Қазақстан • 11 Қаңтар, 2020

Сенаторға оқулықтардың сапасына қатысты мәселелер айтылды

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Төлеубек Мұқашев Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.

Сенаторға оқулықтардың сапасына қатысты мәселелер айтылды

Кездесу аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері және «Педагог мәртебесі туралы» заңның негізгі ережелері талқыланды. Қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етумен қатар, еліміздегі педагогика қауымының мәртебесін арттыруға және мұғалім беделін көтеруге бағытталғаны айтылды.

Депутат Төлеубек Мұқашев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бір жыл ішінде атқарған жұмысы туралы хабардар етті және «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңның маңызына тоқталды. «Көптеген жылдар бойы біздің ұстаздарымыздың мәртебесі мен беделі төмендеп кетті. Жаңа заңда мұғалімдерді әлеуметтік қолдау, олардың қызметі мен шығармашылығы және құқықтарын қорғау мәселелері белгіленді. Бұл құжат бүгінгі таңда педагогтардың қолдауына ие болып отыр», - деді сенатор.

Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институтының директоры, профессор Берікжан Әлмұхамбетов еліміздің Парламентінде өткен отырыстар мен үкімет сағаттарында білім беру сапасына байланысты өзекті мәселелер ұдайы көтеріліп, үнемі назарда болатыны үшін алғысын білдірді.

Жаратылыстану және география институтының директоры, профессор Күләш Қаймолдинова бүгінгі таңда оқулықтардың сапасына байланысты сын-пікірлер көп екенін атап өтті. «Өйткені оқу бағдарламалары жоғарыдан келіп түседі. Оқулықтар осы бағдарламаның негізінде жазылады, ал бағдарламада оқушыларға түсінуді қиындататын мәселелер көп. Сондықтан бағдарламаларды ойластыру қажет. Сонда ғана оқулық сапалы болады», - деді К.Қаймолдинова.

Кездесуде білім сапасына қатысты басқа да өзекті мәселелер талқыланды.  Мәселен, Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры Тоққожа Қожағұлов бүгінгі күні орта мектептерде сызу, сурет және еңбек пәндері біріктіріліп, оларға бөлінген сағаттар қысқартылғанын атап өтті. Бұл жас ұрпақтың өнер пәндері бойынша лайықты білім ала алмауына әкеліп соғады. Сызу мен сәулет және дизайнға байланысты техникалық жоғары оқу орындарына түсуді жоспарлап жүрген мектеп түлектері осы салалар бойынша дайындығы болмайды және көптеген қиындықтарға тап болады. Ұстаздар қауымы осыған байланысты мәселені шешуге көмек көрсетуді сұрады.