31 Шілде, 2013

Таңжарық түпнұсқасын түгендейтін кез келді

569 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

 

«Таңжарық – төңкерісшіл ақын. Оның өмірі, бүкіл еңбегі Отанының, туған халқының азаттығы, жарқын болашағы үшін арналды. Бір үлкен суреткердің бар еңбегін бір идеялық жүйеге сыйғызуға, бір өлшемге түсіруге әсте болмайды. Сондықтан, Таңжарық шығармаларынан тек төңкерістік идеялар биігінен ғана емес, әр дәуірдегі ой толғамның, дүниетанымның логикасы, шындығы тұрғысынан назар салуымыз керек».

 

 

1369375442-592Таңжарық Жолдыұлының жыр керуені енді, міне, Арқа төсіндегі Астанаға да жетіп, ЕҰУ-де дүркіреп ақынның 110 жылдығы өтті. «Алаш идеясы және Таңжарық Жолдыұлы мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға С.Негимов, Қ.Алпысбаев, Т.Мәмесейіт, Б.Омар, А.Шәріп, Д.Мәсімхан, О.Жәлел, Б.Жыл­қыбек, Ы.Олжай бастаған білікті ғалым­дар шын ықыластарымен атсалысты.

Таңжарық Жолдыұлы қазір жұрт қо­лында жүрген өлең-дастандарымен-ақ қазақ әдебиетінен ойып тұрып орнын алады. Оған күмән жоқ. Бірақ, өмірі аумалы-төкпелі заманға дөп келген, империяның жастай құрбаны болған боздақ үшін, әрине, өз түпнұсқа өлеңдерінің орны мен маңызы қашанда бөлек.

Әңгімені осы мәселе төңірегінде қаузау үшін сөзді сәл әріден бастауға тура келеді. 1978 жылы ҚКП 11-құрыл­тайы­ның «Үшінші жалпы жиыны» ашылып, Дэн Сяопиннің үшінші мәрте билік басына келген, екі тізгін, бір шылбырды қолына шындап алған мезгілі – коммунистік жүйедегі Қытай елінің аласапыраннан құтылып, жаңа дәуірге аяқ басқан кезі-тұғын. Келесі, 1979 жылы Бейжіңде бүкіл қытай әдебиет-көркемөнер қызметкерлерінің төртінші құрылтайы ашылды. Дэн Сяопиннің өзі келіп, арнайы сөз сөйлеп, бағыт-бағдар ұсынды. «Әдебиет-көркемөнер қызметкерлері партия мен халықтың сеніміне, аялауына, құрметтеуіне ие болуға тиіс», деді ол осы жиналыста. Бұдан кейін лапылдап тұрған төңкерістік күрес бір жолата аяқталып, саяси, рухани бұғау алынып тасталды. Қытай қоғамының барлық саласында жаңа серпін пайда болды. Бейбіт күн, мамыражай тыныштық орнады.

Бұл кезде таңжарықтануды сонау елуінші жылдары бастаған жазушы Оразанбай Егеубаев Тарым алаңындағы жаза мерзімін тәмамдап, жабылған жала­дан арылып, жағылған күйеден құтылып, қайта қа­тар­ға қосылды. Іркіліп-тартынбастан бірден қаламын қолына алып, өз шығармаларын жазумен бірге Таңжарық мұраларын жинау, зерттеу жұмысын бастап кетті.

Таңжарық Жолдыұлының шығар­ма­ларының халық жүрегінен қағаз бетіне шын­дап түсе бастаған кезеңі де осы сек­сенінші жылдардың басы. Алғашқы бір-екі жылда ақын өлеңдері қауырт жиналды. Бүкіл Шығыс Түркістанның түкпір-түкпірінен, тіпті алыс-жақын шетелдерден де Таңжарықтың жыр-дастандары өз мекені Күнес ауданының мәдениет мекемесіне келіп құйылып жатты. «Түрме халі», «Анар-Сәуле» атты шағын кітаптарының шыққаны болмаса, ол кезде толық жинағы жарық көріп үлгермеген еді.

Таңжарық Жолдыұлының 80 жыл­ды­ғы Күнес ауданында аталды. Аталмыш мерейтойға Үш аймақпен бірге, өлке орталығы Үрімжіден де қонақтар қа­тыс­ты. Сол сапарында болу керек, Омарғазы Айтанұлы Таңжарыққа арнап дас­тан жазғаны бар. Осы тойдан Үрімжіге қайтарында ақынның Күнес ауданы бас болып жиналған мол мұрасын Оразанбай Егеубаев өзімен бірге ала қайтады. Бұл Таңжарық ақынның қаламымен қалай жазылды, халық жадында солай сақталған түпнұсқа еді.

Осыдан кейін көп өтпей, Үрім­жі­ден Таңжарық Жолдыұлының то­лық жинағын шығару қолға алынды. Омарғазы Айтанұлы, Ғалым Қана­пия­ұлы, Оразанбай Егеубаев, Қасымхан Уатханұлы әскери қонақ үйде айлап жатып, ақын өлеңдерін кітап етіп құрастыруға кірісті. Өкініштісі, ел аузынан жиналған дүниелерді, сол кездің жағдайында, қаз-қалпында шығару мүмкін емес еді. Гоминдаң үкіметі билік жүргізген тұста өмір сүрген, сол үкіметтің Күредегі мектебінен оқыған, қытайшаға жетік, Кеңес Одағына барып-келіп тұрған, жасырын ұлт-азаттық ұйым ұйымдастырған, Шығыс Түркістан республикасының құрылуы қарсаңында күдікті ретінде қолға алынған, Шың Шысай түрмесінде жеті жыл отырған аты шулы Алаш ақынының асау өлеңдерінің басы коммунизмнің қайыс ноқтасына сия қойсын ба?!

Амал жоқ, тарпаң таланттың тас т үрменің қабырғасын қақыратқан, қара аспандай күркіреп тұрған рухы асқақ жырларын жұмсартуға тура келеді. Ақынға өз табиғатына мүлде жат «материалист», «демократ» деген шапан кигізілді. «Шапаны» жабылып, «табы айқындалғаннан» кейін партия мен үкіметтің беті бері қарай бас­тады.

Сөйтіп, екі томнан тұратын қоңыр кітап, «Таңдамалы шығармалар» деген атпен 1985 жылы баспадан шықты. Үшінші томы 2002 жылы жарық көрді. Бұл тұста Таңжарықпен замандас, балалық, жастық дәуренін бірге өткізген, қоғамдық жұмыстарда тізе қосып қызмет атқарған, тіпті түрмеде бірге жатқан, аласапыран жылдардың қанды шеңгелінен әупірімдеп аман қалған Әсейін Жақсылықұлы, Ырымбек Сарқұлжаұлы қатар­лы көнекөздер түгелге жуық тірі еді. Сол қос томдықтың ба­спадан шығуына ғана қа­рап тұрғандай, манағы дана кө­кі­рек қарттардың қаламымен ар­дақты ақын туралы аса құн­ды эсселер мен зерттеу мақа­лалары толассыз жазыла бастады. Осылайша, бірден таңжарықтануға кең жол ашылды да кетті. Ұзақ жыл көз жазып қалған ақынымен қайта табысу – ол кезде арғы беттегі қазақтар үшін өшкені жанып, өлгені тірілген бір мезгіл болды.

Орекең екі томдықты ілдәл­далап шығарып алған соң, ары қарайғы жерде ардақты ақынның шыққан тегі, туған жері, үрім-бұтағы, өскен ортасы, азапты өмір жолы, атқарған қоғамдық қызметі, шетел асқан іздері, ақындық болмысы, өлеңдерінің туу тарихы, көркемдік әлемі, түрмеге түсу себебі, қайраткерлік тұлғасы жайлы кең ауқымды зерттеуге бел шеше кірісіп кеткен болатын. Осының бәрі қазір айтуға оңай болғанымен, әрбірі бір-бір томға жүк болатын күрделі тақырыптар еді. Сол қызық та құнды дүниелер Оразанбай қаламының құдіретімен Үрімжіден Шыңжаңның алыс түкпірінде жатқан қарапайым қазаққа дейін күн құрғатпай жетіп жатты.

Таңжарық Жолдыұлы туралы ой толғамаған, пікір білдірмеген қаламгер, әй, жоқ шығар деймін. Қазақты қойып, ақынмен кезінде дос болып өткен Қасым Әзезов, Мөмін Сапари бастаған ұйғыр зиялылары да қарап қалған жоқ, өзі білетін шындықтарды қазақ туысқандарының қоржынына бір-бірлеп салып отырды. Әркім өз шама-шарқынша, таным-түсінігінше безбендеп бақты.

Әрине, бұл Таңжарықты зерттеу толқынының үлкен арнасын Орекең – Оразанбай аға Егеубаев осынау керуенді істі алға сүйреді де отырды. Бәрі де елім деп еңіреп өткен ақынға деген жақсы ниеттен, адал жүректен туған дүниелер еді. Әйтсе де, амалсыздан жапсырған сол «материалист», «демократ» деген шапанның қызыл бояуын қалыңдататындардың, ақын жырларынан Ленин мен Мао Цзэдун төңкерісінің боранын іздейтіндердің саны күн санап молайып бара жатты. «Тәкең жауынгер атеист. Халыққа, әсіресе, қазақ халқына атеизм тәрбиесін жүргізу жөнінен жемісті еңбек еткен адам», «Таңжарық тек қазақ халқының ғана аяулы ақыны болып қалмастан, қайта ол жүңге ұлтының да көрнекті ақындарының бірі» немесе «Таңжарық идеясы – материалистік қарапайым диа­лектика» деген секілді науқандық тұжырымдарды екі мақаланың бірінен оқуға болатын еді ол кезде.

Таңжарық табиғатының тым жай­дақталып, мүлде басқа бағытқа кетіп бара жатқанын байқап, шынымен қынжылған болу керек, сол кездегі Іле Қазақ автономиялы облыстық Жазу­шылар қоғамының төрағасы, қазақтың аса көрнекті жазушысы Оразхан Ахметов 1988 жылы өзі басқаратын «Іле айдыны» журналында «Сөнбес алау» деген атты мақаласын жариялады.Оразанбай Егеубаевтың түрмелес досы, қазақ қара сөзінің зергері Оразхан аға аталмыш мақаласында Таңжарықтың ұлы Абайдың дәстүрінен үлгі-өнеге алған Шығыс Түркістандағы қазақ әдебиетінің алғашқы өкілі екенін айта келіп: «Таңжарық – төңкерісшіл ақын. Оның өмірі, бүкіл еңбегі Отанының, туған халқының азаттығы, жарқын болашағы үшін арналды. Бір үлкен суреткердің бар еңбегін бір идеялық жүйеге сыйғызуға, бір өлшемге түсіруге әсте болмайды. Сондықтан, Таңжарық шығармаларынан тек төңкерістік идеялар биігінен ғана емес, әр дәуірдегі ой толғамның, дүниетанымның логикасы, шындығы тұрғысынан назар салуымыз керек», деді. Ақынның «Анар-Сәуле» дастанының көркемдік әлемін жеріне жеткізе талдаған Оразхан Ахметов тағы да «Анар-Сәуле» дастаны – дәуір сынағынан өткен әдебиетіміздің асыл мұрасы. Ол идея, көркемдік жетістігі жағынан өзімен замандас қазақ совет поэзиясының таңдаулы үлгілері – «Сұлушаш», «Құралай сұлу», «Күйші» дастандарымен тең тұра алатын аса күрделі е ңбек», деп бағалады.

Бұл мезгілдің Алшорда көсемдерінің енді ақтала бастаған тұс екенін ескерсек, Таңжарық тұрақтайтын тұғырдың Маркс негіздеген коммунистік ұрандармен көмкерілген қызыл алаңдар жақта емес, Бөкейханов туын желбіреткен анау алыстағы Алаш топырағында – Ахмет, Міржақыпқа тақау тұр­ған Жансүгіров, Байзақов шық­қан биікте жатқанын Оразханның батыл­дықпен, көрегендікпен нұсқап көрсетуі, таңжарықтанудың тізгінін өзінің әуелгі бағытына қарай бірден бұрып жіберді.

Осыдан бастап ақын өлеңдерін талдауда жаңа көзқарас, тың серпін пайда бола бастады. Бұған сол кездегі әдебиет әлеміне жаңа қадам басқан жас перілер Омарәлі Әділбеков, Ыдырыс Әділханов бастаған сыншылардың мақалаларын атап айтуға болады. Омарәлі «Заман талабы тылсым қаһарман емес» десе, Ыдырыс Таңжарықты бірден «ұлтшыл ақын» деп айта алмағанымен, соған жақын, сол мағынаны беретін «халықшыл ақын» деген тіркесті айналымға енгізе бастады. Әрине, бұл «Таңжарық – ұлттар достығының үлгісі», «Таңжарық – материалист ақын» дегендермен мүлде салыстыруға келмейтін жаңалық еді.

Бірақ, бұл қадам да тым алысқа ұзап бара қойған жоқ. Таңжарықтану ғылымы қанатын енді-енді ептеп ұлттық бағытпен қаға бастаған сол кезеңде – 1989 жылы көктем мен жаз аралығында Бежіңдегі студенттердің көтерілісі бұрқ ете түсті. Оған қоса, еркіндік аңсаған ұйғыр мен тибеттіктердің де бас көтерулері жер-жерде жиілеп кетті. Ереуілдердің соңы қанды қырғындарға ұласты да, орталықтан «буржуазиялық еркінсуге қарсы» қатаң саяси науқан жүргізілді. Мұндайда науқан ең алдымен баспасөз, ақпарат құралдарынан басталатыны белгілі...

Әрине, Таңжарықты зерттеу тоқтап қалмағанымен, оған өз деңгейінде тарихи баға беру қиынға соқты. Бұрынғы кепешін қайта кимегенімен, есесіне көжеге қатуға келмейтін көкжасық дүниелер тағы қылаң бере бастады. Оразанбай Егеубаев секілді тәсілін тауып, тігісін жатқыза алмағандар аяғын аңдып басуға мәжбүр болды.

Соған қарамастан, 1993 жылы Таңжарық Жолдыұлының 90 жылдық тойы кең көлемде аталып өтілді. Құлжа қаласындағы Іле пединститутының жанынан, қай бағытта жұмыс істесе де «Таңжарықтану қоғамы» құрылды. Онда арнайы қызмет істейтін адам­дар­ға жұмыс кестесі бекітілді. Қоғам тү­гел­дей мемлекет қазынасынан қаржы­ландырылатын болды. Күнес ауданынан Таңжарықтың мұражай үйі салынып, құнды жәдігерлер сонда топтастырылды. Ақын кітаптарының таралымы да бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Ең бастысы, алғашқы адымдағы «Таңжарықтану» ғылымы қалыптасты.

Сөз реті келгенде айта кеткеніміз жөн шығар, осының бәрінде марқұм Оразанбай аға Егеубаевтың қуатты қолы тимеген, ащы тері тамбаған жұмыс жоқ.

Жалпы, Оразанбай Егеубаевтың Таңжарық мұраларын ерте бастан толықтай Үрімжіге алып кетіп жариялауынан, дәріптелуі жағынан Таңжарық та, зерттелу тұрғысынан таңжарықтану ғылымы да зиян тартқан жоқ. Әрине, Үрімжіні Күнес не Құлжамен салыстыруға келмейді ғой. Қазақ зиялыларының қаймағы, баспасөз бен ақпараттың ошағы да сол қалада болды. Орекеңнің өзі де фольклорға арналған «Мұра» деген журналдың басында отырды. Ең бас­тысы, бұл шаһарда пәрменді билік бар еді. Етектегіні тауға шығарудан гөрі, тау басындағы дүниені етекке қарай сырғыту, әрине, оңай. Оразанбай аға осы мүмкіндіктердің бәрін көрегендікпен, ептілікпен өте ұтымды пайдалана алды. Бұл – бір. Екіншіден, Орекең сонау бала жасынан Таңжарыққа басыбүтін берілген, екеуінің табиғаты табысқан, саналы ғұмырын ақын өмірін зерделеуге арнаған, аруақ алдында қандай қиын күндерде де титтей ауытқымай адал қызмет атқарған азамат. Өзі кең құлашты жазушы болумен қатар, аса білікті ғалым да болатын. Оған жанкешті қажырлығын қосыңыз. Ханмен де, қарамен де түгел тіл табысып, сөйлесе білетін алғырлығы тағы бар. Үлкен есіктерді қақпай кіретін атақ-абыройы мен бет- беделі де бар еді. Ғасыр соңына таяғанда Таңжарық Жолдыұлының да, оны өмірлік тақырыбы етіп зерттеген Оразанбай Егеубаевтың да атағы аспандады. Екеуі бірін айтса, екіншісі еске түсе кететін егіз ұғымға айналды.

Арада дүние адам таңғаларлықтай өзгерді. Таңжарықтанудың Шығыс Түркістанда басталған сол керуені енді шетел асты. Орекең – Оразанбай аға Егеубаев Таңжарыққа қатысты ғұмыр бойы ж