Аймақтар • 06 Қаңтар, 2020

Аралас мектептен қашан арыламыз?!

333 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сәбидің тілі қай тілде шықса, солай қалыптасады. Тір­шілік қағидасы. Ақмола облысында 614 балабақша бар. Жер­гілікті ұлт өкілдері перзенттерінің 63,3 пайызы ғана қазақ топтарына барады. Білім ошақтарының жалпы саны – 560. Оның ішінде аралас мектептер саны 217 болса, орыс тілінде тәлім-тәрбие беретін білім ошақтары – 184. Ал таза қазақ тіліндегі мектептер небәрі 159 ғана.

Аралас мектептен қашан арыламыз?!

Алдымен аралас мектептер туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Күн­делікті тәжірибеден көріп жүргеніміздей, аралас деп кө­ңіл жұбатып, күлбілтеленіп атал­ғанымен, бұл білім ошақ­тары да таза орыстілді мектептерге біртабан жақын екендігін ашына айтуға тиіспіз.

– Бұл өзі бір кезде амалсыз­дықтан туған қадам болатын, –дейді бастауыш сынып мұғалімі Роза Қайыржанова, – облыс орта­лығында кешегі кеңес заманында жалғыз-ақ жергілікті ұлт тілінде балабақша болды. Қазақ тілінде білім беретін екі-ақ мектеп-интернат. Екеуінде де ауыл балалары оқитын. Ал қалада тұратын қазақтардың ба­лалары жүз пайыз орыс тілінде білім алды. Кейін қазақ тіліндегі мектептердің санын көбейтуге талпыныс жасалды. №6 орта мектепті таза қазақша білім ошағына айналдырамыз деген кезде өкпе-реніш айтылып, бастама басылып қалды. Кейін бұл тараптан ұмтылыс бола қойған жоқ. Амалсыздан орыс мектептерінің жанынан бастауыш сыныптар ашылды. Жоқтан тәуір. Бірақ мұндай мектептерде білім алатын қазақ балаларының қай тілге жақын екендігін елдің бәрі біледі. Егер балалар өз тілінде таза сөйлесін десеңіз, онда аралас мектептен арылатын жағдай жасау керек. 

Ұстаз айтса айтқандай, мұн­дай мектептерде оқитын қа­зақ балаларының тілі орыс­шаға жақын, үйір. Үзілісте, ойын кезінде кілең орыс тілін­де сөй­лейді. Демек, пайызға шақ­қан кезде аралас білім ошақ­тарында тәлім-тәрбие алып жатқан жер­гілікті ұлттың өрен­дерін орыстілді деп есеп­тесеңіз де артық емес.

Бір есептен балаларының орыс тілінде білім алуына ата-аналардың, әсіресе жас от­ба­­сылардың өздері ынталы. Мә­селен, Көкшетау қаласын­дағы №13 аралас тілде білім бе­ретін мектеп-гимназияда осы оқу жылында білім оша­ғының табалдырығын атта­ғандар үшін жеті орыс сыныбы, жалғыз қазақ сыныбы бар. Бастауыш орыс тілінде тәлім-тәрбие беретін сыныптарда оқитын оқушылардың дені қазақ балалары.

– Оқу жылының алдында оқушыларды сыныптарға бөл­ген кезімізде ата-аналар кө­біне орыстілді сыныптар­ды қа­лайды, – дейді Роза Нығмет­қызы, – себебін сұрап көрсек, үйде сабақтарына көмектесе алмаймыз дейді. Өйткені жас ата-аналардың өздері ана тілдерін білмейді ғой. Тіл проблемасы осылайша кәдімгі Мақта қыз­дың ертегісі сияқты бір-бірімен сабақтасып жатыр.

Шын ниетті адамдар­дың сұранысы қанағаттан­ды­рыл­майтын да жай бар. Ол өздері тұратын мекенжайда жер­гілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие беретін мектептің болмауы.  

Қазақстан Республика­сы­ның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Стра­тегиясы қалып­тас­қан мемлекеттің жа­ңа саяси бағыты» атты Жол­дауын­да: «Тілге деген көз­қа­рас шын­дап келгенде елге де­ген көз­қарас екендігі дау­сыз. Сон­дықтан оған бейжай қара­майық. Қазақ тілі жап­пай қол­даныс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәр­тебесіне көтерілгенде, елі­мізді Қазақ мемлекеті деп атай­тын боламыз» делінген. Ақ­мола өңірінде Елбасы қойып отырған міндет үдесінен шығу оңай болмай тұр. Бұл баршаға ортақ міндет. «Қазақстан Рес­публикасында тілдерді дамы­ту мен қолданудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мем­ле­кет­тік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығында: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек» деп атап көрсетілген. Қа­зіргі күні Президент алға қойып отырған талаптың үдесінен шығу үшін бар күш-жігерімізді сарқа жұмсап отырмыз ба? Бү­гінгі қазақ тілінің тынысына қарап олай дей алмасақ керек. Мәселен, облыстағы кәсіп­тік-техникалық білім беретін кол­­ледждердің саны 33 болса, оның ішінде 26-сы білім алушыларға екі тілде білім береді. Таза орыс тілінде 5 кол­ледж жұмыс істейді, ал қаға­жу қалған қазақ тілінде небәрі екі колледж жұмыс істеп тұр. Сонда қуаты мол, сөздің қоры телегей-теңіз қазақ тілі жастардың белгілі бір кәсіпті игеруіне қауқары жетпейтін болғаны ма?! Шынымен тіліміздің тұғырын биіктету үшін бар күш-жігерімізді жұмсайтын болсақ, ең құрығанда ел ертеңі – жастардың өз ана тілдерінде оқып, кәсіп игеруіне жағдай жасар едік қой.

Білім ошақтарындағы қалып­­­тасып отырған жағ­дай осы­лай болғанда, іс қағаз­дарын мем­лекеттік тілде жүр­гізуде мүлде сорақы жағдай қалып­тасып отыр­ған мекемелер де аз емес. Мәселен, аумақ­тық департаменттер мен ведомстволардың мемле­кет­­­тік тілде іс жүргізу ба­ғы­ты­на 2019 жылдың үшін­ші тоқ­­санында жасалған сарап­тамаға көз жүгіртіп көрелік. Мем­лекеттік тілде іс жүргізу дең­гейі облыстық орман ша­руа­­шы­лығы және жануарлар дү­ниесі аумақтық инспекция­сы 62,7, облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит де­пар­­та­менті 55,78, су ресурс­тарын пай­далануды реттеу және қор­ғау жөніндегі Есіл бас­сейн­дік инспекциясы 38,89 пайыз ғана. Жасыратыны жоқ, қазақ тіліндегі іс қағаздары әй­теуір пайыз қуалау немесе жүр­гізілмеді деп айтпасын деген күлдібадам кейіпте. Кейбір бас­шылар қазақ тіліндегі бұй­рықтар мен анықтама нұс­қау­ларға қолдарын да қой­май­ды. Негізгісі орыс тілінде. Алды­мен мәтін орыс тілін­де жа­­зы­лады да, заң талабын орын­­­дау үшін қазақ тіліне ауда­ры­лады. Осындай көзқарас бар жер­де қазақ тілінің көсегесі таяу арада көгереді деп айту қиын.

Ендігі бір мәселе баспасөз хатшыларының жергілікті ұлт тіліне мән бермеуінде. Мәсе­лен, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің жергілікті тілшілер қосынына облыстағы әрқилы мекемелер баспасөз парақшаларын жіберіп жатады. Бір өкініштісі, баспасөз парақшаларының дені, бәлкім түгелге жуығы орыс тілінде. Тала­йымен хабарласып өк­пемізді айттық, тіл үшін жаға жыр­тыстық. Бірақ қателігін түзеткен бірі жоқ.

Қазақ тілінің бұл өңірде алпыс екі тамырына қан жүгір­мей жатқаны ең алдымен жоғары­да біз айтып өткен мектепке дейінгі мекемелер мен білім ошақ­тарының орыстілді болып сіресіп тұрғандығында. Сең қашан бұзылар екен?!.       

 

Ақмола облысы