Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесті. Кездесу барысында Астанада ЭКСПО-2017-ні ұйымдастыру және өткізу, Қазақстан мен ХКБ-нің өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
С.Ахметов атап өткендей, ЭКСПО-2017-ні өткізуге дайындық Мемлекет басшысының айрықша бақылауында тұр.
Мемлекеттік комиссия ЭКСПО-2017-ні ұйымдастыру мен өткізудің ұлттық жоспарын бекітті, оның жүзеге асуы қатаң бақылауда, деді С.Ахметов.
Үкімет басшысы Қазақстанның ЭКСПО-2017-ні ең жоғары деңгейде өткізуге барлық күш-жігерін салатынына, онда баламалы және жаңғырмалы энергетика саласындағы ең үздік «ноу-хау», «серпінді» және перспективалы жобалардың ұсынылатынына сендірді.
Қазір біз Тіркеу мәліметтерін оқып-зерттеу және тиісті түзетулер енгізу жөніндегі жұмыстарға тікелей кірістік. «Мазмұны бойынша жоспар» мейлінше жақсы әзірленген, ойластырылған әрі сындарлы. Онда Қазақстан Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында қамтылған ой-пайымдары жақсы көрініс тапқан, деді В.Лоссерталес.
ХКБ басшысы В.Лоссерталес Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Оның барысында ол Тіркеу мәліметтерін дайындау және Астанада ЭКСПО-2017-ні ұйымдастыру мәселелерімен танысатын болады.