31 Шілде, 2013

Зайсан өнерпаздары әнге бөледі

441 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысында аудандардың мәдени күндерін өткізу дәстүрге айналған. Зайсан ауданының Өскемендегі мәдени күндері есте қаларлықтай болып өтті. Оған осы өңірдің талантты ұл-қыздары, бұл күндері Алматыда тұрып жатқан ақын Ұлықбек Есдәулет, күміс көмей әншілер Дәлел Уәш, Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер, техника ғылымдарының докторы, академик Марат Бітімбаев, Өскемендегі зиялы азаматтар, Зайсанның өнерпаздары қатысты.

Алматыдан келген әншілер, Үржар ауданының талантты өнерпазы, дәулескер күйші Секен Тұрысбек, зайсандық өнерпаздар төрт сағат бойы облыс орталығы тұрғындарын ән мен күйге бөледі. Кешкілік қала тұрғындары гала концертті тамашалады. Кеште сөз алған Зайсан ауданының әкімі Алмас Оңдақанов өңір басшысы Б.Сапарбаевтың бастамасымен қанат қаққан «Туған жерге тағзым!» акциясының ауылдарда да жалғасып жатқанын тілге тиек етті.

Осы сенбіде Аягөз ауданының Өскемендегі мәдени күндері өтпек. Тәлім аларлық мәдени шара жыл соңына дейін жалғаса береді.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ӨСКЕМЕН.