Руханият • 09 Қаңтар, 2020

Жандос Әубәкір: Парасатты пайым, орамды ой

992 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласын Абай музейінің ұжымы ыстық ықыласпен қабылдады. Бұл мақала биыл әлемдік деңгейде аталып өтетін Абай тойының маңызы мен ерекшелігін жан-жақты нақтылап, алдымызға ауқымды жұмыстарды  абыроймен атқаруды жүктеп отыр.

Жандос Әубәкір: Парасатты пайым, орамды ой

Мемлекет басшысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту тек той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуы­мыз үшін қажеттілігін айта отырып, елімізге алыс-жақыннан келетін меймандар мен туристерді күтіп алуға тиісті жағдай жасау керектігіне, Жидебайдағы Абай музей-үйін жаңғырту жұмыстарына баса назар аударды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы атап көрсеткендей, Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шара болуға тиіс. Қазан айындағы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция мен басқа да жиындар Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеу және оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашатыны айқын. Мақалада көрсетілген елдің рухани дамуындағы ерекше орны бар Семей қа­ласын тарихи орталық ретінде белгі­леу, ұлы Абай мен Шәкәрім­нің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны там­ған өңірге айрықша құрмет көрсету, Семей шаһарын әлеуметтік-эко­но­ми­калық тұрғыдан кешенді түрде дамы­туға күш салу, дара тұлғалардың ізі қалған қаладағы тарихи-мәдени нысандар­ды заманауи көзқараста жаңғырту, қастерлі мекен – әйгілі Жидебайды абат­тандырып, ақынның рухына тағ­зым етуге келетін жұртшылыққа қолай­лы жағдай жасау, Абайдың «Жиде­бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру мәселелері мен бірегей бастамаларды қолдаймыз. Президенттің ұлылар мекеніндегі қасиетті орын, қара өлеңнің меккесі Жидебайда музейге арнайы лайық­талған «Абай мұрасы» атты жаңа ғи­марат салу идеясы бізді қуантып отыр. Бұл музей ісінің дамуына, Абай мұрасын әлемдік деңгейде паш етуге аса қажет дүние.

Абай шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқау қиын емес. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалаған ойшыл, данышпанның «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғыну керек екені Мемлекет басшысының мақаласында орамды ой, игі идея, парасатты пайым ретінде көрініс тапқан.

Сонымен қатар Қ.Тоқаев өз мақаласында Абай мұрасының өскелең ұрпақ пен ел болашағы жастарға тигізетін пайдасы жайында ой өрбітіп, ұлы ақын шығармашылығының қай кезеңде де өзектілігін жоймай, замана жүгін көтеріп, Абай ұлағаты барша адамзат игілігі үшін рухани азық екенін де атап өтті. Сондықтан ұлтымызды жаңғыр­ту ісінде хакім Абай еңбектерін басшы­лыққа алу, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізуді, Абай сөзі­нің бүгінгі заманымыз үшін көкей­кестілігі, ақын шығарма­лары­нан халқымыз тағылым алу­ға тиіс екендігін айта келіп, ойшылдың осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға және жаңа өмірге бейім болуға шақырғаны туралы ой бөлісті.

Ел Президентінің бұл мақаласы Абай тойын жоғары деңгейде атап өту мен абайтану саласындағы орындалуға тиіс мақсат-мұраттардың жүзеге асырылуына септігін тигізіп, дара тұлғаның мерейтойын мерекелеудегі айнымайтын бағыт-бағдар болуға тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлы көтерген мәселелер мен бастамалар ел мүддесі үшін пайдаға асырылып, кең байтақ даламыздың ірі ойшылдарының бірі Абай мен оның шығармашылығына, кемеңгер ақынның айналасына қатысты тарихи деректер мен мұрағаттардың жаңғыруына сепітігін тигізеді деп сенеміз.

Біз «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы мәселелер мен мақсаттарды орындау үшін бар күш-жігерімізді салып, еңбектеніп, Абай мұрасын барша адамзат баласына насихаттау жолында жұмыс атқаратын боламыз.

Жандос ӘУБӘКІР,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік және

әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры

 

СЕМЕЙ