31 Шілде, 2013

Ұялы телефондар зарядынан тоққа түсушілер көбейіп келеді

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Компания Apple

Қазіргі күндері әлемде ұялы телефондардың зарядтағыш қондырғылары ұрған тоқтан зардап шегушілер қатары көбейіп келеді. Сондықтан бүгін Американың «Apple» компаниясы өз тұтынушыларынан зарядтағыш құралдың тек түпнұсқасын ғана қолдануларын сұрап, мәлімдеме жасады. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлап отыр.

Компания «iPhone» ұялы телефонына қатысты Қытайда орын алған оқиғаларға өзіндік тергеу жұмыстарын жүргізіп шықты.

Шілденің ортасында Қытай тұрғыны өзінің «iPhone» ұялы телефонын зарядтамақ болған кезде тоққа түскен. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер оның жүрегі тоқтағанын анықтаған. Абырой болғанда, медиктер 30 жасар жігіттің өмірін сақтап қала алды. Мамандардың анықтағанындай, зарядтағыш құрал түпнұсқа болмай шыққан, оған қоса, ол екі жылдай уақыт қолданылып келген.  

Екінші оқиға Қытайдың солтүстік-батысында орын алған. Бұл жолы 23 жасар стюардесса тоққа жалғанып тұрған телефонмен сөйлесу кезінде қаза тапқан.

Компания мәліметінде тұтынушылардың түпнұсқаны жасанды тауардан ажырата білулері үшін зарядтағыш құралдың толық сипаттамалары мен белгілері жазылған. «Тұтынушыларымыздың қауіпсіздігі біз үшін өте маңызды. Біз оларды зарядтағыш құралдың тек түпнұсқасын ғана қолдануымен қатар, тауарды корпорацияның арнай дүкендерінен ғана сатып алуға шақырамыз», – деп жазылды мәлімдемеде.

Айдар Өрісбаев.