Медицина • 09 Қаңтар, 2020

Түркістан: медициналық ұйымдардың МӘМС жүйесіне дайындығы жоғары

264 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бірінші қаңтардан бастап  толықтай күшіне енген МӘМС жүйесі шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамту деңгейі Түркістан  облысы бойынша 91,6%-ды құрайды. Өңір халқының 8,4%-ы немесе 66652 адам «шартты түрде сақтандырылмаған» болып есептеледі, олар бойынша мәртебені өзектендіру жұмыстары жалғасуда. Облыс бойынша 114  денсаулық сақтау мекемесі тіркелген.

Түркістан: медициналық ұйымдардың МӘМС жүйесіне дайындығы жоғары

Түркістан облысының «МСҚ» КЕАҚ филиалы өткен жылы 73 өнім берушімен шарт жасаған, оның ішінде мемлекеттік - 40, жеке - 33 ұйым бар. Бұл деректерді Денсаулық сақтау министрлігінің өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуіне тексеру жүргізген штаб мүшелері мәлім етті. Министрліктің стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Айнұр Айтаханова бастаған делегация құрамы алдымен облыстық клиникалық ауруханада болды.

Емхананың жұмысымен, қабылдау бөліміндегі ТРИАЖ жүйесімен, оңалту бөлімінде инсульттан кейін ем қабылдап жатқан науқастардың жай-күйімен танысты. Мекемеде халықтың ыңғайлылығы үшін МӘМС-ке жарна төлеу үшін арнайы терминалдар жұмыс істеп тұр.  Жұмыс тобы, сондай-ақ, облыстық № 1-ші перинаталдық орталық пен Сарыағаш аудандық орталық ауруханада болды.  512 төсек орынға есептелген аудандық аурухана 100 пайыз цифрландыру жүйесіне көшкен. Таяуда ғана ашылған жарақат бекеті тәулік бойы қызмет көрсетеді. Заманауи үлгідегі компьютерлік томография да ауыл тұрғындарына диагностика тұрғысында үлкен көмегін тигізіп келеді. Жұмысшы топ мұнан кейін Төлеби аудандық аурухана мен МӘМС қорымен келісім шартқа отырған жекеменшік медициналық ұйымдардың да жұмыстарымен танысты.