Өскемендегі Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана ұжымы жақында Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 155 жыл толуына орай «Сахараның дана ойшылы» тақырыбындағы библио-шаңырақ жобасының ашылу салтанатын өткізді.
Орталық саябақтағы Шәкәрім ескерткішінің жанына қазақы киіз үй құрылып, іші ұлттық жиһаздармен, қолөнер бұйымдарымен, жәдігерлермен безендірілді. Сонымен қатар, қазіргі заманға сай заманауи сөрелер мен үстелдерге ақын өмірі мен шығармашылығына арналған кітапхана қорында бар әдебиеттер мен басылым беттеріне шыққан мақалалар қойылды. Ұлы ғұламаның шығармаларын насихаттау мақсатында онкүндік бағдарлама ұйымдастырылды.
Абай атамыздың ақын інісі, дарынды шәкірті, мұрагері, ізбасары Шәкәрім бабамыздың өшпес мұрасын осылай әспеттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуді өзімізге парыз санаймыз. Шараға қатысушыларға Шәкәрім Құдайбердіұлының ақын, сазгер, шебер аудармашы, терең ойшыл философ, тарихшы, түрік әдебиеттерін де зерттеген, жан-жақты энциклопедиялық білімі бар оқымысты болғанын әңгімеледік. Ақын бабамыз нақақ жаланың құрбаны болып, ГПУ жендеттерінің қолынан қаза тапты, Бақанас ауылындағы «Саятқора» маңындағы құдықта 30 жыл бойы көмусіз жатқан. 1961 жылы Ахат Шәкәрімұлының арқасында ғана ағасы ұлы ақын Абайдың қасына жерленді.
Мерекелік онкүндік аясында ұйымдастырылған шаралар Орталық саябақта, Шәкәрім көшесінің бойында, жалғасын табады. Ақын шығармашылығымен кеңінен танысқысы келетін көпшілік қауым үшін қазақ үйінде «Сахараның дана ойшылы» тақырыбындағы кітап көрмесі он күн бойы қызмет етеді.
Шолпан АЙКЕБАЕВА,
Абай атындағы кітапхана қызметкері.