31 Шілде, 2013

Оқу жылына дайындық ойдағыдай

342 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қорғалжын ауданында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары белсенді түрде атқарылуда. Қазірдің өзінде ең ірі «Дружба» орта мектебі алғашқы қоңырау салтанатына әзірліктің соңғы нүктесін қоюға жақын.

Аталған мектепті күр­делі жөндеуден өткізуге «Жұ­мыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 78 миллион теңге бөлінген болатын. Бүгінгі күні қар­жы толығымен игеріліп, ат­қарылған жұмыстарға жоғары баға берілуде. Мұнда 32 орындық интернат пен 40 орындық мектеп жасына дейінгі шағын орталық жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, бағдарлама аясында жергілікті тұрғындарды жөндеу жұмыстарына тарту және мектептің әмбебап қызметін қамтамасыз ету сияқты екі бірдей әлеуметтік жоба жүзеге асырылып отырғанын айтқымыз келеді.

Дайындық кезеңінде Қорғалжын мектеп-гимназия­сына 26 миллион теңгенің жаңа блок-модульдік қазандығы сатып алынды. Қос қазандықты орнатумен бірге мектептің көмір қоймасы жөнделіп, қосалқы ғимараттар жаңғыртылды. Жаңадан жабдықталған қазандықтың қуаты оқу орнының бес қабатты ғимаратын толық жылыта алады.

Мұндай блок-модульдік қазандықтар «Балауса» балалар бақшасы мен аудандық мәдениет үйінде де орнатылатын болады. Сондай-ақ, Аманкелді, Қызылту, Майшұқыр және Ш.Уәлиханов атындағы мектептердің жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Бұл мақсатқа 2 миллион 700 мың теңге қаржы бөлінген.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы,

Қорғалжын ауданы.