Аймақтар • 07 Қаңтар, 2020

«Оралда эпидемия жоқ» деп хабарлады мамандар

171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласы тұрғындары арасында «тұмау ауруынан екі бала қаза тапқаны» жөнінде ақпараттарап, ел-жұрт дүрлігіп қалған болатын. Батыс Қазақстан облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Оралда эпидемия жоқ» деп хабарлады мамандар

«Батыс Қазақстан облысында тұмау ауруының таралу деңгейі тұрақты. Тұмаудың асқынған түрі тіркелген жоқАхуал жылдағы деңгеймен бірдей. Сондықтан облыс тұрғындарына ешқандай уайымға себеп жоқ. Облыста тұмау, басқа да ЖРВЖ аурулары БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жіті қадағалауында» делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Эпидемиялық маусым басталғалы бері, яғни 2019 жылғы 1 қазаннан бастап биылғы 6 қаңтарға дейінгі аралықта Батыс қазақстан облысында жіті респираторлық-вирустық жұқпаның 7776 оқиғасы тіркелді. Ауырғандардың дені, яғни 75,6%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар екен. Осы аралықта 348 пневмония оқиғасы да тіркелген. Бұлар түгелге жуық (97,7%) 14 жасқа дейінгі балалар. Абырой болғанда адам өлімі жоқ.

«Облыс бойынша «В» тұмауы вирусының айналымы анықталды, тұмаудың зертханалық расталған 42 жағдайы тіркелді, 14 жасқа дейінгі ауырған балалардың үлес салмағы 85,7%» дейді департамент.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды жіті қадағалап, күнделікті мониторинг жүргізіп отыр.