31 Шілде, 2013

Бір ауылдың түлеп ұшқан жастары еді

586 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семей қаласының ір­гесінде бұрынғы Жаңа­семей ауданына қарасты Құрманқожа деген ауыл болған еді. Қазірде орны да жоқ сол қасиетті ауылдан халқымыздың мақтанышына айнал­ған небір азаматтар шық­қанын біреу білсе, біреудің білмеуі де мүмкін.

Айталық, Рим олим­пиа­дасының күміс жүлдегері, шашасына шаң жұқпас желаяқ Ғұсман Қосанов, атақ-даңқы шетелдіктерге дейін мәлім болған академик-математик Төлеубай Аманов, бірі республикамыздың халық әртісі, екіншісі еңбек сіңірген әртіс, жезтаңдай әншілер Мәдениет Ешекеев пен Болат Сыбанов та осы ауылдың тумасы.

Бүгінде көзі тірі болса бұлардың соңғысының 75 жылдығын дүркіретіп тойлап жатқан болар едік. Ал жан-жақты талант иесі атанған Бөкең оған әбден лайық жан болатын. Алайда, өкінішке қарай ағамыз осыдан он бес жыл бұрын, елі алпыс жылдығын енді тойлаймыз деп дайындалып жатқанда, кенеттен фәни дүниеден бақи дүниеге аттанып кете барды.

Иә, жан-жақты талант иесі демекші, бала Болат он жасынан әнші атанды. Он үш жасында Семейге келіп, қала мектебінде оқиды. Ал, он алты-он жеті жасында осындағы Абай атындағы облыстық драма театрына актер болып жұмысқа орналасады. Мұнда қызмет еткен ондаған жылдар ішінде ондаған рөлдерде ойнайды. Соның ішінде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, сондай-ақ шетел және орыс классиктерінің драмалық шығармаларында басты рөлдердің иін қандырып, сахнаға шығара білді. Яғни, өнер сүйер қауымға ең алдымен талантты актер ретінде танылды.

Бөкең театр сахнасында осылайша талабын ұштай жүріп, әншілік өнерін де дамыта түсумен болды. Соның айғағындай, Сегіз серінің атақты «Ақбұлақ», Әсет Бейсеуовтің «Жұлдызым» секілді әуезді әндерінің Бөкеңнің орындауында жұлдызы жанғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Сонымен бірге, осы тұста оның «Таң самалы», «Жаным-ай», «Ғашықтар», «Жан ана», «Бақытым» сияқты және басқа өз әндері халық арасында кеңінен таралып кетті. Алпыстан астам әндерінің көбінің сөзін өзі жазғандықтан Бөкеңді ақын деп те есептеу керек.

Міне, жуырда осындай талант иесінің мерейтойына орай, бір кезде өзі қызмет істеген Абай атындағы театрда оны еске алу кеші болып өтті. Онда талантты актер, тамаша әнші, белгілі сазгер қақында мазмұнды естеліктер молынан айтылды. Ал Нұриден Иманбаев, Гүлшат Еруова, Тұрсынғазы Рахимов, Бақыт Үдербаева сияқты және басқа жергілікті әншілер Бөкеңнің әуезді әндерін келістіре орындап жатты.

Осы орайда, Бөкеңнің ұлы Қанат әке жолын қуып әншілігімен жұртшылық көңілінен шыға бастағанын айтпасқа болмайды. Сондай-ақ, Үміт жеңгемізге де халық дән риза. Осы кісінің бас болуымен Бөкеңнің ән кітабы жарыққа шықты, қаладағы бір үлкен көшеге есімі берілді. Иә, халқы барда мұндай таланттардың есімі ешқашан ұмытылмайды.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.

Семей.