Руханият • 09 Қаңтар, 2020

Президент: Ғұлама Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер

1011 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Ұлы Абайды әлем жұртшылығына өз деңгейінде таныта алмай келе жатқанымызды айтып, ғұламаның әлемдік мәдениеттің тұлғасы болуға әбден лайық екенін алға тартты.

Президент: Ғұлама Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер

«Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз»,- деді Мемлекет басшысы.

Президент мақаласында қазақ ұлтын, руханияты мен мәдениетін әлемге Абай арқылы таныту керектігін баса айтады.

«Мен көп жылғы дипломатиялық қызметімде басқа елдердің саясаткерлерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселе туралы пікір алмасып, ой бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнінде жақсы біледі. Ал рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?», деген сұрақ туындайды. Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады» делінген мақалада.