Қоғам • 09 Қаңтар, 2020

Жанға бататыны – жер мәселесі

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін бірқатар кәсіпорынның жұмысымен танысты, саланы дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін түсіндірді.

Жанға бататыны – жер мәселесі

Халық қалаулысы мал шаруашылығын мықтап қолға алған жеке кәсіп иесі Болат Әбдірахмановтың шаруа қожалығында болып, кәсіпті кеңейтуге тұсау болып отырған бірқатар мәселені назарға алды. Атамекен елді мекенінде орналасқан аталған шаруашылық 2011 жылдан бері ел экономикасына сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде күніне 4 мың литрге жуық сүт өндіретін кәсіпкер мал өнімдерін одан әрі ұлғайтуды көздеп отыр. Сүт өндірісін оң жолға қойған шаруа қожалығында 20 орындық сауын залы, 7 миллион теңге сомасына алынған сүтті салқындатқыш, Түркиядан шығарылған малды байлап бағу қондырғылары орнатылған.

Кездесу барысында шаруа қожалығының иесі Болат Әбдірахманов Мәжіліс депутатына жер мәселесі бойынша бірнеше жылдан бері түйіні шешілмей келе жатқан өткір жайлардың барын алға тартты. Әкімдікке бірнеше мәрте хат жазғанымен, жер мәселесі әлі де болса шешімін таппай келеді. Мәжіліс депутаты аталған жайды өзінің қатаң бақылауына алатынын жеткізіп, бірден тиісті органдарға өз атынан хаттар жазылатынын хабарлады. Өз кезегінде халық қалаулысының өндіріс орнына келгеніне разылығын айтып, шаруашылықтың алдағы уақытта ет-сүт өнімдерін өңдеуді сату нарығын кеңейту туралы жоспарларымен бөлісті.

Бұдан әрі депутат Жасыл елді мекенінде орналасқан «Бурабай Сыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ірімшік зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Аталған кәсіпорын цехы былтырғы жылы ғана іске қосылса да, елдің экономикасына едәуір үлесін қосып келеді. Сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын зауыт тәулігіне екі тонна таза өнім өндіруде. Төрт адамды жұмыспен қамтыған өндіріс орны жұмысшыларының 100 мың теңге көлемінде жалақымен қамтылғанын атап өтті.

Кәсіпорын ұжымымен өткен кездесуде депутат еліміздегі бизнестің дамуына барынша қолайлы жағдай жасалғанын тілге тиек етті. Әрі ауыл шаруашылық өнімдеріне мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау білдірілгені жайында атап өтті. Өз кезегінде кәсіпорын басшылығы халық қалаулысының өндіріс орнына келгеніне ризашылығын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

 

Бурабай ауданы,

Ақмола облысы