Аймақтар • 12 Қаңтар, 2020

Солтүстік Қазақстан облысында ақбөкен атқандар қолға түсті

139 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нива» көлігі полиция қызметкерлерін көрген бойында жылдамдығын үдетіп, көзден жасырынбақ болды. Бірақ экологиялық қылмыстардың жолын кесу мақсатымен рейдке шыққан полиция қызметкерлерінің шетелдік, сапалы көлігі жылдам еді. Олар орыстың «Нивасын» екі аттатпай қуып жетті. Бұлар Мағжан Жұмабаев ауданындағы орман алқаптарын тексеруге шыққан табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкері, полиция капитаны Самат Мейрамов, азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының қызметкері, полиция капитаны Дмитрий Цыганюк және «Булаев орман шаруашылығы» КММ саятшысы Александр Шитов еді, Олар жылдам көліктің арқасында кезекті браконьерлерді ұстады. «Сахараның бота көзін» көзі қиып атқан қаскөйлер қолға түсті.  

Солтүстік Қазақстан облысында ақбөкен атқандар қолға түсті

«Нивада» отырған Булаев қаласының 1991, 1993 және 1995 жылы туған үш тұрғыны болып шықты. Олардан ТОЗ-34 ЕР маркалы тегіс ұңғылы мылтық пен 12 калибрлі оқ-дәрілері бар оқшантай алынды. Жүксалғыштан 2 еліктің мүшеленген еті табылды.

Осы факті бойынша ҚК 337-бабының 3-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Автокөлік, мүшеленген ет, қару мен оқ-дәрілер тәркіленді. Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды.

«Бұл ағымдағы жылы тіркелген заңсыз аң аулаудың екінші фактісі, - деп хабарлады СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы Табиғатты қорғау полициясы бастығының міндетін атқарушы, полиция капитаны Асхат Қожабаев. – Рейдтік іс-шаралар тұрақты өткізіледі. Табиғатты пайдалану қағидаларын бұзудың барлық түрлері – полицияның назарында. Тек 6 қаңтардан бастап облыста аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін – 26, балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін – 10 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, қаруды заңсыз сақтаудың – 3, қаруды сақтау қағидаларын бұзудың – 1 фактісі анықталды».

Сонымен бірге полиция қызметі 1 қаңтардан бастап облыста борсық, тұяқты жануарлардан бұлан, қабан, марал, сібір елігін аулауға тыйым салынғанын ескертеді. 15 ақпанға дейін тек қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян, жанат тектес ит пен ондатрды аулауға ғана рұқсат берілген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы