Аймақтар • 05 Қаңтар, 2020

Алматы облысында 9 айда 40 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылған

264 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бас прокуратураға қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Алматы облысы бойынша басқармасының деректері бойынша, өткен жылдың 9 айында тұрғындарға тиісінше қызмет көрсету ережесін бұзған 24 әкімдік маманына қатысты құқықтық хаттама толтырылған. Ал 40 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған екен.

Алматы облысында 9 айда 40 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылған

Тұрғындардың мемлекеттік қызмет алуға қатысты құқығы баспана кезегі мен жер теліміне қатысты жиі бұзылып отыр. Өткен жыл ішінде облыс тұрғындарынан арнаулы қызмет алуға қатысты 70 мыңнан астам өтініш түссе, оның ішінен 174 өтініштің қаралу мерзімі мен орындалуына қатысты шешім шығарылуы қасақана шегеріліп, уақытын созу дерегі анықталыпты.

Жалпы, 2019 жылы Алматы облысындағы мемлекеттік қызметшілер тарапынан заң бұзушылық жиі орын алғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің өкілдері де  мәлімдеуде. Нақты айтқанда, былтыр Алматы облысының сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі 141 қылмысқа қатысы бар дерек тіркеген екен. Оның ішінде 101 іс жемқорлыққа қатысты қозғалған. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікке іліну дерегі барлық қылмыстық істердің 71,6 процентін құрап отыр. Атап айтқанда, жыл басынан бері 81 пара алу оқиғасы әшкереленіп, қызмет бабын асыра пайдаланудың 11 дерегі анықталған. Нәтижесінде жекелеген тұлғаға қатысты 63 қылмыстық іс ашылып, 43 адам сотталған. Жауапқа тартылған қызметкерлер арасында 6 облыстық деңгейдегі басшы, 5 орта санаттағы лауазымды тұлға бар. Бүгінге дейін 87 іс сотқа жіберіліпті.

Сондай-ақ шенеуніктер тарапынан шағын және орта бизнес нысандарына қысым жасау азаймай отырған көрінеді. Дәл осындай мазмұндағы 17 шағым қабылданып, 13 лауазым иесі жауапкершілікке тартылған. 35 кәсіпкердің құқы қорғалды.

Айтпақшы, облыстағы сыбайлас жемқорлық деректері жиі байқалатын қызметтердің көшін әкімдік қызметкерлері бастап тұрғаны өкінішті. Өткен жылдың 11 айында шенеуніктердің пара алуына қатысты 26 оқиға анықталған. Жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері де әкімдік өкілдерінен қалыспапты, оларға қатысты 2019 жылдың желтоқсан айына дейін 12 дерек тіркелген. Былтыр ішкі істер органдары мен құрылыс саласында да пара алудың ондаған мысалы байқалса, әлеуметтік қорғау қызметінің 8 өкілі жемқорлыққа қатысты айыпталған екен.