Қазақстан • 06 Қаңтар, 2020

Алматы облысында төленбеген айыппұл қарызы 6,4 млрд теңгеден асты

157 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында өтелмеген айыппұл көлемі азаймай отыр. 2018 жылы атқарушы өндіріс бойынша қарыз сомасы 6,5 млрд теңгеге жетсе, 2019 жылы бұл көрсеткіштің 19 проценті ғана өндірілген екен.

Алматы облысында төленбеген айыппұл қарызы 6,4 млрд теңгеден асты

Облыстық прокуратураның дерегінше, арғы жылдардың берешегін өндіріп алу ісі биыл да жалғасады. Өйткені, жаңа жылға өткен қарыз көлемі 6,4 млрд теңгені құрайды. Мамандар айыппұл қарызының жыл сайын өсуіне азаматтардың жеке жауапкершілігінің төмендігі мен сот орындаушылардың жеткілікті жұмыс істемеуі себеп болып отыр деген пікірде.

Жалпы, айыппұл қарызымен негізінен жеке сот орындаушылары айналысуы тиіс екен. Алайда, 2011 жылдан бері жүйеге енгізілген жеке сот орындаушылар қызметі бұл сенімді ақтап отырған жоқ. Тіпті, атқару ісі бойынша борышкерге қатысты қатаң шараларды қасақана жүзеге асырмау деректері де кездесуде. Тексеру нәтижесінде сот орындаушылардың 1 500 атқару парағы бойынша  іс қозғаудан заңсыз бас тартқаны анықталған. Негізінен бұл жағдай көлік салығын төлеуден жалтарғандарға қатысты болған. Борышкердің көлігі мен мүлкіне қатысты бұғаттау шарасына қатысты көзжұмбайлық жасаудың 406 оқиғасы тіркелді.

Сондай-ақ сот шешімімен салық қарызын өтемеген тұлғалардың шетелге шығуына қойылған тосқауыл шаралары дер кезінде атқарылмай отыр. Мысалға, өткен жылы 74 000 борышкерге қатысты шешімін орындалмай, мемлекетке қарыз адамдар ел шекарасын еш кедергісіз кесіп өткен екен.