Аймақтар • 13 Қаңтар, 2020

Никольский базары – тарихи маңызы бар ескерткіштер санатында жоқ

393 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласы әкімдігі үшін тренд тақырып – шаһардың тарихи келбетін сақтау.Қалалықтардың «сақтайық» деп көздің қарашығындай қорғап отырған нысандардың басым көпшілігі орталықта орналасқан. Апта басында соның бірі «Никольск базары сүріледі» деген мәселеге еріксіз назар аударуға тура келді. Қала әкімдігінің бұған қатысты көзқарасы 2018 жылдың басында-ақ белгілі болатын. Бірақ «қаланың ортасындағы базар сүріліп жатыр. Онымен бірге Алматының тарихы сүріліп жатыр» деген ақпарат ғаламтор айдынын кезіп кетті.

Никольский базары – тарихи маңызы бар ескерткіштер санатында жоқ

«Қазір құрылыс компаниясы базар орналасқан жерді босатып беруді сұрап жатыр. Олардың да өз шарттары, өз жоспарлары бар. Олар мұнда келгенде, бірден жер қазуға кіріспейді. Контейнерлерді әкеліп, инженерлік желілерді сыртқа шығару керек. Бөлшектеу жұмыстары жүргізіледі және бұл кем дегенде екі айға созылуы мүмкін» делінген Алматы әкімдігі таратқан ақпаратта.

Алматылықтар «Никольск» деп атап кеткен базарға жақын жерде Свято-Никольский шіркеуі мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гүлзар бар. Базар әкімшілігі журналистермен кездескен кезде жұмыстарын жыл аяғына дейін ғана жалғастыруға мүмкіндік беретін хабарлама алғанын айтты.

Базар басшылығы 12 кәсіпкер­дің жұмыстарын басқа жерде жалғас­ты­ратынын жеткізді. Қала әкімдігі олар­дың жұмыспен қамтылуын, Алма­тыдағы өзге базарлардан орын алуын­ өз жауапкершілігіне алып отыр. Яғни, «Никольскінің» бірде-бір кәсіпкері жұмыссыз қалмайды. Мұндай құжат базарда сауда жасап тұрған кәсіпкерлерге де берілген. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа сауда үйінің құрылысы бас­талады.

Қаланың сәулетшілері «Никольск» базарының тарихы Алматының тарихы үшін аса маңызды рөл атқара қоймағанын айтады. Олардың тү­сіндіруінше, базардың «атақ-даң­қы­ның» бәсін асырып тұрған фактор – қасындағы Қасиетті Никольск шіркеуі. Осы шіркеуге қатысты біз білетін мә­лімет – Тұрар Рысқұловтың Алматы көпестерінің бірі Приходьканың ерке ұлы Аркадий Приходканы шіркеуге алып келетіні, буыны қатпаған баланы шоқын деп мәжбүрлесе де аулаға шығып кетіп, қожайындарын сыртта күтіп тұратыны... Сәулетші Алмас Ордабаев бізбен әңгімесінде базарды сүріп, орнына заманауи үлгідегі сауда үйін салудан ешбір әбестік көріп тұрмағанын айтады. Себебі етек-жеңі салбырап тұрған әрбір базардың жалына жармасып, қорғай беретін болсақ, аты-заты белгісіз мұндай базарлар жүздеп саналады.

Ал жазушы Халид Амин журналис­термен кездескен кезде базардың сүрілуі атақты «Привоз» базарын сүргенмен бірдей екенін айтыпты. 1920-1950 жылдары алматылықтардың тұрмыстық деңгейдегі шаруаларын шешіп алуға осы базар себеп болыпты. Олар осы базарға келіп, алтын, күміс әшекейлерін азық-түлікке айырбастап, жан сақтап қалған. Десек те, 90 жылдық тарихы бар базар ашық сауда нарығындағы бәсекелестікке төтеп бере алмағанын мойындауымыз керек. Базардың акционерлері сауда ор­нының инфрақұрылымын зама­науи­ландыруға ұмтылған жоқ. 1990 жыл­дар­дағы жайма базар деңгейінен әрі аса алмады.

«Никольск» базары туралы мәлімет­тер ғаламтор көздерінде көп: 1942 жылы мұнда Профура лақап атымен танымал болған Тамару Фастовская аса қат тауарларды үш есе қымбат бағасымен сат­қаны үшін ұсталып, атылған.

Ақпарат құралдарының мәліметінше, Алматы қаласында 757 құнды тарихи ғимарат анықталды. Қоғам қорғауы ке­рек деп тапқан тарихи ескерткіштер қа­тарында «Никольск» базары жоқ. Демек, ол қасындағы шіркеу бәсін асырып тұрған көше базары деңгейіндегі сауда орны. Қала билігінің оны сүріп тастап, ойын-сауық кешенін салайын деген ниеті жоқ.

Алдағы бірер жылда базар орнында бұрынғы атауын сақтап қалған зама­науи сауда үйі салынып, қалаға кө­рік беретін сәулетті ғимараттардың қата­рын толықтырады. Қала билігі оның құры­лысын жобалау кезінде Алматының шы­ғыс­тық-азиялық келбетіне басымдық беріледі деп отыр. 

Алматыда базарлардың сүрілуі жаңа­лық емес. Себебі көбінің құрылысқа қа­тыс­ты заңдарды өрескел бұзғаны белгілі бол­ды. Бұл дегеніңіз – базар орналасқан аумақтың шектеулі жерден асып кетуі. Ол аздай, ережеге сәйкес көлік тұрақтары мүл­дем салынбаған. Сондықтан қала әкімдігі тізеге батырып болса да базар реформасын жүргізуді қолға алды. Егер осы реформасы сәтті іске асса көлік тығыны азайып, Алматының ажары қайта қалпына келгелі тұр. Сапасы сын көтермейтін базар­лардың орнында сәнді де сәулетті сауда нүктелері ашылмақ. Айтпақшы, Алматыда сүрілмейтін, талапқа сай келе­тін бір ғана базар бар екен. Бұл – «Көк базар».

Алайда, бұл базардың да бір кемшілігі – көлік қоятын жері жоқ. Сондықтан алдағы уақытта «Көк базарда» жерүсті және жерасты көлік тұрақтарын салу құрылысы жүреді.

Ал қалған базарлар рет-ретімен сүрі­леді. Оны «тарихи нысан» деп аттан салу­дың жөні жоқ.

 

АЛМАТЫ