттар тыныс алу мүмкіндігі күрделенген, температурасы аса жоғары ортада шеберліктерін шыңдайды.

Стационарлы қызу-түтін камерасы болашақ құтқарушыларды  эстремальді ортада әрекет етуге бейімдейді. Құрылғы курсанттарды әралуан кедергілер арқылы сынайды. Мұнда лабиринт жолын алмастыруға, кеңістікті түтінмен толтыруға, құрылыс нысандарының қирау жағдайын сомдауға мүмкіндік бар. Кешен құны 75 миллион теңгеден астам. Қаржы Төтенше жағдайлар комитетінен бөлініпті.  

–Бұл құрылғы біздің курсанттардың кәсіби дайындығын арттырады деген сенімдемін. түлектеріміз аудандар мен қалаларға өрт сөндіру тәжірибесі мол мамандар ретінде аттанады. бұл төтенше жағдай қызметі үшін аса маңызды, дейді Көкшетау техникалық институтының бастығы Сырым Шәріпханов

Институт қабырғасында 572 курсант кәсіби білім игеруде, сырттай оқу бөлімінде 300-ге тарта маман даярланды. Бұдан бөлек 4 аумақтық оқу орталықтарында 300 курсант төтенше жағдайлармен күрес тәсілдерін меңгеруде. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл департаменті басшылары жаңа құрылғының іске қосылуымен құттықтап, құтқарушылар қызметіндегі кәсіби шеберліктің маңызына тоқталды.

–Бұл қызу-түтін камерасы курсанттарға шынайы жағдайларда өздерінің кәсіби біліктілігін шыңдауға мүмкіндік береді. Кешен Көкшетау техникалық институтының оқу-тәжірибелік қызметіне жаңа серпін береді. Мұндай құрылғы арқылы сыннан өткен курсанттар әрдайым жоғары шеберлік деңгейін танытады деп білемін, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы Алексей Советов. 

Кешеннің ашылуы Көкшетау техникалық институты үшін үлкен қуаныш. Алдағы уақытта қызу-түтін камерасы арқылы курсанттар адамдарға араша түсудің кәсіби ерекшеліктерін меңгеретін болады.