Қазақпарат тілшісінің хабарлауынша, мәжілісмендердің жұмыс тобы әуелі облыстың партия белсенділерімен кездескен. Жиында елді мекендерді оңтайландыру, әлеуметтік жәрдемақы төлеудің жаңа жүйесі және әлеуметтік көмек пакеті сөз болған. Сонымен қатар Жастар жылының қорытындылары туралы да ақпарат берілген.
Депутаттар Қостанай қаласының белсенді жастарымен де кездесті. Басқосу барысында, әсіресе, облыстағы жастар саясатын дамыту саласындағы ең өзекті мәселелер анықталды. Ұсыныстар мен пікірлер депутаттар назарына алынды.
Ирина Аронова Парламент жұмысы барынша ашық екенін атап өтті.
«Өткен жылдан бастап нақты уақыт режімінде жұмыс топтарының отырысы өтіп жатыр. Депутаттық сауалдарды қалыптастыруда облыстық және аудандық мәслихаттарға ерекше рөл бөлінген. Бұл ретте Қостанай облысының Парламентпен өзара іс-қимыл бөлігіндегі жұмысы республикадағы ең үздіктердің бірі деп танылды» деді депутат.
Сапар аясында депутаттар облыстың шалғай ауылдарын аралауға бекініп отыр.