Қоғам • 05 Қаңтар, 2020

Қайырымдылық қайнары

699 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әсілінде, әлем жүгін әдемілік емес, ар мен ұят, ілтипаттылық пен ізгілік арқалап тұрса керек-ті. Түн ұйқысын төрт бөлген, білегі талып бесік тербеткен анаң да ақ сүті үшін ақы сұраған емес. Сұрамайды да. Сол қасиет сүтпен бірге сүйекке сіңіп, мейірімділік мерейімізді үстем еткен елден екенімізді ұғындық. Ұлттық кодтың ұлылығы да осында! Жадымыз жаңғырып, Жастар жылы жағымды жаңалықпен жалғасын тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялады.

Қайырымдылық қайнары

Атауы ана тілімізде бол­мағанымен, волонтер ұғымы, оның түпкі мақсаты халқымызға жат емесін түйсіндік. Қолдан келген көмегін аямай, барымен бөлісетін бабалар ұрпағымыз. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізеттің өзі қанға сіңген қасиет емей немене? «Жетім көрсең жебей жүр» деп ата-анасынан айырылғанды қанатымыздың астына аламыз. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қауымның ізін жалғап келеміз.

Жақынымыз түгілі, жаттың көңілін қалдырған жоқпыз. Со­нау саяси қуғын-сүргін жыл­дары қазақ даласына күш­теп қоныстандырылған этнос­тардың өкіл­дерін өзекке теппей, алаламай, қолда барымен бөлісті халқымыз. Қара­шаңырақ – Қазақ­станға уық боп қа­дал­ғаны да, тарихи Отанына оралғаны да ұмытпады сол қамқорлықты.

Ол ол ма, басын бәйгеге ті­гіп жүріп қа­йы­рымдылық таныт­қан қазақ халқын­дай жұрт некен-саяқ жер бетінде. Ол туралы Ақмола облысындағы бұ­рын­ғы «Ота­нын сатқандардың әйел­деріне арнал­ған лагерьдің» (АЛ­ЖИР) тұтқыны болған Гертруда Платайс еміреніп еске алып еді.

Оқиға былай болыпты. Қыс мезгілінде тұтқындар Жалаңаш­көл маңынан қамыс шабуға күштеп жұмылдырылады. 17-20 сағат жұмыс істеп, әлсіреген әйелдерге іргелес орныққан Жаңажол ауылының балалары уыс-уыс «тас» лақтырмасы бар ма?! Оны көрген күзетшілердің өзі «көрдіңдер ме, сендерді бала екеш баланың өзі жек көреді», деп мыс­қылдайды. Жазықсыз жапа шек­кендерге – таяқ үстіне таяқ.

Осы оқиға бірнеше күн қай­таланса керек. Сон­дай күн­дердің бі­рінде әбден қалжы­раған Гертруда тастан бұғып қалам деп, аяғы тайып, бұ­ған дейін лақтырылған тас­тарға етпеттей құлап түседі. Бай­қаса, балалар лақтырған тас­тан ірімшіктің иісі аңқып тұр. «Ақ тастарды» қойнына тығып, бараққа әкелгенде қазақ әйелдері оның құрт екенін айтады. Өзге амал таба алмаған қазақ балалары тәуекелге бас тігіп, тұтқындарға көмек көрсетіпті. Құрттан бөлек, қамыстың арасына піскен ет, талқан, таба нан жасырғандары да Гертруданың есінде. Тәуекелге бел буып, өзегін отқа, кеудесін оққа тосып жүріп осынша қамқорлық танытқан халыққа барша жұрттың ықыласы ерекше.

Өткен ғасырдағы «Тимур және оның командасы» туралы әкелеріміз жиі айтушы еді. Олар туралы әңгіме-деректер де, кинофильмдер мен мақалалар да көптеп жазылды, түсірілді. Соған еліктеген ауыл жастары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іске кірісуші еді. Қарияларға қамқорлық жасап қыста отын-суын тасыды, жазда шөбін шабысып, баспанасын жөндеді. Сол бірлік бүгін де жоқ емес. Тек, жаңа ғасырға сай жаңғыртудың кезі келген екен. Волонтер жылы жарияланды. Оны жариялай отырып Мемлекет басшысы маңызды міндеттер мен басым бағыттар туралы атап көрсетті.

Мәселен, «Сабақтастық» жобасы аясында волонтерлер Балалар үйінің тәрбие­ленушілерін өз қамқорлық­тарына алатын болса, «Саулық» бағыты аясында елімізде медициналық волонтерлік дамиды. Сондай-ақ «Таза әлем» жобасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталса, «Асыл мұра» бағыты волонтерлерді материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстарына тартады.

«Қамқор» бастамасы Қарттар үйіндегі волонтерлер жұ­мы­сын қамтамасыз етіп, «Білім» жобасы ауыл мектеп­терін­дегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау жұмыс­тарына, ағылшын тілін үйретіп, компьютерлік сауатты­лықты жетілдіруге көмектеседі. «Үміт» жобасы бойынша волонтерлер Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы аясында отандастарымыздың ерлігін баяндайтын құжаттарды іздестірумен айналысады. Ең бастысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлікті әрбір қала мен ауылда дамыту керектігін алға тартып отыр.

Бұл ретте ұжымдық волон­терлік те өркендей түсетінін айтқымыз келеді. Оған мем­лекеттік аппарат пен ұлттық және ірі компаниялар да атсалысатын болады.

Дүние жүзінде волонтерлер қозғалысы кең ауқымға ие. Айтайық, жыл сайын АҚШ халқының 25,3%-ы, яғни 62,8 миллион азаматы волонтерлікпен айналысады. Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 21 миллионды құрап отыр. Елімізде «Волонтерлік қызмет туралы» заң 2016 жылы қабылданды. Ол заңға сәйкес, еліміздегі 18-ге толған кез келген азамат волонтер бола алады, бірақ 14 пен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге ата-анасының жазбаша рұқсаты керек. Бұған дейін волонтерлер қозғалысы түрлі сипатта дамып, шағын ұйымдар ретінде тіркелген еді. Олар табиғатқа қамқорлық жасап, далада қалған жануарларды емдеуден бөлек, түрлі апаттар кезінде жаппай халықтық көмек ұйымдастыра білді. Қызылағашты, Орталық және Шығыс Қазақстанды су алғанда, Арыстағы оқиға ке­зінде қолдан келген көмектерін аямады.

Азаматтық қоғамның дамуына серпін беретін бірден-бір тұлға – волонтер. Әйтпегенде, ел Президенті: «Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайы­рым­дылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақ­та асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсе­ту дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сон­дық­тан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаң­ғыртуымыз қажет», дейтін бе еді? Жаңа жылдағы жарқын бастамалардың көшін бастап тұрған Волонтер жы­лы­нан күтеріміз көп. Қайырым­дылықтың қайнар көзіне айналсын деп тілейік.