Бүгінде оңай олжаға құныққандардың дәніккендері соншалық, алдап-арбаудың түрлі әдіс-айлаларын меңгеріп, қарапайым халықты қан қақсатуда. Бұған дәлел ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ардагер Уайдиннің айтуынша, таяуда ІІД-нің кезекші бөліміне 34 жастағы Ембі тұрғыны хабарласып, 19 сәуірде Әуе қалашығы ауданында 33 жастағы әйелдің оған несие алып беруге көмектесетінін айтып, 52 мың теңгесін алып кеткендігін хабарлады. Криминалды полиция күдіктіні қолға түсірді. Іле-шала полиция қызметкерлері 35 жастағы тағы бір әйелді ұстаған. Ол тыйым салынған пәтерді алып беремін деп, екі әйелдің бірінен 80 мың, екіншісінен 800 мың теңге алып, алдап кеткен. 46 жастағы тағы бір ақтөбелік жөндеу жұмыстарын жүргізуге уәде беріп, 28 жастағы жігіттің 200 мың теңгесін қағып кетіпті.
Полицияға шағыммен келген 38 жастағы әйел өзінің танысы 35 жастағы құрбысының үйіне келіп, «Нұрбанк» АҚ арқылы төмен баға бойынша пәтер алуға көмектесетінін айтып, 80 мың теңгесін қолды қылғанын айтқан. Ал 26 жастағы қыз бала 27 жастағы таныңқырамайтын бір жігіттің несиені төлеп тұрамын дегеніне сеніп, оның атына «Каспий банкінен» несие рәсімдеп, «Сулпак» сауда үйінен түрлі-түсті теледидар алып берген. Қыз сеніміне кірген азамат кейін ізін суытып, көрінбей кеткен. Ақша табудың арам жолын таңдаған ақтөбелік алаяқтар беттің арын белге түйіп, аңқаулардың аузын айға қаратып кетуге әбден дағдыланып алған. Қазір кім-көрінгенге сенетін кез емес. Сондықтан «майшелпек» жаудыруға дайын «пысықтарға» алданып қалмауға тырысу керек. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» дегендей, заңды айналып өтіп, игілікке қол жеткіземін деу әурешілік екенін ұдайы есте ұстаған жөн.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.