Ақбас Алатаудың қар жамылып, мұз құрсанған құз-қия заңғар шыңдарынан бастау алатын біздің Таластың мінезі қызық-ақ. Кейде, долдана гүрілдей ағып, екі жағасының жарлауытын еліре омырып жататын асау толқындарынан ақбурыл иірімдер түзсе, енді бірде жуаси жөңкілген мың-мыңдаған ұсақ та жіп-жіңішке ағыстарымен ақылға сыймайтын, өзіне ғана түсінікті өрнектер құрады. Қызық қана емес, күрделі де мінез. Бұл, сірә, бүкіл жаратылысының бір мезгілде тауға да, далаға да тәндігінен шығар.
Ақбас Алатаудың қар жамылып, мұз құрсанған құз-қия заңғар шыңдарынан бастау алатын біздің Таластың мінезі қызық-ақ. Кейде, долдана гүрілдей ағып, екі жағасының жарлауытын еліре омырып жататын асау толқындарынан ақбурыл иірімдер түзсе, енді бірде жуаси жөңкілген мың-мыңдаған ұсақ та жіп-жіңішке ағыстарымен ақылға сыймайтын, өзіне ғана түсінікті өрнектер құрады. Қызық қана емес, күрделі де мінез. Бұл, сірә, бүкіл жаратылысының бір мезгілде тауға да, далаға да тәндігінен шығар.
Арнасының түзілісі бұдан да қызық. Ирелеңдеген, сансыз бұралаң-бұлтарысты. Мұның бәрі бұдан мыңдаған, бәлкім миллион жылдар бұрын Мойынқұмның құм шағалдарына өршелене жол салған кезіндегі өз қалауы болар. Ал, еңіске ентелеген мәңгілік ұмтылысында өзі батыс тұсынан айналып ағатын, көне замандарда-ақ аңызға айналған ескі қала орны – Түймекентке иіліп, тағзым етіп өтуден жалықпайды.
Түймекент. Уақыт әмірімен бастапқы қалпын жоғалтқан топырақ үйінділері мен төбелерге айналған мылқау, марғау қорғандар тізбегі. Олар құпиясын жасырып, үнсіз шөгіп жатқан түрлерімен-ақ зейінді жүргіншінің көз алдына ойша болса да Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан Шығыстың көне қаласының саудагер жұрт пен әртүрлі елдерден келген дәруіштер тоқайласар базарларымен, керуен сарайларымен қоса алғандағы көрінісін елестетеді. Әлде бір сиқырлы күш бір мезгілде баяғыда-ақ мына дүниеден баз кешіп, бақилық болып кеткен, алуан киімді адамдардың әрқилы тілде сөйлеген сөздерін қайта жаңғыртып тұрғандай. Міне, көркіне көз тоймайтын Түйме сұлу... Батыр да бағылан жігіттер жүрегін жаулап алмаққа таласқан жергілікті билеушінің жалғыз қызы. Көнеден бүгінге жеткен аңызда әкесі өмірден өткен соң оның өлкені өзі билегені жайлы айтылады. Оның кейінгі тағдыры қандай болды? Бұл фәниден еш зобалаңсыз, сән-салтанатымен өте алды ма? Көне Мысырдың Клеопатрасының басынан өткергеніндей ауыр тауқыметке тап болмады ма екен?.. Артына не қалдыра алды? Қисапсыз байлық па? Әлде өзінен өрбіген ұрпақтарын ба? Бәлки, әлі күнге ғаламшардың қиырлары мен құйындарын кезіп жүрген әуенінің әсемдігімен, жүрек қылын қозғар сазымен ерекшеленетін ғажайып бір әнді ме?.. Бұл секілді сауалдардың ешбіріне жауап жоқ. Бір нәрсе ғана анық: Айдай арудың жарқын есімі ел есінде мәңгіге қалды. Түймекент – үйме қыздың қаласы...
Ескі шаһар орнынан 200-300 қадамдай жерден кейінгі заман адамдарының айтарлықтай үлкен қоныс-мекені басталады. Ол да Түймекент, бірақ басқа, салыстырмалы түрде алғанда біршама жаңа, ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде ішкі Ресейден шыққан орыс және украин қоныс аударушылары негізін қалаған. Ал бұған генерал Черняев (кезінде Л.Толстой «сұмпайы офицер» атаған) қосынының Ұлы жүздің жергілікті ірі руларының басшысы болған, жасы ұлғайған шағында өз халқын азат ету жолында қаза тапқан даңқты Байзақ датқаның ұлы Ақмолда секілді батырлар бастаған көтерілісші қазақтардың қолдауымен Қазақстанның оңтүстігін қоқандықтардың езгісінен азат етуі жағдай туғызған еді. Рас, көшіп келушілер жаңа мекенді Түймекент деп емес, әлдене себеппен өздерінше Шаповаловка атаған. Мүмкін, бұл олардың арасында Шаповаловтар әулетінен шыққандар көптігінен шығар. Дегенмен, Шестаков, Юрченко, Стародубцев, Романцев, Приходченко, Пономарев, Демченко, Зинченко, Иващенко, Кучеренко, Куценко, тағы басқа да фамилиялылар аз болған жоқ. Бұлар патшалы Ресейдің әр алуан губерниясынан келген, әртүрлі жастағы адамдар-ды. Бәрін де біріктірген қасиетті іс-шаруа еңбегі б