31 Шілде, 2013

Шарын шатқалы

4048 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін


2d02bdc4b8a7115c4543786ea0a7612d big-1

Мұнда 5 миллион жылдан бергі табиғат ескерткіштерінің ізі бар

Қызғылт түсті құм жоталарынан түзілген Шарын шатқалына дендеп енген сайын күндердің күнінде бұл қыраттарды да жауын шайып, жел ұшырып әкетер деген бір ой жылт етері хақ. Артынша дәл қазір табанымыз тиіп тұрған Шарын шатқалы – палеолит, мезолит, неолит деп үш кезеңге бөлінетін Тас дәуірінің алғашқысы палеолит (көнетас) б.з.д. 2,6 млн. – 12/10 мыңжылдыққа дейінгі дәуірінің ескерткіші екені санада қылаң береді. Қылаң беріп қана қоймай, жер шарындағы осынау ең ірі экзотикалық орын құпияларын ашуға бастайды. Сусылдаған қызғылт топырақ іспетті көрінетін ерекше шайылған формалар, желденген рельефтер біртіндеп бағзы замандарда құм тауларынан жасалған ертегілер әлеміне алып кете барады...

«Шарын шатқалы туралы мағлұматтар мерзімді басылым­дарда ғана емес интернет желі­сінде де өте көп жазылған. Бірақ соның денінде бірізділік жоқ. Кө­шірмелер. Негізі табиғат – ана­ның інжу-маржаны болып саналатын Шарын шатқалы туралы сөз қозғағанда алдымен динозаврлар дәуірінің жұрнағы һәм халықаралық кадастр бойынша жоғалып бара жатқан соғды ерені жайлы айтып қана қоймай сол құндылықты сақтап, келер ұрпақ өкіліне жеткізу мәселесін көтерген лазым. Құдайға шүкір, 1964 жылдан бастап табиғат ескерткіші деп саналып, мемлекеттік қорғауға алынған ерен тоғайы бүгінде 5014 гектар жерді алып жатыр. Тоғайда 7 ересек адам қол ұстаса шеңберлене тұрғанда құшақтары әрең жететін ерен ағашы бар» деді Алматы облысының Райымбек, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандары аумағында ҚР Үкіметінің 2004 жылғы № 213 каулысына сәйкес ұйымдастырылып, бүгінде 93,2 мың га жерді алып жатқан Шарын мемлекеттік ұлттық табиғат бағы­ның бас директоры Тоқтам Бектемісов.

чарын-1Әсілі, табиғат-ана шебер ғой. Шарын шатқалын қақ жара батыстан шығысқа қарай арындай аққан Шарын өзені теңіз деңгейінен 6995 метр биіктікте жатқан әлемдегі екінші биік шың қасиетті Хантәңірінен бас­тау алатын Шалкөде, Қарқара, Кеген, Шет Меркі, Орта Меркі, Кеңсу, Темірлік атты үлкенді-кішілі тау өзендерін қосып алып Іле дариясына барып құяды. Бұл жерде ұлылық хақында айта кеткен жөн. Адуынды өзен секілді Шарын шатқалының кереметтігі сол, әлемде соғды ерені сынды табиғат ескерткіші бар Үлкен шатқал Солтүстік Америкада, ал Кіші шатқал Шарында ғана сақталған. Соғды ерен тоғайының ғаламаттығы дейміз бе, мүмкін құдіреттің күші шығар, әйтеуір бұл өңірде өнетін өсімдіктер мүлде бөлек, түрі де мол. Соның әсері болар аң-құстары, тіпті балық, бақа, шаян, құрт-құмырсқасына дейін дараланып, үңіле қалсаңыз көне заман құпияларынан сыр тартатын да тәрізді. Бүгінде Ұлттық бақта 940 түрлі өсімдік өседі, оның 60-қа жуығы эндемиктер. 21 түрлі өсімдік қорғауға алынып Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сүт қоректілердің 60, құстардың 300, бауырмен жорғалаушылардың 20, балықтың 10 түрі бар. Бағзы замандарда осы өңірде тіршілік етіп, құдіреттің күшімен жойылып кеткен пілдердің, мастодонттардың, мүйізтұмсықтардың, қорқау қасқырлардың, стенон жылқы­сы­ның қаңқалары әр, әр жерлерден табылып, саяхатшы-мамандар пікірлерімен расталғаны тағы бар. Көне тарих жәдігерлері жайлы сөз қозғап отырған себебіміз, атақонысымыз болған ұлттық бақ аумағындағы Сарытоғайға бала күнімізде сан рет келіп, табиғат таңғажайыптарын тамашалап, әдемі бір әсерге бөлене сәбилік сезімді жарыса ағытатынбыз. Келесі кездесуде бірімізден екін­шіміз асып түсу, яғни тосын әңгіме айтып, тең-тұсымызды ұйыту үшін қарияларды қажағанда «қызыл қамалдар аңғары», «жалмауыз кемпір шатқалы» деген атауларды еститінбіз. Өңір өзендері батысқа бет алғанда Шарын өзені неге шығысқа қарай ағады? Құдды саңырауқұлақ іспетті қалқайып атты адамнан да биік әрі енді болып тұрған қызғылт құмнан түзілген шыңды алапат дауылды – жел неге құлатпайды? Аң-құсын айтпағанда сан алуан өсімдіктері өзіндік ерекшелігімен неге дараланады деген сұрақтарды ағытатынымыз тағы бар еді..

«Шарын шатқалының климаты – континентальды. Қо­ңыр­жай климаттық белдеу­ге кіреді. Материктің ішінде аумақ­тың географиялық орнымен, мұхиттарға алыстығымен, төменгі ендікпен, атмосфералық айна­лымның жағдайымен анықталады. Қыс­ты күні аумаққа Сібір бари­калық жоғары сілемдері, жазда Орта Азиялық термиялық депрессия әсер етеді. Көктемі созылып, құбылмалы болады. Кей жылдары үсік жүріп, қар жауады. Күзде қарсы және циклонды құбылыстар күшейеді. Ұлттық бақтың негізгі аумағы Іле тауаралық шұңқырының орта­лық бөлігінен айқын көрінеді. Со­нымен бірге, шығыстан батысқа қа­рай қуаңшылық байқалады. Баты­сында және Сөгеті – Бұғыты сі­лем­дерінде көктемде 325 мм, ал шы­ғысында 125 мм жауын жауады» дейді Ұлттық бақ бас директоры.

granc11 0

 

Шарын шатқалының рельефі туралы сөз қозғал­­­­ғанда баса назар аударатын ғылыми негіздегі бір мағлұмат: Солтүстік Тянь-Шанның солтүстік-шығыс бөлігі мен Шарын өзенінің орта және төменгі ағысы орналасқан жер бедері мен компоненттері еш жерде қайталанбайды. Әрі ландшафтарының қалып­тасуы мен дифференциясының негізіндегі марфа­құрылымы мен марфабедері ғылыми һәм эстетикалық маңызы зор құбылыс. Зердеге тоқитын тағы бір құндылық қалыптасуы эндогендік және экзогендік құбылыстардың арақатынасының ақпарат көзі болып есептеледі. Жер бедерінің осы күнгі бейнесі неоген дәуірінде дифференциял­ды тектоникалық қозғалыстың нәтижесінде, комплексті денудация және аккумуляция процес­терінің нәтижесінде қалыптасқан. Тізбелей берсеңіз Шарын шатқа­лында бірінен екіншісі асып түсетін құндылықтар санатына кіретін соғды еренінен басқа, яғни төрткүл дү­­­ниеде сирек кездесетін ауған терегі, әртүрлі жапырақты терек, іле ұшқаты, семенов үйең­кесі, жоңғар реомюриясы, іле сексеуілі өседі. Сонымен қатар, сирек кез­десетін қолаңтас, жыланшы қыран, қара дегелек, үкі, ителгі, жұртшы, орта азия­лық бақа, шұбар батбат кесіртке де бар .

Қорыта айтқанда, осынау баға жетпес табиғат ескерткіштері қалай қорғалуда? Ұлттық бақтағы Үлкен Бұғыты тауының солтүстік шығысында қарақұйрықтар мен текелердің жайылымдарын кеңейтіп, сексеуіл секілді 61 түрлі сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау дұрыс жүйеге қойылғаны қуантады. Негізі Кызыл Қарасай қарақұйрықтың және дуадақ, бүркіт, ителгі өмір сүретін өңірі болғандықтан, Ұлттық бақ бас директоры тікелей қамқорлығына алған. Тек Қазақстанда кездесетін бұта-ағаш тектес сораң секілді өсімдіктердің 11 түрі қамқорлыққа алынып, ерекше бальнеологиялық бағалы минерал суы бар гидро­ло­гиялық нысан да күтіледі.

«Ұлттық бақ қызметкерлерінің төл міндеті – табиғи кешендерді қор­ғау, сақтау, зерттеу және қал­пына келтіру, ғылыми жұмыс­тарды жүргізу, экологиялық ағартуды ұйымдастыру, эколо­гия­лық ту­ризм­ді, рекреацияны, шектел­ген шаруа­шылық қызметті ұйым­дастыру және жүзеге асыру болып табылады. Республикалық бюджеттен қаржы­лан­дырылып, жұмыс істейтін 46 адам тұрақты еңбек­ақыларын алып, өз ара үздіксіз радиобайланыспен, авто­көліктермен, мініс аттарымен қамтама­сыз етіл­ген. Ағымдағы жылдың 6 айында табиғи кешен­дер­ді қорғау мақсатында 144 рейд ұйымдастырылып, та­биғат заң­дылығын бұзушылықтың 2 фактісі анық­талды. Соған сәйкес, 2 адамға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынып, келтірілген залал бюджетке құйылды.

Ұлттық бақ бойынша 2013-2017 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспары жасалынып, соғды еренінің орман өсірушілік-экологиялық жағдайын бағалау және оның табиғи түрде қайта жаңғыру жолын зерттеу, жануарлар дүниесіне мониторинг жасау, сүтқоректілер мен құстарды түгендеу және мекендейтін ортасын анықтау, өсімдіктер дүниесінің түрлік гербарий жиынтықтарын жасау және төменгі сатыдағы өсімдіктер (саңырауқұлақтар, балдырлар) дүниесін түгендеу барысында бірқатар жұмыс атқарылды. Осы орайда жыл сайын ғылыми негізде жүйелі жұмыс жүргізіліп, Табиғат жылнамасы кітабы жасалынады.

Ұлттық бақ аумағында 49 шақырымдық 3 туристік маршрут бар. Олар – Шарын ерен тоғайы, Қазақстанның жеті кереметінің қатарына кіретін Шарын шатқалы және бейіттер мен қорғандар. Бұл маршруттар Алматы облы­сында туризмді дамыту мақсатында Іле-Алатау, Алтынемел, Көлсай көлдері, Шарын атты төрт ұлттық бақ бойынша бірлесіп жасалынған «Жетісудың алтын айналымы» атты біріккен маршрутына ен­гізілді. Біздің тарапымыздан ба­ғыт­тарда көру алаңдары, фотосуреттерге түсу орындары, авто­тұрақ жасалынып, киіз үйлер, айналымдарда 12 орындық 2 қонақ үй ал Ұлттық бақ орталығында 40 орындық қонақ үй жұмыс іс­тей­ді. Нәтижесінде ағымдағы жылы 1500 турист қабылданып, мем­лекеттік бюджетке 265 мың тең­ге, арнайы есеп шотқа 2000 мың теңг е құйылды», деді Шарын мем­лекеттік ұлттық табиғат бағының бас директоры Тоқтам Бектемісов.

Тұтастай алғанда, үлкен жа­уапкер­­шілікті талап ететін бұл жұмыс ең бастысы тұрғылықты халықпен тіл табыса отырып, саяхатқа келушілердің ешнәрсені бүлдірмеуін жіті бақылауда ұстауды қажет етеді. Ұлттық бақ аумағында 3 га жерде уақытша орман тұқым бағы (питомник) егіліп, әртүрлі ағаш көшеттері өсіріледі. Тұрғындарды отынмен қамтамасыз ету мақсатында 165 текше метр отын дайындалды. Жыл сайын өткізілетін «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясы кезінде аудан орталығындағы мектептердің қатысуымен парк кеңсесі төңірегіне 550 мың теңгелік 2 мың түп көшет отырғызылды. Тоқтам Бектемісовтің осы ең­бе­гі мемлекет тарапынан да еске­ріліп, 2010 жылы Қазақстан Рес­публикасы «Туризмінің құрмет­­­­ті қыз­меткері», 2013 жылы «Эко­логия саласының үздігі» төс­бел­гілерімен марапатталды. Таби­ғат ескерт­­­кіштерін көзінің қара­шығындай қорғап, таби­ғат-анаға жан-тәнімен беріле қызмет етіп, онымен сырласа білетін жанға бұл да бір ілтипат белгісі емес пе?!

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.