Аймақтар • 12 Қаңтар, 2020

Алматы облысындағы 38 мектеп 3 ауысымда білім беріп жатыр

192 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2019-2020 жылғы оқу жылында Алматы облысындағы білім беру мекемелерінің 1-сыныбына 50 мыңға жуық оқушы қабылданған болатын. Бала санының күрт артуы мектептердегі оқу сыныптарының жетіспеуіне әкеліп, оқушылар 3 ауысымда білім алуға мәжбүр екен.

Алматы облысындағы 38 мектеп 3 ауысымда білім беріп жатыр

Қазір облыстағы 38 мектепте оқушылар 3 ауысымда оқып жатыр. Есеп бойынша 3 ауысымды мектептерді жою үшін бірден 21 оқу ошағын салу қажет. Ол үшін 52 млрд теңге жұмсалады. Алайда құрылыс қарқын алған күннің өзінде мұнша мектепті пайдалануға беруге 2021 жылы ғана қол жетуі мүмкін. Ал биыл 6 мектептің құрылысы жүргізіледі. Бұл тағы 3000 оқушының еркін отырып білім алуына қолайлы жағдай туғызбақ.

Жалпы, биыл облыс аумағындағы мектеп-интернаттарды күрделі жөндеу мен білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 300 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл облыс мектептеріндегі бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік бермек.

Әсіресе, аймақ мектептерінде тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бойынша сын көп. Қазір білім беру нысандарында 15 860 бейнебақылау құрылғысы іске қосылған екен. Алайда, камералардың дені ескірген. Көптеген құрылғы бір бағытты ғана бейнеге түсіреді. Олардың жазбаларын қарап, сұрыптап отыратын арнайы маман тағы жоқ. Сол себептен де мектеп ішіндегі бала құқының бұзылуы назардан тыс қалып жатады.

Сондай-ақ, облыстағы үш жүзден астам мектептің дәретханасы ғимарат ішінде емес, аулада орналасқандығы да ата-аналардың алаңдауына негіз болып отыр.

 

Алматы облысы