Аймақтар • 07 Қаңтар, 2020

Алматы облысында 203 жер телімінің иесі сотқа шақырылды

824 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысы, Іле ауданы Боралдай ауылдық округінің аумағында бой көтерген Жайнақ ауылының тұрғындары сотқа шақыру алды.

Алматы облысында 203 жер телімінің иесі сотқа шақырылды

Ауыл тұрғындарының атынан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне хабарласқан заңгер Нұрлан Байғазиевтің айтуынша, Алматы облысының жер қатынастары басқармасы елді мекен аумағындағы 203 жер тілімінің иесін сотқа беріп, құжаттарға берілген жекеменшік құқығын заңсыз деп тануды талап етіп отыр екен.

Тұрғындар ресми мекеменің бұл талабын түсінбей, наразылық білдіруде. Өйткені, тұрғындардың қолында жерге заңды иелік етуге берілген мемлекеттік акті бар, елді мекен аумағында тұрғын үй салуға рұхсат берілгені жайында да құжаттары түгел. Және баспанаға мұқтаж адамдар  жер телімдерін Боралдай ауылдық округі әкімінің шешімімен жекеменшікке айналдырған тұлғалардан сатып алған. Әуелгіде аумақтағы телімдер үшін 1 млн теңгеден 2 млн 500 мың теңгеге дейін баға белгіленген екен.

Ал облыстық басқарманың да өз уәжі бар екен. Мамандар аумақтың бас жоспарының өгеруіне байланысты, елді мекен орналасқан жер мемлекет қажеті үшін қайтарылуы керек деп отыр. Тұрғындар мен атқарушы билік арасындағы текетіреске айналған даулы іске қатысты әділ шешімді енді сот айтуы тиіс.