Аймақтар • 10 Қаңтар, 2020

Шу ауданында түйіні тарқамаған түйткіл көп

378 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы кездері Шу ауданы, Төле би ауылы тұрғындарының жергілікті билікке деген базынасы күшейіп тұр. Аудан орталығына көгілдір отын тарту мәселесі талай жылдан бері өзекті күйінде қалып келеді.

Шу ауданында түйіні тарқамаған түйткіл көп

Тұрғындардың айтуынша, газ тартып беру үшін «Париев» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігі елде жоқ «ерекше» бағаны айтып отыр екен. Яғни, газ тарту үшін әрбір үйге бір миллион теңге көлемінде қаражат керек. Бірақ көпшілік мұндағы 4200 үйдің үштен екісінің мұндай үлкен көлемдегі қаражатты та­уып беруге шамалары жетпейтінін айтуда. Сондықтан да аталған мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Алайда, ауыл тұрғындары үшін бұл бір ғана мәселе болмай шықты. Жер­гі­лікті халық тіршілік көзі ауыз суға жарымай отырғандарын жеткізді. Төлебиліктер бүгінде 10 шақырым қашықтықтағы Абай ауылынан ауыз суды тасып ішіп отыр екен. Бұған да бірінің шамасы жетсе, енді бірінің шамасы жетпей дал болуда. Ал ауыл тұрғыны Мәкен Уақтегі осыдан 2 жыл бұрын ауданға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков іс­сапармен келгенінде ауыз су мә­се­лесін көтергенін, бірақ одан бері еш нәтиже болмағанын айтады. «Суды көрші Абай ауылынан тасып ішіп отырмыз. Қазір ол да тоқтап қалды. Осы уақытқа дейін ағайынымыздың көлігімен су таситын едік, ол кісі де көлігін сатып жіберді. Күн сайын таксимен су таситын шама жоқ. Оның бәрі де қаражатқа келіп тіреледі. Ал Төле би ауылындағы су лай, бір литр судың өзінде бір уыс болып қызыл құм тұнып қала­ды. Адамға ең бірінші керегі су емес пе? Жергілікті билік бірін­ші болып осы мәселені шешуі керек қой», дейді Төле би ауылы­ның тұрғыны Қалдыгүл Қызыл­бекова. Жасы жетпісті алқымдаған тұрғын күн сайын дүкеннен таза су алып ішіп отырғанын жеткізді. Расында да, тұрғындардың тілегі мен базынасы орынды. Түбінде қызыл құмы тұнып қалған лай суды ішу қолайсыз әрі денсаулыққа зиян. Аталған мәселе төңірегінде біз Шу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаевқа хабарласып, пікірін білдік. «Кезінде Төле би ауылына су құбырлары жүйелері тартылған. Алайда, әрбір тұрғын келіп тұрған суды өз қаражаты есебінен үйлеріне тартып алуы керек болған. Бірақ тұрғындар мұны қолдамады. Енді бүгінгі таңда республикалық бюд­жет есебінен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 14 миллион теңге аталған мәселе бойынша бөлініп отыр. Бұл қаражатқа бұрын тартылған су құбырлары жүйелері тазартылады. Себебі талай уақыттан бері мұнда тазарту болмаған», дейді Нұрлан Жақсыбаев.

Тұрғындардың айтуынша, ауылда түйіні тарқамаған түйт­­кіл көп. Осыдан біраз жыл бұрын ауылдың орталық кө­ше­лері қазылып, кәріз су жүйе­леріне арналған құрылыс жұ­мыстары басталған. Бірақ Төле би ауылдық ауруханасының ша­йынды суларын жергілікті әкімдік ауыл іргесіндегі өрт сөн­діру мекемесінің жанындағы шұң­қырға ағып келіп құйыла­тындай етіп жасаған. Бұл – ауыл­дың ішінде. Ауыл тұрғыны Мәкен Уақтегі сол кездегі аудан әкімі Ілияс Тортаев ауыл тұр­ғын­дарымен кездескенде әкімге «Аурухананың шайынды сулары неге екі шақырымдай жерден ағызылып, ауылдың іргесіне құйылып жатыр. Уақыт өте келе бұл ауыл тұрғындарының ден­саулығына залалын тигізбей ме?» деген сауал да қойыпты. Тұрғынның тілегіне мән берген әкім кәріз суларын арнайы насостар арқылы сорғызып алып, аулаққа ағызылатынын айтқан екен. «Бірақ көп ұзамай әкімнің өзі қызметінен кетіп, бәрі де аяқсыз қалды», дейді тұрғын. Кейін бұл мақсатқа мемлекет тарапынан 2 миллиард 278 миллион теңге бөлінген екен. Бірақ бұл қаражат бөлінгеннен кейін де тірлік аяқталмаған. Енді тұрғындар шайынды сулардың төгілетін жері ауылға жақын екенін, күн жылыған кезде оның күлімсі иісі ауыл тұрғындарына жағымсыз әсер ететінін айтуда. «Шу ауданының сол кездегі әкімі Қайрат Досаев пен ауданаралық прокурор Жандос Бердіқұловқа өткен жылы жазған хатымда «20 мыңнан аса халық тұратын аудан орталығы Төле би ауылында атқарылған кәріз құрылысы халыққа арналған ба, әлде санаулы он шақты мекемені кәріз суларынан тазарту үшін қол­ға алынды ма?» деген болатын­мын. Төле би ауылындағы көшелердің ұзындығы 136 шақырымдай десек, канализация құбырлары тек 11,3 шақырымды құрайтын орталық көшелерге ғана төселген. Сонда құбырдың әр метрі 200 мың теңгеден болғаны ма? Сол кездегі аудан әкімі мен прокурордан жарытымды жауап келмегенімен, әкімнің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев жауап хатында канализация құрылысы 2018 жылдың 31 желтоқсанында аяқталып, пайдалануға беріледі деген болатын. Алайда, құрылыс жұмыстары құрдымға кеткендіктен, әлі ұшы-қиыры көрінбейді», дейді Мәкен Уақтегі. Бірақ бұл мә­селе әлі өзекті күйінде екен.

Шу ауданындағы осы үш мә­селе тұрғындардың бас ауруына айналғалы да біраз жылдар өтіпті. Сол аралықта ауданға талай әкім келіп, кетті. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып тұрғаны көпшіліктің көкейінде өзекті мәселе болып әлі жүр. Енді бұл мәселелер қашан шешімін табады деген сауал да жергілікті халықты ойлантпай қоймайды.

 

Жамбыл облысы