Еуразиялық экономикалық комиссия еңбек мигранттарының зейнетақы құқықтары әлі күнге дейін одақ елдерінің зейнетақы жүйесіндегі айырмашылықтарға байланысты барлық елде қалыптаспағанын еске салды. Комиссия бұған дейін одаққа мүше мемлекеттердің еңбеккерлерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жобасын мақұлдаған болатын. Сонымен қатар зейнетақы алу құқығын анықтау кезінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында шарт күшіне енгенге дейінгі және одан кейінгі еңбек өтілі есепке алынады.
Сарапшылар бұл келісімнің ЕАЭО-ға мүше елдердің азаматтарын әлеуметтік қорғау деңгейін арттыруға көмектеседі деген пікірде. Мүше мемлекеттердің аумағында жүздеген мың еңбек мигранты заңды негізде жұмыс істейді. Мысалы, Ресейде Қазақстанның 35 мыңнан астам азаматы еңбек етіп жүр. Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитетінің дерегі бойынша, 2019 жылғы 1 қаңтарда елімізге жұмысқа орналасуға келген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 34 619 азаматы, оның ішінде Арменияның – 3 121, Беларусьтің – 1 189, Қырғызстанның – 5 493, Ресейдің 24 816 азаматы тіркелген.
Келісім зейнетақы жүйесі кез келген жағдайда ешқандай өзгеріске ұшырамайды деген талаппен әзірленген. Дегенмен, сарапшылар оны кезең-кезеңмен жүзеге асыру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Әр елдің зейнетақы жүйесінің өзіндік ерекшелігі бар болғандықтан, ЕАЭО комиссиясы бұл тақырыпқа әлі қайта оралары анық.
Соңғы онжылдықта миграция интеграциялық сипатқа ие бола бастағаны байқалады. Осыған дейін тек Ресейге бағытталып келген қазақ миграциясы қазір әртараптана бастады. Аталған келісімді ЕАЭО көлемінде реттей алсақ, күні ертең халықаралық деңгейде заңдастыру жеңіл болатын көрінеді. Әзірге сиясы кеппеген келісім басқа елдерде жұмыс істейтін біздің азаматтарға өздерінің зейнетақы құқықтарын қалыптастыруға, сақтауға және одан әрі іске асыруға құқық береді деген үміт бар.
«Зейнетақы экспорты барлық елдердің мигранттарының құқын теңестіреді. Қазір зейнеткер-мигранттарды қабылдап алған ел оны аш қалдырмайды, ең төменгі мөлшердегі зейнетақы береді. Егер зейнетақы экспорты жүзеге асса, реципиент мемлекет азаматына тиесілі зейнетақының белгілі бір мөлшерін төлеуді өз міндетіне алады. Бұл – әділ жүйе», делінген ЕАЭО үкіметаралық комиссиясының құжатында.
Ресейге ыңғайлы құжат
Жақында Ресей Федерациясы 2020-2021 жылдары жаңа келісім бойынша зейнетақы қорынан 166 миллион рубль төленетіні, оның 97 миллионы одақтың өзге еліне көшіп кеткен Ресей азаматтарына төленуі тиіс екені, төлемдер мигранттардың еңбек өтіліне қарай өсірілетіні белгілі болды. Сарапшылар бұл келісімге Ресейдің үлкен дайындықпен келгенін айтып отыр. Былтыр 20 желтоқсан күні қол қойылған келісімде «Азамат экономикалық жағынан белсенді болып тұрған кезде мемлекеттің қалыптасуына еңбек етті. Енді оның зейнет жасындағы алаңсыз өміріне сол мемлекет септігін тигізуге тиіс» деген бап енгізілсін деген ұсыныс бұрын жиі айтылған-ды. Бұл ұсынысты талқылау келесі басқосудың тақырыбы ретінде ресми түрде бекітілді.
Осыған дейін ЕАЭО елдерінде Қазақстан мен Ресей миграциялық процестердің тартылыс нүктесіне айналып келген болатын. Ресейдегі санкция қыспағы да бұл процесті тоқтата алмады. Себебі бұл елге бағытталған миграцияға «Ресей өмір сүруге қолайлы мемлекет», деген пікір қалыптасқан. 2019 жылдың 9 айының көрсеткіші бойынша Ресейдің жарты миллионға жуық азаматы сырт елдерге көшіп кетса, 1 млн адам жұмыс іздеп келіпті.
Өзге елдерде де өзекті
Қазір мигрант-зейнеткерлердің проблемасы тек ЕАЭО емес, басқа да көптеген елдерде өзекті. Мәселен, Еуропаның халқы жыл санап «қартайып» барады. Бұл үдеріс ХХ ғасырдың аяғынан басталған-ды, алдағы онжылдықтарда бұл жылдамдай түсетін түрі бар. Еуропаның статистикалық ведомствосының деректеріне қарағанда, әзірге халықтың орташа жасы 40-тан аса қойған жоқ. 2050 жылға қарай Еуроодақ азаматтарының орташа жасы он жылға ұлғайып, 49 жасты алқымдайды. Өмір сүру ұзақтығы артуына орай 65 жастан асқан адамдар саны екі есеге өсті. Қазір еңбекке қабілетті 100 еуропалыққа 25 зейнеткерден келеді. 30 жылдан кейін бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғарылайды. Экономикалық белсенділік бағдары өзгермеген жағдайда 2050 жылға қарай әр 100 адамның 75 зейнеткерді асырауына тура келеді.
Сарапшы Ерлан Ибрагим бізге берген сұхбатында бұл жоба бұрынғы ТМД елдерінде көптен бері талқыланып келе жатқанын айтты. 1992 жылдың басында Украинаның Ресеймен шекаралас аймақтарда тұратын азаматтарына қосымша жәрдемақы төлеу туралы талабы Ресей тарапынан қолдау таппады. Тек Балтық жағалауында тұратын бұрынғы соғыс ардагерлеріне зейнетақы төлеу туралы ұсыныс заңдастырылды. Қазір Ресей соғыс ардагерлеріне арналған базалық зейнетақы қоры есебінен әр зейнеткерге 25-28 мың рубль төлеп тұрады. Бұл үшін зейнетақы қорынан жыл сайын 500 млн АҚШ доллары тұрақты түрде бөлінеді.
«Миграциялық саясат интеграциялана бастады. Алдағы уақытта бұл процесс ғаламдық сипатқа ие болып, донор немесе реципиент елдер деген түсінікті миграциялық саясатқа қатысты айтамыз. Әзірге Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанда да донор елдер қатарында. Реципиент елдер санатында Еуроодақ, АҚШ, Канада бар. Ал ЕАЭО-да бұл міндетті Қазақстан мен Ресей атқарып отыр», дейді Е.Ибрагим.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали зейнетақы міндеттемелерін өзара есепке алу жүйесін енгізу бірқатар әлеуметтік және экономикалық жеңілдіктерге жол ашатынын айтады.
«Біріншіден, бұл заңсыз көші-қон проблемасын ішінара шешіп, соған байланысты туындаған әлеуметтік шиеленісті болдырмайды. Екіншіден, бұл реципиент елдерді білікті кадрлар үшін тартымды етеді, яғни бұл елдердің билігі өздеріне жүктеген міндеттердің бәрін орындайды. Экономикалық тұрғыдан алғанда, көші-қонды заңдастыру зейнетақы қорларының салымын көбейтеді. Мұндай жүйені енгізудің тағы бір маңызды артықшылығы, ЕАЭО-ның ТМД-дағы интеграциялық өзек ретіндегі рөлін күшейтеді», дейді ол.
Ә.Ғалидың пайымдауынша, ЕАЭО зейнетақы келісіміне қол қою бүкіл әлемде болып жатқан интеграциялық процестердің бір бөлігі. Мұны Қазақстанда жүзеге асырудың құжаттамалық қиындығы жоқ. Одақтың өзге мүше мемлекеттерінен келген мигранттармен БЖЗҚ арқылы келісімшартқа отырса болды. Ол үшін тек зейнетақы келісімі ғана емес, осыған байланысты қолданыста жүрген заңдарды да бір жүйеге түсіру керек. Басқаша айтқанда, ЕАЭО зейнетақы заңдарын унификациялау қажет. Сол кезде мигранттың айлық табысының қанша пайызын қорға аудару мәселесін заң шеңберінде шешуге болады.
АЛМАТЫ