Руханият • 09 Қаңтар, 2020

Жүректегі жазулар

756 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жүректегі жазулар

– Есіңізде ме, бір топ бала ана-а-ау қырдың басынан бері қарай жарыса сырғанаушы едіңіздер ғой, – деді ол күлімсіреп. – Бас киімдеріңіздің құлағы желбіреп, ызғып келе жатып, сіздерге қы­зыға қарап тұрған қыз­дарды қа­ғып,  құлатып кете жаздайтынсыз­дар. Біз содан қорқып, улап-шу­лап, шыңғырып жан-жаққа қа­шатынбыз.

Ол ауылдағы шағын дүкенге темекі алу үшін кіріп еді. Дүкенші бір кездері мектепте өзінен үш класс төмен оқыған таныс келін­шек екен. Жымиып қарсы алып, сөредегі сигареттердің ең тәуірін таңдап ұсынып, есік алдына бірге ере шықты. (Қазір бәрібір, дүкенге келіп, сауда жасап жатқан ешкім жоқ.)

– Иә-ә, – деді ол келіншек нұс­қаған қыр жаққа қарап, басын изеп.

– Соңғы кездері ауылға сирек келе­тін болдыңыз...

Келіншек оған көңіліндегі назын білдіргендей көзінің қиығымен сынай қарады.

– Қалада жұмыс та, қызық та көп. Қолыңыз тимейтін шығар.

– Неге? – деді ол аз-кем қар­сы­лық білдірген сыңайда. – Ауылды бәрібір... сағынып жүреміз ғой.

– Кейінгі уақта мен баяғы-ы, мектепте оқып жүрген кезімізді жиі ес­ке аламын, – деді келіншектің дау­сына біртүрлі мұң араласып. – Есіңіз­де ме, бірде шанамен ыз­ғып келе жа­тып сырғанақтың ше­тінде тұрған мені байқамай қа­ғып өттіңіз. Қа­лың қар­ға күмп беріп, шалқамнан түс­тім. Бірақ еш жерім ауырған жоқ. Сіз болсаңыз, қатты қорыққан бо­луыңыз керек, жүгіріп келіп, мені орным­нан құшақтап тұрғызып, үстімді қағып, бетімді алақаныңызбен сүртіп, кірпігіме ілінген қарды жып-жылы деміңізбен үрлеп кетірдіңіз. Ол кезде сіз сегізінші, ал мен бесінші класта оқушы едік...

Ол мұны есіне түсіре алмады. Тек, іштей: «Балалық шақта талай-талай қызықтар өтті ғой бастан», дегендей езу тартып, жымиып қойды.

Содан соң жолда келе жатып: «Қы­зық... Неге айтты екен? – деп ойлады. – Кей-кейде осылай, ойда жоқта жүрек түкпіріндегі есте­ліктердің жарқ етіп бір көрініп қалатыны бар-ау...».