01 Тамыз, 2013

Төл ойынымыз төрге озды

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Чехияның Пардубице қаласында тоғызқұмалақтан блиц пен рапид түрі бойынша ересектер арасында Еуропа чемпионаты мен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті.

 

Жақында Чехияның Пардубице қаласында тоғызқұмалақтан блиц пен рапид түрі бойынша ересектер арасында Еуропа чемпионаты мен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті.

Тогызкумалак

Қазіргі күні бұл шаһар Еуропадағы қазақтың ұлттық ойын түрін насихаттау және дамыту ордасына айналып келеді. Бұл елде мұндай шараларды өткізу осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алына бастаған болатын. Соның нәтижесінде бүгінде Пардубицеде тоғызқұмалақтан өтетін жарыстар Чехияның ғана емес, Еуропаның басқа да елдерінің қызыға қатысатын жарысына айналып отыр. Биылғы төл ойынымыздан жарысқа 30-ға жуық адам қатысты. Ересектер арасындағы Еуропа чемпионатына 8 спортшы қатысып, айналмалы жүйе бойынша жарыс өткізсе, рапид және блиц турнирінде бақ сынасқан 17 спортшы швейцар жүйесі бойынша 7 турдан жарыс өткізді. Ал жас­тар арасындағы турнирге 7 спортшы қатысып, 6 тур өткізді. Еуропа чемпионатына Қазақстан, Чехия, Ресей, Хорватия, Швейцария және АҚШ-тың өкілдері қатысты. Бұл бәсекеде чех Ондре Цах 7 ойыннан 7 ұпай жинап Еуропа чемпионы атанса, екінші орынды 6 ұпаймен оның отандасы Якуб Цах пен үшінші орынды 5 ұпаймен Хана Котинова иеленді.

Ал блиц және рапид түрінен біздің А. Байзекенова 7 ойыннан 6,5 ұпай жинап чемпион атанды. Екінші орынға 6 ұпай алған C. Cапарбекова, үшінші орынға 5 ұпай жинаған Гүлжан Мағауова тұрақтады. Жасөспірімдер арасындағы жарыста чех спортшылары барлық жүлдені алды.

Чехияда екі күнге созылған жарыс аса қызықты және тартысты жағдайда өтті. Шара соңында жа­рыс­тың демеушілері және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы чем­пион­дар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар тапсырды. Осыдан кейін Пардубицеде семинар мен тоғызқұмалақты дамыту мен үйрету жөнінде іс-шаралар өткізілді.

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».