Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының хабарына қарағанда, осы жылдың алғашқы алты айының қорытындысында өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,8 пайызға төмендеген. Бұлардың қатарында екібастұздық көмір өндірушілер, металлургия, болат өндіру, мұнай өңдеу салалары аталды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының хабарына қарағанда, осы жылдың алғашқы алты айының қорытындысында өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,8 пайызға төмендеген. Бұлардың қатарында екібастұздық көмір өндірушілер, металлургия, болат өндіру, мұнай өңдеу салалары аталды.
Облыс орталығындағы «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ 26 шілде күні күрделі жөндеуден кейін зауыт жұмысын жандандыратын негізгі жабдықты іске қосты. Бұған дейін зауыт жұмысы жоспарлы күрделі жөндеуден өту үшін осы жылдың 25 маусымында тоқтатылған болатын. Еліміздегі мұнай өңдеуші бұл кәсіпорын «ҚазМұнайГаз» АҚ басқармасына қарайды. Ал, жалпы күрделі жөндеу жұмыстарына 5,6 млрд. теңге қаражат бағытталыпты. Елімізде ресейлік арзан мұнай өнімдерінің қаптап кетуі себепті сәуір, мамыр айларында зауыттың өнімдері өтпей қиындыққа тірелді.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілі А.Айтқазиннің сөзіне қарағанда, еліміздегі көмір өндіретін кеніштер арасындағы бәсекелестіктен Екібастұздағы кәсіпорындардағы түсім көлемі 3 пайызға азайған. Сондай-ақ, Ресей тарапынан электр қуатын өндіру көлемінің төмендеуі де тағы бір себеп. Бұл мәселе өткен жылдың желтоқсан айында Мәскеу қаласында өткен екі ел арасындағы әріптестік туралы Үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысында қаралған көрінеді. Жиын барысында «Богатырь Көмір» ЖШС солтүстіктегі көршімізге жыл сайын 17 миллион тонна көлемінде көмір жеткізіп тұруды ұсыныпты. Қазір бұл мәселе Ресейдің Энергетика министрлігінің назарында тұрса керек. Сонымен қатар, металлургия саласында көрсеткіш 8,4 пайызға төмендегенін Ақсу ферроқорытпа зауытының №61 пешіне жасалған күрделі жөндеу жұмыстарымен байланыстырады. Ал енді сұраныстың аздығынан облыс орталығындағы «Кастинг», «KSP Steel» серіктестіктерінде болат шығару 58,4 пайызға азайып кетіпті.
Мәселенің мәнісіне келсек, жергілікті өндірістердің нарықтағы қызып тұрған бәсекелестік бәсіне төтеп бере алмай, өндіріс көрсеткіштерін төмендетіп алғандарын көрсетіп тұрғандай. Бізде алдымен жоспарға, жөн-жобаға, нарық шарттарына үңіліп қарап алмай, бәріне де қол жеткіздік, толдық-болдық деген айғайлау басым. Облыста үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына сай индустрияландыру картасының 82 инвестициялық жобасы іске асырылуда, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы құрылды десек, енді бұлардың қатарына Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында ашылатын индустриялық аймақтар қосылады.
Облыс орталығындағы индустриялық аймақ Солтүстік өнеркәсіптік аймақтағы ауданы 500 гектар жерге орналасады. Қала әкімі Оразкелді Қайыркелдиновтің айтуынша, таңдалған жер телімі индустриялық аймақ құру және оның жұмыс істеу шарттарына сай келеді. Екібастұзда Солнечный кентінен 2,7 шақырым жерден аймақ белгіленіпті. Яғни электр мен су желісіне қосылу мүмкіндігі бар деген сөз.
Қала әкімі Болат Бақауовтың айтуынша, Ақсуда қажетті коммуникациямен жабдықталған 52 гектар жер таңдалып алыныпты. Ал, индустриялы аймақ құру, онда өндірістік серіктестіктерді шоғырландырып жұмыс жасату бір күннің шаруасы емес. Өңірдегі бұрыннан қалыптасқан кейбір өндірістердің көрсеткіштері төмен пайыздарды көрсетіп тұрғанда болашақ индустриялы аймақтың күні не болар екен деген күмән да жоқ емес. Жалпы, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы өкілінің хабарынша, мұнай өндеу саласының көрсеткіші де биыл 2,9 пайызға төмендепті. Қаңтар айынан бастап Еуро-2 стандартты бензинді Ресей аумағына шығаруға тыйым да салынды. Бұдан ол жаққа импортталатын өнім көрсеткішінің а заюына әкелді. Себепсіз салдар жоқ.
Қазір зауыттың өндірістік көлемін арттыру үшін облыс әкімдігі тарапынан тиісті шаралар жасалуда. Сондай-ақ, мұнай өңдеу көлемі 2013 жылы жоспардағы 5,2 миллион тоннадан 4,8 миллион тоннаға дейін азайған көрінеді. Ал, зауыттың бензин, дизель отыны және реактивті отын, мазут, газ бен мұнай битумын, мұнай коксы мен күкірт және мұнай өнімінің басқа да түрлерін шығаратыны белгілі. Жобалық қуаты жылына 7,5 миллион тонна мұнай өңдеуге есептелінген. Кәсіпорында мұнайды өңдеу тереңдігі шамамен 85 пайызды құрайды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.