Сұхбат • 07 Қаңтар, 2020

Нұрлан КЕНЖЕАХМЕТ: Кеңгір-Тұра тарихта болған

1223 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Газетіміздің былтырғы 23 мамырдағы нөмірінде жарық көрген «Мыңжылдық тарихы бар қала» атты мақалада Қытайда білім алған, бүгінде Германияда тұратын тарихшы, Гумбольдт сыйлығының иегері Нұрлан Кенжеахмет «Өскемен 1757 жылдарға дейін Кеңгір-Тұра аталған» деген тың деректі айтқан еді. Жақында алыста жүрген ғалыммен телефон арқылы сөйлесіп, Өскемен тарихына қатысты құнды мәліметтерге қанықтық.

Нұрлан КЕНЖЕАХМЕТ: Кеңгір-Тұра тарихта болған

– 1760 жылы сызылған кө­не картада Кеңгір-Тұра бел­гі­ленген дейсіз бе? Бұл жақ­сы де­рек екен.

– Қытайды 250 жыл билеген мән­жүрлердің Цяньлун деген пат­шасы 104 қола тақтаға 13 қа­тар етіп, ойып сыздырған карта 1760 жылы баспадан шыққан. Қо­ла тақта 1925 жылы Бейжіңдегі патша ордасынан табылған соң ғана ғылым әлеміне мәлім бол­ған. Бұл картада Өскемен «Орыс Кеңгір-Тұра», Семей «Орыс Сэн­болат», яғни бұл қалалар орыс­тың иелігінде деп жазылған. Картадан Өскеменге жақын маң­да орналасқан Аблай-кит қорғанын және Шар өзенін де кө­руге болады. Кеңгір-Тұраның ал­дына орыс дегенді қосқаны Кең­­гір-Тұра тарихына әсер ет­пейді. Қытайлар жоңғарлардан парықтау үшін осы сөзді қосқан. Жалпы, бұл карта сызылмас бұрын Бейжіңге Франциядан ғалымдар шақырылған. Содан кейін оларды батысқа, яғни қазіргі қазақ даласына жіберген. Олар орыстардан да, жергілікті қазақтардан да мәліметтер алып, Бейжіңге барып, осы картаны ең әуелі мәнжүр тілінде сызған. Яғни, 1760 жылы бұл карта мән­жүр және қытай тілдерінде жарық көрген. Жалпы, бұл карта архивте көп жыл құпия сақталған.

– Сонда Өскемен Кеңгір-Тұ­ра, Семей Сэнболотэ деп атал­ған болды ғой бұрын.

– Кеңгір-Тұра тарихта бол­ған. Қазір ұмытылғанымен, ке­зінде атағы жайылған шаһар. Бұ­ған күмән келтіруге болмай­ды. Қытайдың Әмірсананы қуып кел­ген әскерлерінің қолбас­шы­сы­ның «Кеңгір Тұра орыстың ша­ғын қаласы» деп суреттеуіне қа­рағанда, Кеңгір-Тұра орыс­тар бекініс салғаннан кейін де Кеңгір-Тұра деп аталған сияқты. Ол кезде Өскемен деп аталмаған болуы мүмкін. Ал Семейге келсек, Семей көне түркі тіліндегі сүме сөзінен шыққан деп айтылып жүр. Сүме пұтхана деген мағы­наны білдіреді. Орыстар Сэн­болотэні Семпалат деп өзгер­те салуы мүмкін. Болот қала, сэн сүменің қысқартылған мағынасы болуы мүмкін. Ол жерде кезінде түркілер әртүрлі дінге сенді ғой. Сонда Сэнболотэ храмды қала, пұтханалар шаһары дегенге келеді. Башқұрттың белгілі қоғам қайраткері Зәки Уәлиди 1941 жылғы картасында Семейді Жеті там деп атаған.

– Кеңгір деген өзен болған дейсіз бе? Мұндай деректі ал­ғаш рет естуіміз.

– Бұл дерек Ренат картасында бар. Ренат Юхан Густав деген шведтің әскери қызметкері 1716-1733 жылдары жоңғарлардың тұт­­қынында болған кезінде осы кар­таны сызған дейді. Жал­пы, Ренат Жоңғария мен Шы­ғыс Түр­кістанның картасын жасаған алғашқы еуропалық. Бір ғажабы, бұл көне карта қазір Швецияда сақтаулы. Айтайын дегенім, осы картада Шығыс Қазақстандағы бірқатар жер-су аты берілген. Картаға мұ­қият қарасаңыз, Шүлбі, Үлбі жә­не Бұқтырма өзендерінің ортасында Кеңгер, яғни Кеңгір деген жазуды көресіз. Демек, Өс­кемен маңында Кеңгір деген өзен болған. Бәлкім, тартылып кеткен, бәлкім, үйінді астында қалған. Осы Ренат картасын зерттеген Алексей Макшеев деген орыс ғалымы Кеңгір өзені Үлбі өзені болуы мүмкін деп жазыпты. Бірақ картада Үлбі Кең­гірдің жоғары жағында тұр. Бұл карта ағылшын саяхатшысы Джон Бадделидің «Ресей, Моңғолия және Қытай» деп аталатын екі томдық монографиясына да енген.

– Елімізде Кеңгір ауылы, Кеңгір өзені деген секілді жер-су атаулары бар екенін білеміз. Ал тұра сөзінің мағынасын көп жұрт біле бермейді. Тұра сөзінің мағынасы қандай?

 – Тұра деген сөз көне түркі тілінде қорған, қалашық деген мағынаны білдіреді. Осман түріктері тілінде мұнара, бекініс, төрт­бұрышты ағаш немесе тас құ­рылыс, ал Сібірдегі хакас, шор қатарлы түркітілдес ұлттар ті­лінде қала, төртбұрышты үй деген мағына береді. Жалпы, Ертіс өзені сағасындағы қала атта­­рының соңында тұра сөзі қосарлана жүреді. Тұра туралы тү­сініктеме қытайдың XVI ғасырда жазылған «Сучжэнь хуа-и чжи» атты географиялық еңбегінде: «Қоңыраулы мұнара қаланың сол­түстік батыс бұры­шындағы Цзюшэнсы монастырында. Айту­ларға қарағанда, осы монастырь ежелгі Батыс Өлкедегі Тұра екен» деген дерек бар. «Мин ши» кіта­бында: «Тура (Тула) қытай тілінде Датай (үл­кен текшелі ғимарат) деген ма­ғына береді» делінген. XIV ғасыр соңында Батыс Сібірдегі Тобыл өзенінің бір саласы Тұра өзенінің бойында Чинги-Тұра немесе Чимги-Тұра қаласын астана еткен Шайбан әулетінің билігі орнады. Аталған өзен қаланың атымен Тұра өзені деп аталды. Алтын орда билік еткен тұста Бара­­бин ойпатындағы Омь өзені алқабында Чинги-Тұра (Тюмень), Қызыл-Тұра (Краснояр), Зубар-Тұра, Кысым-Тұра (орысша Де­вичий город, осы аттас қаладан екеуі бар: бірі Вагайдың Ертіске құяр сағасында, енді бірі Искер қала­­сының маңында), Жанги-Тұ­ра, Сібір (Искер немесе Қаш­лық) және Тон-Тұра (Томск), сон­дай-ақ Аба-Тұра (қазіргі Ре­сей­дегі Кузнецк), Қызылжар-Тұ­ра қа­лаларының болғандығы мә­лім.

– Сіз көптен бері көне карталарды зерттеп келесіз. Осы кар­таларды академиялық тұр­ғыдан зерттеу ойыңызда бар ма?

– Үш-төрт жыл бұрын ірі жо­ба жасап, Білім және ғылым министрлігіне ұсынғанмын. Өкі­нішке қарай олар жобамды тү­сінбеді ме, кері кайтарды. Бір қызығы, менің жобамнан кейін Қа­зақстанның киелі жерлерін зерттеу бағдарламасы басталды. Ғылым жолы ауыр жол, ол – кейінгі ұрпаққа рухани байлық жи­нау жолы. Өкі­ніштісі, еліміз маңызы жоқ, бір мезеттік мән-мағынасыз кон­фе­ренцияларға ақша аямайды. Ал мемлекеттік маңызы бар ғы­лыми жобаларға келген­де сараңдық танытады. Мысалы, XVII-XIX ғасырлардағы орыс-ба­тыс, еуропалық карталарда қазақ даласының жер аттары орысша аталады, ал осы тұс­тағы шығыс карталарында (мәнжүр-қытай, жоңғар) қазақ жерлері қазақша аталады. Шоқан еңбектеріндегі қазақ жерлеріне сәйкес келеді. Жер атауларында тарих сақталған. Оған нағыз, өз ісіне жетік білікті мамандар керек, әлемдік ғылымды дәйекті ғылыми тұжырымдармен мойындату керек. Жер аттарының тарихын дәлелдеу тарихи карто­гра­фиялық, этимологиялық, ар­хеологиялық дәлелдерді қажет ете­ді. Германияның Гумбольдт қо­ры XІII-XVIІ ғасырлар аралығындағы Еура­зияның тарихи географиясы туралы академиялық зерттеулеріме жақсы қолдау көрсетті. Ал осы ең­бегімнің жалғасын (ХVІІІ-ХІХ ғғ.) өз елімде зерттейін деп минис­трлікке өтініш берген едім, жобам өтпей қалды. Жобамды қараған «ма­мандар» қазақ тарихы үшін маңызы жоқ деген уәж айтқан секілді. Десек те, менің ғылыми жұмыстарымды қолдап, қуаттаған Бердібек Сапар­баев сияқты ел ағаларына, академик Тұяқбай Рысбековке алғысым шексіз.

– Құнды деректерге толы сұх­батыңыз үшін алғыс білдіреміз.

 

Ренат картасы. 1716-1733 жылдар шамасында сызылған

1

 

Мәнжүрлердің Цяньлун деген патшасы 1760 жылы сыздырған карта

2

ӨСКЕМЕН