Қоғам • 01 Қаңтар, 2020

Дархан Қыдырәлі жаңа жыл мерекесімен құттықтады

251 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құрметті оқырман!

Егемен еліміз еңсесі биік, абыройы асқақ, тәуелсіздігі тұғырлы қалыпта тағы бір мерейлі жылды артта қалдырып, Жаңа жыл күнтізбесінің алғашқы парағын сіздермен бірге амандықта ашып отыр. Өткен жылға өкпелеуімізге болмас. Әрине, сынаққа сабыр қылдық. Жағымды жаңалықтарды ғана жариялап қоймай, ел газеті ретінде халықтың қабырғасын қайыстырған ауыр күндерді Алашпен бірге көтеруге тырыстық. Жалпы, былтыр ел үшін берекелі, бас басылым үшін мерекелі жыл болды деуімізге болады.

Дархан Қыдырәлі жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Өткен жылы ел газеті «Егеменнің» мерейлі межесі – ғасыр тойы ел көле­мінде кеңінен аталып өтті. Аға басылым­ның айтулы датасы Алаштың бас ақыны Абай туған топырақтан бас­тау алып, жер-жерде, туғандарына 125 жыл толған, тағ­дырлары газет тарихымен тығыз бай­ланысты тұлғалар  Сәкен Сейфул­лин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансү­гіров, Тұрар Рысқұлов сынды баба­ла­рымыздың мерейтойларымен сабақ­тастырылып, «Ұшқынның» алғашқы саны жарық көрген Орынбор қала­сына экспедиция ұйымдастыру сынды ғиб­ратты іс-шаралармен түйінделді. Бұл, «Егеменнің» тойы – елдіктің тойы екенін танытса керек.

Жалпы, еліміз үшін 2019 маңызды оқиғалар мен толайым табыстарға толы жыл болды. Азаттықтың архитекторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілет­тігін тоқ­татып, ел тізгінін ұстауға бүгінгі Мем­лекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың канди­датурасын ұсыну арқылы бү­кіл әлемге билік ауысуының бейбіт үлгісін көрсетті. Көп ұзамай елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтіп, басым дауыспен Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы ретінде абыройлы міндетке Ант беріп кірісті.

Алаш шежі­ресіндегі бұл тарихи оқиға – Мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан ел ертеңінің жарқын бір белесі дер едік. Жылдың басқа да маңызды оқиғалары ел көлемінде берік ынтымақ, зор ыждаһатпен табысты аталып өтті.

Еліміз үшін биыл да айтулы жыл­дардың бірі болмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әл-Фара­би мен Абайдың мерейтойларын тойлау туралы жоспар бекітті. Бұл ретте бас басылым ұлы тұлғаларымызды жыл бойы кеңінен көрсетуді көздеп отыр. Газет бетінде «Абай жолы», «әл-Фараби әлемі» сияқты тұрақты айдарлар ашылып, қазақ топырағынан шыққан ұлы ойшылдардың рухани мұралары жан-жақты насихатталмақ. Бұл тақырыптар төңірегінде де «Егеменнің» ойлы оқырмандарына берер олжалары орасан дегіміз келеді.

Биыл сондай-ақ ең басты атап өтетін айтулы шаралардың бірі – Ал­тын Орданың 750 жыл­дығы екенін бі­лесіздер. Қазақ хандығының түпқа­зығы – Алтын Орданы  ел көлемін­де ерекше ұлықтау – тарихта есімдері алтын әріптер­мен жазылған қастерлі хан-сұлтан­дарымыз бен батыр-бектері­мізді келешек ұрпаққа кеңінен танытудың тағы бір орайлы сәті. Бұл ретте шежірелі тарихымызды терең зерделеу – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әрі қарай кешенді жалғастыру екені анық.

Жалпы, «Egemen Qazaqstan» салиқалы саясаттың сарапшысы ре­тін­де де, ел ішіндегі қоғамдық, әлеу­мет­тік мәселелерді өткір көтеруде де көш басында бола бермек. Был­тыр­дың өзінде «Еге­мен­нің» бетінде көте­рілген өзекті мәселелердің бірнешеуі Прези­дент тарапынан шұғыл назарға алынып, оң шешімін тапқанын айта кеткен жөн.

«Газет – халықтың көзі, құла­ғы һәм тілі» екенін жақсы біле­тін жасампаз жылнама  ел тари­хындағы ерекше оқиғаларды газет бетінде осылай жариялай отырып, оқырман талабы мен талғамын салмақты таразылай бермек.

Биыл газетіміз тұтас бір дәуірді түйіндеп, жаңа жүзжылдыққа қадам басты. Осынау жаңа кезеңге біз дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, буын алмасу процесін өткеру арқылы жалынды жігерге толы жаңа буынмен кел­дік. Бұл көрініс сонау ғасыр ба­сында «Егеменнің» алғашқы са­нын жарыққа шығарған Алаш қай­рат­керлерінің жалынды жас бей­не­лерін көз алдымызға әкеледі. Ұр­пақ сабақтастығы, дәстүр жалғас­тығы дегеніміз де осы болар.

Құрметті оқырман, 2019 жылды же­місті аяқтаған «Egemen Qazaq­stan» ендігі жылы да жоспарлы жұ­мыстарымен елге қарқынды қызмет ете береді.

Ел тынысының тамыршысы, қазақ тарихының ғасырлық шежіресіне ай­нал­ған газет әр қазақтың шаңы­ра­­ғы­на осы жылда тек қана сүйінші жа­ңалықтарымен ғана енсін дегіміз келеді.

Жаңа жыл құтты болсын!