Аймақтар • 09 Қаңтар, 2020

Павлодар облысында 50 мыңнан астам оқушы тегін тамақтанады

207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бірақ судың  да сұрауы бар. Тегін тамақтанудың соңы «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұғымға жалғасса игі.

Павлодар облысында 50 мыңнан астам оқушы тегін тамақтанады

Өңірдегі 40 мыңнан астам оқушы облыстық бюджеттің есебінен, ал 500 оқушы шаруа қожалықтарының демеушілігінің арқасында тегін тамақпен қамтылады.

Демеушілердің қатарында «Луганск» ӨК, «Победа» және «Галицкое» ЖШС, «Надежда», «Арман», «Шкурко» және «Родник» шаруа қожалықтары бар.

Өткен жылы өңір мектептерінің Қамқоршылық кеңес өкілдерімен кездесу кезінде облыс әкімі Болат Бақауов 2020 жылдан бастап өңірдің бастауыш сыныптарында оқитын оқушылар тегін тамақпен қамтылатынын мәлім етті.

Бұл мақсатқа облыс бюджетінен бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.

Сонымен қатар қаржыландыру жаппай оқыту қоры, аудандық бюджеттер және демеушілер қаражаты есебінен жүргізіледі.

Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, бұл жаңашылдық алдымен оқушылардың дұрыс тамақтануына септігін тигізеді.

 Ас мәзірі бойынша оқушыларға бірінші, екінші тағамдар, нан және сусын, 5 грамм бал беріледі. Аудандық жерлерде аптасына бір рет салаттар мен жемістер беріледі.

- Әр балаға бюджеттен 300 теңге бөлінеді. Біздің мектепте бастауыш сыныптарда 842 оқушы білім алады, - дейді облыс орталығындағы №25 мектептің асхана меңгерушісі Бақыт Әбдірахманова. – Біз бұл нарықта бұрыннан жұмыс істеп келе жатырмыз. Тауар жеткізушілер сапалы өнімдер әкеледі. Әр айдың соңында бізге атқарылған жұмыстың көлеміне қарай тиісті қаржы аударылады. Ыстық тамақтың құны 450-500 теңгені құрайды.

2019 жылы өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде облыс орталығында қаланың 11 мектебі қатысқан екі жоба жүзеге асырылды.

Осы жобалар бойынша мектеп асханаларын жаңғыртуға жеке инвестициялар тартылады.

Инвесторлар асханаларға жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, олардың ішін жөндеді. Облыстық Білім беру басқармасының мамандары бұл жоба өңірдің өзге мектептерінде жалғасатынын атап өтті.

 

ПАВЛОДАР

Суреттерді түсірген Алексей Кияткин