Аймақтар • 06 Қаңтар, 2020

БҚО полициясы 5 күнде 1356 құқықбұзушылық анықтады

225 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2019 жылдың 31 желтоқсаны мен биылғы қаңтардың 5-і аралығында Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері 1356 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады.

 

БҚО полициясы 5 күнде 1356 құқықбұзушылық анықтады

Жаңажылдық мейрам күндері барша халық күнделікті күйбеңнен ажырап, мерекені тойлауға кіріссе, қоғамдық тәртіпті сақтаушы полиция қызметкерлері керісінше күшейтілген қызмет режиміне көшеді. Биыл да БҚО Полиция департаментіне қарасты барлық басқармалардың жеке құрамы, Ұлттық ұлан сарбаздары – барлығы 600-ден аса қызметкер жаңажылдық мейрамда қоғамдық тәртіптің бұзылмауы үшін кірпік ілмеді.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осы 5 күн ішінде облыс аумағында 90 қылмыс тіркеліп, оның 49-ы ізі суымай ашылған. Сондай-ақ бұл күндері 1356 әкімшілік құқықбұзушылық оқиғалары анықталыпты. Оның 30-ы – ұсақ бұзақылық болса, көлікті мас күйінде жүргізген 16 оқиға тіркелген. Қоғамдық орында ішімдік ішіп, ел-жұрттың мазасын алған 34 факт анықталса, 19 отбасында үй-ішілік жанжал болыпты. Бұдан бөлек, бейнебақылау қондырғылары әкімшілік құқық бұзылған 170 оқиғаны түсіріп алған екен.

Осы күндері облыс аумағында жүргізілген «Пиротехника» жедел алдын алу шарасы бойынша 16 азамат заңсыз саудасы үшін әкімшілік жазаға тартылса, бір адам елдімекен ішінде оқ атқаны үшін жауапқа тартылды.

Өкінішке қарай, өңірде жол-көлік оқиғалары да азаймай тұр. Жыл басынан бері 4 жол апаты болып, бір адам қаза тапса, 6 жолаушы әртүрлі дене жарақатын алған.

 

Батыс Қазақстан