Кеше Қарағандының «Шахтер» командасы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойынында Албанияның «Скендербеу» клубымен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Бұл матч елорданың «Астана Арена» стадионында аса қызықты және тартысты жағдайда өтті. Кездесуде «Шахтер» салған беттен шабуылға шығып, қарсыластар қақпасына бірінен соң бірі қауіпті жағдайлар жасап отырды. Сондай сәттердің бірінде қарағандылықтардың ойыншысы Джилич есеп ашып, командасын алға шығарды. Осыдан кейін де «Шахтер» албандардың айып алаңынан шықпай, есепті еселеуге бар күшін салды. Бірақ қонақтардың қорғанысын бұза алмаған алаң иелері бірінші таймда жалғыз ғана гол соға алды. Ойынның екінші жартысында Роман Мұртазаев пен Сергей Хижниченко бір-бір голдың авторы атанды.
Жалпы, бұл кездесуде «Шахтердің» бұдан да үлкен есеппен жеңіске жетуге мүмкіндіктері болды. Мәселен, ойынның бірінші таймында қарсыластар қақпасына бір емес, бірнеше доп соғуға мүмкіндігі болса да, «Шахтердің» барлық ойыншылары мұндай сәтті тиімді пайдалана алмады. Екінші таймда да жағдай осылай қайталанды. Бұл матчта «Шахтерге» Еуропа командаларымен ойында әлі де тәжірибе жетіспейтіндігін көрдік. Осындай үлкен есеппен жеңуге болатын ойында отандастарымыз үш голды ғана қанағат тұтты.
Енді келесі ойын 6 тамызда Албанияның Тирана қаласында өтеді. Осы кездесуде алаң иелері «Шахтерді» 4 доп айырмашылығымен жеңбесе, қарағандылықтар Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шығады. Егер онда қарсыласын жеңсе, топтық кезеңге, ал жеңілсе, Еуропа лигасының топтық турниріне қатысады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».