Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысқан жиында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, білім және ғылым салаларының өкілдері және көрнекті қоғам қайраткерлері де жиналды. Отырысқа агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаров жетекшілік етті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудің бағыт-бағдарларын стратегиялық тұрғыда зерделей отырып, халықаралық шеңбердегі әріптестікті тереңдетуді мақсат еткен конференцияда алдымен Гүлшара Әбдіқалықова сөз сөйледі. Мемлекеттік хатшы құттықтау сөзінде мұндай басқосу Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында өтіп отырғанына тоқталды. «Өткен жылдары мемлекетіміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты ауқымды шаралар қабылдады. Бүгінгі күні Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың сапалы жаңа кезеңіне көшті, оның мазмұны «Қазақстан-2050» Стратегиясында және «100 нақты қадам» «Ұлт жоспарында, сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2015-2025 жылдарға арналған стратегиясында айқындалған», деді Г.Әбдіқалықова.
Сонымен қатар, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі шараларды одан әрі күшейту бағытында Қазақстан Президенті табанды ұстанымды басшылыққа алғанын атап өтті. «Сол себептен де еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың әлемдік стандарттарына сәйкес келетін тиімді тетіктерін қалыптастыру жөнінде жүйелі іс-әрекеттер қабылдауда. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық қатерлерін жүйелі талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқу-ағарту ісі сияқты кең ауқымды құқықтық тәсілдерді тәжірибеге енгізді. Ал халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы жөнінде айтар болсақ, бұл бағыттағы жұмыстарымыз да жүйелі іске асырылуда.
Қазақстан БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволар қауымдастығының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстанбұл іс-қимыл жоспарының және басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады», деді Гүлшара Наушақызы.
Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатының бағыт-бағдары ашық әрі нақты көрсетілгенін тілге тиек еткен Қ.Қожамжаров мұнда негізгі басымдық дамыған елдердің тәжірибесіне арқа сүйеу болатындығын баса айтты. Соның ішінде Қазақстан қазіргі таңда әлемдік қоғамдастықта мойындалған әдіс – сыбайластыққа тәуекел жасауды бақылау мен оны саралауды өз қызметінде бірінші кезекте қолданысқа енгізген. Сонымен қатар, ұйымдастырылатын түрлі қоғамдық-мәдени шаралар аясында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы азаматтар санасына кеңінен сіңіріліп жатқаны атап көрсетілді.
Әлемдік деңгейдегі халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан алқалы жиынның мақсаты еркін пікір алмасу арқылы озық тәжірибелерді талқылау болды. Осы ретте агенттік төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев «Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи саясаты: тәжірибе мен жетістіктер» тақырыбында баяндама жасады. Алик Жатқамбайұлы өз сөзінде, сыбайластыққа қарсы күресте мемлекет пен халықтың өзара қарым-қатынасындағы кедергілерді жоюда озық технологиялар кең қолданысқа ие екендігін алға тартты. «Сонымен қатар, рұхсат беру процедуралары мен әкімшілік кедергілерді қысқартудың да маңызы жоғары. Әрине, мұндай талаптар, ең алдымен, мемлекеттік қызмет пен сот жүйесі және құқық қорғау органдарының заңнамаларында айқын көрінуі тиіс. Қазақстан соңғы кездері осы сарындағы жоспарлы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді», деді баяндамашы.
Халықаралық деңгейдегі сарапшылар мен мамандар арасында өрбіген ашық пікір алмасу барысында еліміздегі елеулі жобалар да әңгімеге арқау болды. Атап айтқанда, шетелдік делегация өкілдеріне «Адалдық алаңы» сынды қоғамдық қозғалыстың тәжірибесі таныстырылып, ұйым қызметі шебер ұйымдастырылатындығы баяндалды. Мұндай әрекеттің барлығы да жемқорлықты түп-тамырымен жою жолында қоғамдық түсініктің қалыптасып, оның кең өріс алып жатуының айқын көрінісі ретінде бағаланды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»