Фарида ШАРИПОВА, Кеңес Одағыны, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты:
ӘЗЕКЕҢ ӘЛЕМІ - ӘЗ ӘЛЕМ
27 наурыз – халықаралық Театр күні. Бұл кәсіби мерекені биыл еліміздің театр жұртшылығы көрнекті режиссер, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовсіз қарсы алғалы отыр. Осы бір үлкен тұлғаның қазақ руханияты мен мәдениетін, театр өнерін өркендетудегі рөлі мен маңызын жаңаша зерделеу мен зерттеу енді басталары хақ. Өйткені, Мәмбетовтің замандастары, әріптестері, көрермендері ортамызда. Біз театр мерекесі қарсаңында Кеңес Одағының және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, “Парасат” орденінің иегері Фарида ШӘРІПОВАҒА жолығып, актрисаны әңгімеге тартқанбыз.
Махаббатты неғұрлым көрсетпейін десең, соғұрлым жарқырап көрінеді екен
– Фарида апай, сізді және бүкіл театр жұртшылығын төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Сіз және сіздің буын “атақты 60-шы жылғылардың” көркем көшін құрайсыздар. Көшбастарларыңыз, әрине, көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетов екені әбден мойындалған шындық. Сізді “Мәмбетовтің актрисасы” деп атайды. Бұл орынды да. Өйткені, сіздің өнернамаңызда Әзірбайжан Мәмбетов қойған спектакльдердің орны ерекше екені мәлім. Және дарынды режиссердің шығармашылық жолы, ол қойған, сіздер жан беріп-жан алып дегендей, ойнаған спектакльдер туралы бүгінгі күн биігінен зерделеу бір басқа. Сондықтан да, өзіңізбен, негізінен Әзірбайжан Мәдиұлы туралы әңгіме қозғасақ деп едік. Алғашқы сауал - режиссермен алғаш қалай кездестіңіз? Ол кісі сізге бірден сенім білдіріп, үлкен рөлдер ұсынды ма?
– Барша әріптестерімді, ұжымымды Театр күні мерекесімен мен де құттықтаймын. Театр – ұжымдық өнер және ерекше өнер, парасатты өнер. Беріден айтсақ, қазақ, ал әріден қайырар болсақ, әлемдік театр өнерінде Әзірбайжан Мәмбетов қалдырған із сайрап жатыр. Соны айқындап, жүйелеп, жалқыдан жалпыға ұластыратын күн енді келеді деп ойлаймын. Әзірбайжан Мәдиұлының мен үшін, біздің буын үшін орны өте бөлек. Қазір ойлап қарасам, осындай тұлғамен қызметтес, серіктес болғанымыз да бір бақытымыз екен.
Әзірбайжан Мәдиұлын алғаш рет студент кезімде көрдім. Ол кісі М.Әуезов театрында Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтірік бөрік астында” комедиясын қойды. Ондағы басты кейіпкерлердің бірі Жәмиланы Зәмзәгүл Шәріпова ойнайтын. Мені келесі құрамға қосты. Өз әлімше, көргенімді қайталап орындап жүрдім. Консерваторияның театр факультетін бітірген жылы театрда орын болмады ма, мені Гурьев облыстық театрына (қазіргі Атырау облыстық театры) бөлді. “Гурьевке барғанша, Қытайға қайтамын” деп шешкенмін. Сөйтіп жүргенімде, театрдың сол кездегі бас режиссері М.И.Гольдблат мені Мәдениет министрлігіне ертіп апарып, 50 сомға көмекші құрамға алды (театрда ең төменгі жалақы 65 сом болатын). Театрдағы алғашқы дебютім Әзірбайжан Мәмбетов қойған “Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы” Баян бейнесі. Оған қол ұшын берген – Нұрмұхан аға Жантөрин.
Өзі Қодарды ойнап жүріп, мені осы спектакльге тартты. Жас кезім, тәжірибем жоқ, қазақ көрермені, әсіресе, сол кездегі көрермен, көз жасыңды төгіп, егіле ойнамасаң қабылдамайтын сияқты көрінетін. Күндізгі репетицияда ағыл-тегіл жылап ойнадым, бірақ, кешкі спектакльде олай шықпады. Нұрмұхан аға: “Кешке жақсырақ болды. Бәрін ішіне жинаған, тістеніп тұрған батыр қызды ойнадың” деді. Ал Әзекеңнің маған деген сенімі сол репетициядан бастау алған болуы керек.
– “Ол жай ғана өлген жоқ, жаңа өмірдің белгісі болды” деп жазыпты сіздің Баяныңызды көрген бір сыншы...
– Студент кезімізде спектакльден үзінді алғанбыз. Маған Мақпал рөлін берген. “Енді мен өмір-бақи кемпірлерді ойнаймын ба?” деп мұңаямын. “Ой, опасыз-ау, Баянның рөлінде не бар? Мақпал мықты бейне емес пе?” дейді бізге актерлік шеберліктен сабақ берген курс жетекшісі, ұстазымыз Асқар Тоқпановтың ассистенті болған Нұрмұхан аға. Шынында да, Мақпалдай трагедиялық рөл жоқ екен ғой. Заманға қарғыс айтып ойнадым. Кейін, театр сахнасында “Қос анам!..” деп барғанда Рахия апай да (Қойшыбаева), Сәбира апай (Майқанова) да дір-дір етіп жылап тұрды. Сол кезде дәл сол апайлардай шынайы болсам екен деп армандадым. 1960 жылы Әзірбайжан Мәдиұлы “Беу, қыздар-ай!” спектаклін қойды. Күлдіргі қойылым, жастар өмірі. Өз стихиямыз, онша қиындық тудырған жоқ, сондықтан да онда ештеңе тындыра қойдық дей алмаймын. 1963 жылы режиссер А.Мадиевский “Жәмиланы” алды. Ол өзі бір әдемі рөл ғой. Актерлік талантыңды көрсету үшін жақсы мүмкіндік беретін рөл. Премьераға Ш.Айтматов келіп, “Жәмиласымен” бірінші рет сахнада табысты. Ризалығында шек болмады. Ол Ыдырыс екеуміздің арамызда іңкәрлік пайда болған кез. Сахнада сезімімді көрсетпеуге тырысамын. Сөйтсем, махаббатты неғұрлым жасырын ұстасаң, соғұрлым жарқырап көрінеді екен.
– Кімнің көңілі бірінші құлады: сіздің бе, Ыдырыс ағаның ба?
– Менің шығар. Ол ойнаған Фархад біз үшін ғажайып болды. Ыдекеңдер спектакльден қайтып бара жатқанда соңдарынан еріп жүретінбіз. Бірақ, осы кісіге ғашық боламын, тұрмысқа шығамын деп ойлаған жоқпын.
– Дәл сол жылдары Ыдырыс ағамен “Абай” спектаклінде де қатар ойнаған едіңіз...
– Иә, Ажарды мүсіндедім. Сол кезде Әзекең “Абайдың” бағдарлама-қағазына: “Желаю высших трагических ролей” деп жазып берген. Бір қызық айтайын, Ыдырыс “Абаймен” Мәскеуге кеткенде, мені Нұрғиса ағаның (Тілендиев) үйіне қалдырған. Екеуі аталас туыс қой. “Сол кезде Нұрғиса аға Ыдырыс екеумізге арнап “Ардағым” деген ән жазып берді. Сөзі ақын Мұзафар Әлімбаевтікі: “Қарсы аламын, жан самалым, Аңсағаным, арманым. Сертім бекем, келсең екен, Көрсем екен, ардағым” деп келеді. Ыдырыс гастрөлден келгенде Нұрғиса аға екеуміз осы әнді айтып қарсы алғанбыз.
Театрдың алдында “жедел жәрдем” тұратын
– Ыдырыс Ноғайбаев үшін Қалибек Қуанышбаев мүсіндеген “Абай” қандай алынбастай қамал болса, сіз үшін Сәбира Майқановамен бірге ойнап, бәсекелестікке түскен “Ана – Жер-ана” сондай сын болған сияқты.
– Театрға келгеніме үш-төрт жылдың айналасы, енді ғана Жәмила, Рахимаш рөлдерін (З.Шашкин, “Замана осылай басталды”) алып жүрген кезім. “Ана-Жер-анада” Әлиманнан “дәметіп” жүргенімде Әзекең Толғанайды ойнайсың деді. “Ойнамаймын, мен неге кемпір болуым керек, дайын емеспін” деп туладым. Жылап-сықтап, тіпті ауырып қалдым. Бір жұмадай театрға баспай қойдым. 55 беттік пьесаның 35-40 беті Толғанайдың монологы. Үйде жатып алып, уайымдағаным сонша, бас алмай оқи беріппін. Сонда жаттап алған болуым керек, бірден мизансценаға шығып кеттік. Спектакль бір айдың ішінде дайын болды. Әзекеңнің көрегендігі сонда болуы керек, Сәбира апа екеумізден екі түрлі бейне жасады. Ескі көзқараспен қараса, “Ана–Жер-анада” Сәбира апайды әбден ойнатып, бір жылдан кейін мені шығарса болар еді ғой. Ал 1964 жылы Толғанай болып 7 ақпанда Сәбира апай, 8 ақпанда мен сахнаға шықтық. Мұның бір жауабын Әзекеңнің осы спектакльге байланысты бір сұхбатынан тапқандай болдым. “Я хотел видеть неувядаемую молодость” дейді режиссер. Қойылымға Ш.Айтматов келеді дегенде қорыққаным-ай... Сахнаға шығып келе жатырмын, сүйенген таяғым дір-дір етеді... Еліне барғанда, қырғыздар “қалай болды” деп сұраса, “Кішкене ғана келіншек (жап-жас әйел дегені ғой) ғажап ойнады” деп айтып барыпты. Содан мені қырғыздар “кішкене келіншек” деп атап кетті. Белгілі журналист Ф.Бегенбаеваның бір бағдарламасында Ш.Айтматов: “Мен Шәріпованың рөлін көрген сайын ильхам аламын. Ол ұлы актриса” дейді.
– Сәбира апай сізді қалай қабылдады?
– Мұрнымыздан шаншылып жұмыс істедік қой, сөйлесуге де мұршамыз болған жоқ. Сол еңбектің өтеуі шығар, қойылым кезінде халық театрға сыймай кететін. Спектакльден кейін талып қалған адамдар болды. Қойылымнан кейін халық сахнаға сұранып шығып, жылап тұрып сөз сөйлейтін. Театрдың алдында “жедел жәрдем” көлігі тұратын. “Ана – Жер-ананың” дүр сілкіндіріп, театрды көтеріп жібергені рас. Біздің театр Мәскеудегі Кіші театр, Вахтангов театры, Грузияның Марджанишвили театры сияқты ірі өнер ордаларымен иық тірестірді. 1966 жылы Мәскеуге бардық. В.Сечин деген сыншы: “Добржанскаяның ұстамдылығы мен Майқанованың эмоциясын қабылдай отырып, өзінше ойнады. Ф.Шәріповадан Ермолованың трагедиялық талантын көрдім” деп жазды. “Фарида сараң бәйбішенің сыңар қолымен құрт сыққандай, эмоциясын там-тұмдап береді” деп жазды М.Байсеркенов.
– Әзекеңнің өзі де жастайынан корифейлермен жұмыс істеді. Оларды өз дегеніне қалай көндірді?
– Аға-апаларымызды Әзекең сендіре білді. Серағаң маған: “Жарайсың, Фрүй! Фаридай, фрүй, фәр-фрүй” дейтін. Бұл не деген сөз десем, “Сен сахнаға шыққанда оттай лаулап, жанып кетесің” дейтін. Сәбира апай Әзекеңді “Әзик” дейтін және... “Шекспир” дейтін. “Абайды” қойғанда Қаллеки залда отыратын. Ыдырыс репетицияға гүлді-гүлді көйлекпен шығады ғой. Бір күні Қалибек аға Абайды ойнағанда киген шапанын әкеліп, Ыдырыстың иығына жапты. Ақсақалдарымыз шынында да ұлы еді ғой біздің.
– Өнер жолының теп-тегіс болуы мүмкін емес, Әзекең актер ойынына көңілі толмаса не дейтін еді?
– “Вьетнам жұлдызы” спектаклін дайындауға кіріскенімізде қатты бір ренжігені бар. “Ана –Жер-анадан” кейін дүрілдеп тұрған, Мәскеу мойындаған актрисамын ғой. Пьесаны оқысам, қарапайым ғана. Дайындық басталып кетті. Жұрттың мәтіні дайын емес. Мен түгелдей жаттап алғам, вьетнамша әнімді айтып, билеп, жылап жүрмін. Бір күні Әзекең өзгелерге мәтін жағынан ескертпелерін айтты да: “Міне, біздің трафаретная героиня, бәрі дайын!” деді. Түк түсінгенім жоқ. Не дерімді білмей, отырып қалдым. “Жүрегім ауырып тұр, ертең репетицияға келе алмайтын шығармын” дедім. “Өзің біл” деді. Мақтаулардан кейін көтере алмадым ба, білмеймін. Әзекең өзіне қандай талапшыл болса, жұртқа да солай қарайтын. Түнімен ұйықтағаным жоқ. Таңертең ерте жиналып, репетицияға бардым. Ләм деместен дайындыққа кірісіп кеттік. Ішімде айтылмайтын трагедия жатқаны сезілгендей болды. Қатердің үстінде жүрген адамның риясыз күлуі мүмкін емес. Бір түнде кешкен жан азабым соны түсінуге көмектесті. Менің түйгенім – заманауи пьесаны классика сияқты ойнау керек. Сөздері жұтаң болғандықтан, сөз арасындағы өмірді көрсету қажет. Осы оқиға маған үлкен сабақ болды.
– Көп ұзамай, тағы бір аңызға айналған спектакль – “Қара Қыпшақ Қобыланды” қойылды ғой?
– Әзекеңнің мықтылығы – репетицияның барлығын Шолпан апай мен Хадиша апайға берді. Торғын екеуміз бір айдай залда отырдық. Тек жақындағанда “Қайталаушы болма. Өткірлеу жаса” деді. Ыза болып билейтін би қойылды (кейін оны алып тастады). Жырық көйлек киетінмін. Қарлыға өз ортасына көңілі толмайтын қыз ғой, наразылығын көрсету керек. “Хан көке, тыңда, хан көке! Қасиеті асқан ел алады, Қылығы асқан қыз алады. Қасиет, қылық білмеген, Қызталақтар нені алады?”. Осындай сөзді кім айтады? Жасқаншақ қыз айтпайды. Сосын маған орыстың белгілі актрисасы Юлия Борисова көмектесті. Қалай дейсіз ғой? “Идиот” фильміне дубляж жасап жүргенде ол ойнаған Настасья Филипповнаның “Вы – князь?..” деп күлетінін көргенім бар. Маған сұмдық ұнады. Әзекеңе “күліп көрейінші” дедім. “Күл” деді. Содан рөлдің кілті табылды да кетті.
– Өнертанушы И.Шостактың “Режиссер Мамбетов” деген кітабында сіздің рөлдеріңізге де көп талдау жасалған. “Ф.Шәріпованың Қарлығасы Қобыландыны көріп, соған ғашық болғаннан өзгеріп кеткен қыз емес” дейді бір тұста ол...
– И.Шостак, меніңше, рөлдің тінін дұрыс ұстаған. Шындығында да, Қарлыға, жоғарыда айтқанымдай, өзінің әлеуметтік ортасына көңілі толмайтын, әділдікті, тазалықты іздейтін қыз. Қобыландыны адалдығы үшін сүйді. Ал Отаны алдындағы кінәсін сезінгендіктен, өзін-өзі жазалады. Қобыланды: “Не тілейсің сен менен?” деп сұрайды. “Еркіңді алар мен емес, Жалғыз тілек етейін... Сен мұратқа жеткенше, Қай қамалы тұрса да, Ашуменен сермелген, Ақ найзаның ұшы боп, Алдыңда өзім жүремін” дейді. Не деген мықтылық?! Сондықтан да Әзекең өз қойылымында бірінші планға Қарлығаны шығарды, шығарманың ашылмаған қатпарларын ашты. Мәскеуліктердің: “Сайыс алаңы – Қарлығаның жүрегі” деп жазғаны тегін емес. Спектакльден кейін Бауыржан аға Момышұлының риза болып, кітабын сыйлағаны бар. Бұл – үлкен баға деп ойлаймын.
– Сіз ол кезде жас едіңіз, қандай жүк арқалап жүргеніңізді түйсіндіңіз бе?
– Жас кезіңде көп нәрсеге мән бере бермейсің. Солай болуы тиіс сияқты көрінеді, жастықтың артықшылығы да осында, өзіңе деген алапат сенімде болар. Көп нәрсені кейіннен тереңірек таразылайсың ғой. Кейін ойланып қарасам, сол кездері Әзекең біздерден екі-үш немесе төрт-бес жас қана үлкен екен. Ал қандай даналық десеңізші! Әлі күнге таң қаламын. Бірақ солай болуы заңды да шығар. Әзекеңнің “қорғаны” мықты болды, өйткені, шыққан өмір мектебі де, өнер мектебі де мықты еді. Спектакльге кіріспес бұрын көп ойланып-толғанатын. Қазақ театрына жақсы прозаны сахналау дәстүрін әкелген Әзекең “Қан мен терді” де көптен толғаған болуы керек. Романның үш кітабын да ғашық болып оқыдық қой. Бір күні Әзекең маған осы трилогияны инсценировка жасайық деді. Содан жұмыс басталып кетті. Өзімізге керек сахналарды теріп алып, Әбдіжәміл ағаға барамыз. Ол түзетеді. Сол еңбегім үшін Ақбаланың рөлін алдым. Спектакльдің безендірілуі, мұз жарылғанда ашылып кететін фуркалар, үнемі қозғалыстағы сахна – бәрі нағыз заманауи театрдың стилі еді.
– Романды оқыған кезде сіз осы рөлді ойнасам деп ойлап па едіңіз?
– Ойладым. Не оқысаң да, бейсаналы түрде өзіңе рөл іздеп отырасың. Мысалы, кейініректе Әзекең “Ғасырдан да ұзақ күннің” инсценировкасын жасайық деді. Мен ол романнан өзіме рөл көрмеген себепті, бас тарттым. Ал Ақбаланы “Тынық Дондағы” Аксиньяға ұқсаттым. Қойылымда ол тіптен тұлғаланып, ірі бейне болып шықты. Өйткені, кульминациялық сәттердің бәрі Ақбаланың сахнасымен тұйықталады. Сосын артық сөз болмады. Түнгі сахнасындағы монологтарды Асанәлі екеуміз ойдан шығардық. Яғни, Әзекең бізге бірге жұмыс істеуді үйретті. Ақбаланың баласын тастап қашатын жері бар. Сонда мен не істеймін деп көп ойландым. “Она ползет как сука” деді Әзекең. Бір ауыз сөз. Сөйтіп, Ақбала, баласына қарауға бет жоқ, жерді тырналап қашып бара жатады. Әзекең солай, емеурінмен-ақ сурет салып беретін.
– Кейінірек қойылған “Қарагөзде” де ме?
– “Қарагөзге” онша тоқталғым келмейді. Басында-ақ бұл менің рөлім емес екенін сездім. Мысалы, Еңлік – менің рөлім. Серағаңның: “Не десеңдер, о деңдер, Фаридадан Еңліктің үнін естіп тұрмын” дегені бар. Қарагөз психологиясы бағынышты, өте нәзік қыз. Менің кейіпкерлерім – күшті әйелдер. Біреу “Вы играли бег от любви” деді. Расында солай. Әзекең тағы бір нәрсені айта алмай қалды. Қарагөзді жалаңаш көрсетеміз дегендей ой айтқан. “Аға, оны жұрт қабылдамайды” дедік. “Қызыл шапан қайда?” дейтін сөз бар. Демек, қыздың абыройы төгілді. Әзекең театрда бұрын қойылған “Қарагөзді” көрді. Көрді де, басқа Қарагөз жасағысы келді. Қазіргі заман позициясынан қойды. Мысалы, Қарагөз неден жынданды? Ғашықтықтан жынданды дегенге ешкім сенбейді. Сырымға сені жақсы көруге тиісті емеспін дейді. Наршаны сүйгісі келеді, сүйе алмайды. Енді шешіліп, Сырыммен кетейін дегенде таяққа жығады. Адамның адамдығы тапталған кезде ол шыдамады. Осы көрініс пантомимамен байытылатын, қоюлатылған еді, кейін алып тастады. Сірә, Әзекеңнің кейбір жаңалықтары тым ерте болды ғой деймін. Мені де ол өз намысы үшін алған болуы керек. Сәбира апай: “Ешкімнің сөзін тыңдама, сенің ішің бар. Ішіңмен аласың” дейтін. Спектакльдің премьерасы театрымыздың жаңа ғимаратының ашылуына сәйкестендірілді. Бәріміз толқу үстіндеміз. Менің жайым тіпті күрделі еді. Премьера күні кешке дейін финал табылмады ғой... Бір жылдан кейін мәскеулік сыншы Н.Давыдова “Қарагөзді” талдап терең мақала жазды, ол мақала бүкілодақтық “Театр” журналына шықты. Ал, мен Көркемдік кеңес алдында алғысымды айтып, рөлден босатуын сұрадым. Жасым өтіп кетті. Табиғатқа зорлық жасауға болмайды ғой.
– Бірақ “Қарагөз” туралы жақсы пікірлер де болды ғой?..
– Қабылдай алмағандар да болғанын мойындау керек. Және оларға менің еш ренішім жоқ. Мен актерлік міндетімді атқардым. Бірде спектакль болатын күні кілт етіп белім ұстады. Дегенмен, ойнап шықтым. Егер бұл жағдай сахнада қайталанса, сал болып қалар едім. Ауырсыну сезімін жеңу керек болғандықтан ба, сол күні спектакль керемет шықты.
– Сіз “кейіпкерлерім күшті болатын” дейсіз. Елена Андреевна әлсіз әйел ғой...
– Жалпы, Чеховтың кейіпкерлері өте күрделі, астарлы болып келеді. Оның әлемде ең көп қойылатын драматург болуы бекер емес. Елена Андреевнаны әлсіз деуге келмейді, ол парасатты әйел. Трагедиясы іште, тереңде жатқан күрделі бейне. Мұндай рөлдерді ойнау актер үшін рахат. Сондықтан да, “Сүйікті менің ағатайымда” рахаттанып жұмыс істедім. “Ваня ағай” десе, алдымен Әнуар еске түседі. Алмас қылыштай лыпып тұрған актерден сондай зиялы Ваня шығады деп кім ойлаған? Әзекең репетиция басталмай жатып, классикалық музыкаларды қосып қоятын. Біз “Ваня ағайды” қазақы психологияға жақындатып ойнадық. Мәскеуге гастрөлге барғанымызда орыс көрермендері мен сыншылары: “Это казахский Ваня” деді.
Суреткермен кездесу – үлкен бақыт
– Әзірбайжан Мәмбетов актерлік ізденістерді қалай қабылдайтын?
– Көрнекті драматург Қ.Мұхамеджановтың 60-шы жылдары жазылған “Біз періште емеспіз” драмасы 1987 жылы қойылды. Асыл деген кішкентай ғана рөлім бар. Бір күні дайындыққа Қалтай аға келді. “Ана сөзі жоқ, мына сөзі жоқ...” деп түгендей бастады. “Әзекең “болтология” деп сыздырып тастады” деп аузымнан шығып кетіпті. “Данышпаным, сен сонда мені болтун деп тұрсың ба?” деді Қалтай аға. Аузынан шыққан әр сөзі афоризм еді ғой... Спектакльде Асылдың жынданатын жері бар: НКВД қызметкерлері қойнындағы баласын жұлып әкетеді де, ол есінен танады. Кейіпкердің осы тұстағы реакциясын табу жолында көп қиналдым. Бірде таңға жақын жүрегім шаншыды. Мәскеуде оқып жүрген кезі ме, әскерде ме, әйтеуір, ұлым Шыңғысқа байланысты қобалжу. Сол жерде маған бір ой келді. Көкірегінде баласының табы бар. Кеудесі сыздап, ақырын емшегін шығарып, баласын емізсе қайтеді? Ертесіне Әзекеңе айттым. “Қорықпайсың ба?”. “Қорықпаймын”. “Қалтай ағаңа айтып көр”. “Жұрттың бәрі жынданса, күледі. Мен аналық сезімге байланысты бірдеңе істесем” дедім. “Мынауың ғажап екен” деді Қалтай аға. Репетиция кезінде соны жасап едім, залда отырған әріптестерімнің есі шығып кетті. “Бүкіл денеміз шымырлап кетті” деді таныстарым. Көрермен де керемет қабылдады.
– Ыдырыс аға ше?
– Ондай сәттерде Ыдекең маған әйелім деп қарамаса керек. “Режиссеріңе айт” дейтін.
– Ал Әзекең актерлер өз ойынан шықпаған немесе айтқанын істемеген жағдайда нендей “шара” қолданушы еді?
– Әзекең актерге “өзің тап” дегендей, шығармашылық еркіндік беретін, тапсаң – таптың, таппасаң – өз айтқанын істетеді. Және оған қарсы келуге болмайды. Өйткені, ол айтса, әбден жүрегінен өткізіп барып, бір-ақ айтады. Сондықтан, өзіне қарсы келгенді аямайтын. Біздің буын Мәмбетовпен бірге жанкешті еңбек еттік. Негізінен айтқанын екі етпедік. Мысалы, Әзекең ескерту айта бастағанда, Ыдырыс үндемей шығып кететін. Мүмкін, Әзекеңнің әдісі сол шығар, намысыңа тиіп, қамшылайтын. Қалай болғанда да, Әзекеңмен кездесу – үлкен бақыт.
– Әзекеңнің кейінгі қойылымдарына да қатыстыңыз ғой?
– Әзекең үлкен, күрделі тақырыптарға баратын, құлашы кең режиссер. Оның М.Әуезов театрындағы соңғы кезеңінде “Ғасырдан ұзақ күн”, “Кориолан” және “Эдип патшаны” қойды. “Ғасырдан да ұзақ күнді” Әзекең Мәскеуде және өз театрымызда қойды ғой. Көркемдігі өз алдына, материалы жағынан да біздің көрерменге етене жақын болғандықтан да өте табысты жүрді. Онда ойнаған актерлер де жарқырай көрінді. Ал, “Эдип патшаның”, әсіресе, “Кориоланның” онша бағы жанбағандай. Меніңше, мұның бірнеше себебі бар сияқты. Алғашқысы, елімізде басталған өзгеріс, қиындықтар. Мұндай күрделі дүниелерді қабылдауға қоғам дайын болуы керек-ті... Содан кейін оның тереңін актерлер қауымы да бар жан-тәнімізбен түйсіне алмаған сияқтымыз... Бұл – қоғам мен Тұлғаның арасындағы қайшылық. Меніңше, бұл аса ірі тұлғалардың басында болатын трагедия... Мәмбетовтің өнерінің шын бағасы, қазақ қоғамындағы, сахна өнеріндегі асқан ерлігі, еңбегі уақыт өткен сайын тереңірек ашыла берері күмәнсіз.
Кейінгі жігіттердің: “Мәмбетов бізді өсірмеді” дейтін сөздерін аракідік естіп қалғанда мен осындай ойларға қаламын. Кім біледі? Тағы бір айтарым – жалпы біздің қоғамға тақ, мансап тақырыбы алшақтау ма деймін. Махаббат, адамгершілік, Чехов жақын. Өңшең жастар ойнаған “Кориоланда” Әзекең тақ үшін таласқан, жік-жікке бөлінген фракцияларды бүгінгі күнмен байланыстырғысы келді, түбіне дейін жете алмаған сияқты. Театр тек қана өсе бермейді, өтпелі кезеңдер де болатын шығар. Оның үстіне 90-жылдар келгенде Әзекеңмен қанаттаса жұмыс істеген актерлердің біразы өмірден озып кетті, “Ана–Жер-ананы” да жалғастыра алмадық. Кейін жаңғыртып қойғанында, Әзекең телефон соқты. Бас тартқанымда қатты ренжігені бар. Бұл спектакль сахнада отыз жыл жүрді ғой, ал отыз жылда сарқылады да екенсің.
– Сіздің шығармашылығыңызға Ыдырыс ағаның өмірден озғаны да өз әсерін тигізген шығар?
– Әрине. Ыдырыспен бірге “Қобыланды”, “Ана–Жер-ана”, “Ваня ағай” - бәрі кетті. Мен репертуарсыз қалдым... 90-шы жылдары Әзекең театрға Болат Атабаевты шақырды. Мен Болаттың спектакльдерімен оңала бастадым ғой. “Соқырлар”, “Кебенек киген арулар”, “Абай десем”... Жаңа бір сөзімде театр үшін 90-жылдар қиын кез болғанын айттым ғой. Көрермен күнкөріс қамымен кетті, театрға жұрт келмейтін болды. Б.Атабаевтың атақты символист-драматург Морис Метерлинктің пьесасы бойынша Кіші залда қойылған “Соқырлар” драмасы сол кездегі қоғамдық ахуалымызға сай туынды еді. Онда негізінен аға буын ойнадық: Хадиша, Шолпан, Бикен, Хабиба апалар, Мүлік аға, мен, кейінгі буыннан Тілектес, Бақыт, Шамшагүл, Данагүл... Залда бес-ақ көрермен отырғанда ойнаған кезіміз де болды. Ол кезде интеллигенция да театр есігін ашқан жоқ... “Соқырлардан” кейін “Абай десем...” спектаклінде эпизодқа шықтым. Одан кейін сахнаға “Мәңгілік бала бейне” келді. Онда режиссер Атабаевтың идеясымен қосылған Шөкіш есімді, әлемнің бүкіл ұятын бойына жинап жүргендей кейіпкер бар. Бізден кейінгі буынның талантты өкілі Шамшагүл Меңдиярованың Шөкішін жақсы қабылдадым. Ал негізінен классикалық спектакльдерде ойнаған маған мұндай рөлге көшу оңайға соқпады... “Отыз ұлың болғанша...” комедиясын да алғашында іштей қабылдамағанмын, жұмыс істей келе жақсы көріп кеттім. Сондай бір жылы, адами спектакль. Қазір репертуарда жүріп жатқан, театрдың көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер Есмұқан Обаев қойған “Ескі үймен қоштасу” спектаклінде Ананың рөліне шығамын. Бұл туындыда маған Ананың монологы қымбат. Бір қарасаңыз, эпизодтық қана рөл, режиссер бұл рөлді маған неге берді екен? – деп ойланасың. Ана – спектакльдегі негізгі идеяны ұстап тұратын бейне.
– Ойыңызда жүрген, алайда сізге бұйырмаған рөлдер болды ма?
– Мысалы, Назым Хикметтің “Фархад-Шырынындағы” Мехменебануды ойнауыма болар еді, бірақ қолым босамады. Әрі біреудің мықты дүниесіне барғым келмейтін. Хадиша Бөкееваның Мехменебануы аңызға айналған рөл болды. Шекспирдің “Асау мен тұсауында” Катаринаны біраз ойнағаным бар. Ол Ыдырыстың рөлсіз жүрген кезі еді, Петруччионы ойнағысы келді. Әзекең маған “Катаринаны ойна” деп ұсыныс жасады. Бұл рөлдің табиғаты маған келіңкіремейтін, өйткені күшті болуым мүмкін, бірақ асау емеспін. Катаринаны еркелеп қана ойнадым. Керемет бірдеңе жасадым деп ойлағаным жоқ. Хадиша апайдың Мехменебануы “Денем менің жиырма-ақ жаста...” дегенде баспалдақтан домалайтын. 70 әлде 80 жасқа келген мерейтойында соны қайталады. Алла-ай, не деген техника!
– Спектакль репертуардан түсіп қалғанда қимастық сезімі бола ма?
– Спектакль тоза бастағанда өзіңе де, айналаңа да көңілің олқы тартып тұрады. Қимайсың, бірақ уақыттың өтіп кеткенін сезесің. Мысалы, 60 жасымда “Ғашықсыз ғасырды” маған арнап жазды. Бір айға жетер-жетпес дайындалып, сахнаға шығып кеттік. Репертуарда қалады деп ойлағанымыз жоқ, бірақ 9 жыл ойнадық. Одан кейін уақыты өтіп кетті. Медея рөліне де өте кеш бардым. Еврипидтің бұл трагедиясын театрымызда А.Пашков 1990 жылы қойды. Ыдырыс дүние салғаннан кейінгі күрделі рөлім...
– Осыдан он бес жылдай бұрын театрдың дәстүрлі қойылымдар фестивалі алғаш рет өткен 1995 жылы осы рөліңіз үшін жүлде беріліпті. Сондағы талдаулардың бірінде “Шәріпова кереметі сол – спектакль соңында ол 30 жасқа жасарады” деп жазыпты...
– Шындығында да, осы рөлде кейіпкердің іштей “түлеуін”, көзсіз махаббаттың кекке ұласуы процесін ашу қажет болды... Мықты рөлдерімнің бәрін 10-15 жылдан ойнадым ғой, сонда түйгенім, жас қыздардың рөлімен ертерек қоштасқан дұрыс. Өнер де, өмір сияқты, қас-қағым сәт.
– Режиссерлерді қоюшы-режиссер, педагог режиссер, ұйымдастырушы режиссер, т.б. деп жіктеп жатады. Ал Ә.Мәмбетовті қайсысына жатқызуға болар еді?
– Ол қоюшы режиссер еді. Жаңашыл суреткер. Бояу жағысы қуатты, құлашы кең. Сөйте тұра актерден кестенің бізіндей нәзік өрнек талап ететін. Ол мен үшін Өнер өлкесін игерудегі ұлы ұстаз болды. Режиссер бір спектакль қоюы мүмкін, он спектакль қоюы мүмкін, бірақ бір актерді үлкен деңгейге жеткізбесе, еңбегі еш кетті деген сөз. Ол кісіден алған тәжірибеміз кейінгі жұмыстарға да жетті. Әзекең өзі қойған әр пьесадан жаңалық ашты. Жаңалығың болмаса, оған дәлелің болмаса, бұрын қойылған дүниені қайталап қоюдың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әттең, Әзекеңнің мықты спектакльдері таспаға түсірілген жоқ. “Қобыландыны” Мәскеуге апарғанда спектакльді Останкинода арнайы жазды. Гримделіп жатқанымызда біреу кіріп келіп, Серағаңа: “Ой, не надо нос так гримировать, надо убрать” деп еді. Серағаң: “Это мой собственный нос” деп қарап тұр... Қазақ өнерінің шетелдердегі құндылықтарын жинап жатыр ғой, сол спектакльді әкелсе, кейінгілер үшін баға жетпес байлық болар еді-ау. Ш. Айтматовтың 60 жылдығында Бішкекте “Айтматов және театр” деген халықаралық фестиваль болды. Сонда біздің театрдың “Ана–Жер-анасын” жазып алған. Мүмкін, Әзекеңнің жазылып қалған басқа да спектакльдері бар шығар. Мысалы, кезіндегі Чехиядағы, Мәскеудегі... Осылардың барлығын алдыру қажет деп білемін.
– Театр үшін кинодан бас тартқан кезіңіз болды ма?
– “Ана–Жер-анаға” дайындалып жатқанда М.Бегалиннің “Тұлпардың ізі” фильміне түстік. Театрға қайтуымыз керек. “Декорация бұзылмай тұрып, тағы бір-екі эпизодты түсіріп алайық” деп, жібермейді. Сонда Хадиша апай екеуміз “Енді қайтпасақ болмайды” деп, сөмкемізді ұстап, жаяу кетіп қалдық. Бір кезде соңымыздан машина жіберіпті... Киноға түскенде театрдағы жұмысымды ақсатпауға бар күшімді салатынмын. Кино дегеніңіз де бір әлем. Бірақ, кезінде түсірілген “Қазақфильм” туындылары, мысалы, осы “Тұлпардың ізі”, “Жол торабы”, “Қала қалқаны”, тағы да басқа көркемфильмдер қайда қазір? Неге көрсетілмейді?
– Қазіргі театрдың аяқ алысына қандай баға берер едіңіз?
– Жалпы өнер, оның ішінде сахна өнері де, бір есептен, қоғамның, қоғамдық жүйенің айнасы. Театрда қазір қоғам, әлеумет өмірін бейнелейтін, тарихи сананы қалыптастыруға қызмет ететін жақсы спектакльдер баршылық. Мысалы, жоғарыда аталған “Ескі үймен қоштасудың” идеясы, байыптап көрген адамға көп нәрсені айтар еді. Немесе “Ымырттағы махаббатты” алыңыз. “Мәңгілік бала бейне”, “Қазақтар”, тағы басқа да қойылымдар бар. Театрдың қазіргі көркемдік жетекшісі Есмұхан Обаев Әзекеңнің шәкірті, қолтаңбасы бөлекше. Ол театр өнерінің жасампаздық мұратқа қызмет етуі қажеттігі тұрғысынан Мәмбетов идеясын жалғастырушы азамат дер едім. Театрға талантты жас актерлерді алып жатыр, балаларға әке сияқты. Қазір “Абайдың” дайындығына кірісті, өте қуандым. “Абайда” материал бар, жігіттердің де нағыз ойнайтын кезі. Тәуір дүние шығады деп ойлаймын. Пьесада мынандай сөздер бар: “Саф сұлу өнер бықсық ойдан тумайды, шыншыл таза жүректен туады. Бәсеке неге оздың деп құйысқаннан алу болмасын, неге қалдым деп өзіңді-өзің қамшылауың болсын, сонда ғана мін емес”. Қандай данышпан ой!
Театрдың Әзекеңді соңғы сапарға шығарып салғанына риза болдым. Әзекең қазақ театрының бағына келген режиссер еді ғой. Жаратқанға ырзамын, осы бақ-режиссер ірі де күрделі рөлдерінің бәрін маған сеніп тапсырды. Иә, тұтастай алғанда өз басым және біздің буын Әзірбайжан Мәмбетовтің көшбастаушылығымен қазақ театрының небір жұлдызды шақтарының куәгері әрі сол шақтар үшін маңдай тер төккеніміз үшін бақыттымыз. Қазір қара шаңырақта Наурыз және халықаралық Театр күніне орайластырып “Театр көктемі – 2010” фестивалі жүріп жатыр. Бұл жолғы фестиваль атақты Сәбира апай Майқанованы еске алуға арналды. Әзекең Сәбира апаны анасындай, Сәбира апай Әзекеңді баласындай көретін еді...
Асқар Сүлейменовтің бір жақсы сөзі бар: “Өмірден не аларыңды емес, артыңда не қалдырарыңды ойла...” Қара шаңырақ театрда, қазақ сахна өнерінде Әзекең салған із қалды. Шәкірттері бар. Есмұхан, Болат, Жанат, Әубәкір, Оразхан, Төлеубектер, Қазақстанның өзге театрларындағы да үлкенді-кішілі әріптестері, шәкірттері оны жоқтатпайды, жолын жалғастырады деп сенемін. Әзекеңнің әз әлемі әлі де әсемдікке құштар халқына рухани қуаныш сыйлай беретін болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ.
АЛМАТЫ.