Аймақтар • 10 Қаңтар, 2020

Учаскелік инспекторлар баспаналы болып жатыр

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы жылды Ішкі істер министрлігі «Учаскелік полиция инспекторларының жылы» деп жариялаған. Барлық қылмыстардың алдын алу мен жолын кесуде еңбегі зор болып келетін учаскелік инспекторлардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды ойлап, оларға көңіл бөлуді қолға алған министрліктің бастамасына жергілікті билік те қолдап отыр. Соның бір көрінісі ретінде Солтүстік Қазақстан облысындағы Аққайың ауданында болған қоныс тойын атауға болады.

Учаскелік инспекторлар баспаналы болып жатыр

Бір отбасының қуанышы бүкіл елдің қуанышы емес пе? Еліміздің оңтүстік аумағынан келіп, учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етіп жатқан полиция лейтенанты Азатбек Темірханұлына осы аудандағы өзі тұратын Трудовое ауылында 75 шаршы метр үйдің кілті табыс етілді. Оны «Санта-Мария» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Павел Леонов тұрғызып берді. Үйдің кілтін табыс ету шарасына СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Думан Таев қатысып, үйге қол жеткізген кіші офицерді алғашқы болып құттықтады. Сөйтіп, тұңғыш перзенттерін енді көргелі отырған жас отбасы қуанышқа кенелді. «Ішкі істер министрлігі, Полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетіліп отырған қолдау қызметте серпіліс береді, өзім жұмыс істейтін учаскеде тұрғындарға мінсіз қызмет атқаруға итермелейді» дейді жас лейтенант.

Облыста учаскелік инспекторларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау жалғасып келеді. Жақында Тайынша ауданындағы Қарағаш ауылында да «Астық-STEM» ЖШС салып берген қызметтік үйге аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Руслан Бекболатов қоныстанды. Полиция департаментіндегі жедел кеңесте облыстық полиция ведомствосының бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев барлық аудандық бөліністердің басшыларына учаскелік полиция инспекторларына жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Қазір полиция департамент барлық учаскелік полиция инспекторлардың баспаналық-тұрмыстық жағдайына мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр. «Құқықтық тәртіп пен аумақтардағы профилактикалық жағдай тәртіп сақшыларының жұмыс сапасына байланысты, ал олардың жұмыс тиімділігі әлеуметтік жағдайы дұрыс болғанда ғана артары сөзсіз» дейді полиция бастығы.