Трендтерді жете түсінетін жастар іріктелді
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажет екенін айтты. Осы ретте жаңадан құрылған Президенттік жастар кадр резерві мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге қаншалықты ықпал етеді?
– Жаһандану мен жаңа экономикалық сын-қатерлер жағдайындағы қазіргі таңда еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі – білімді және талапты жастар. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы ең алдымен бәсекеге қабілетті және жасампаз жастарды қолдауға бағытталды. Жобаның мәні – қажет болған жағдайда жауапты лауазымдарға тағайындалып, еліміздің дамуы жолында тиімді жұмыс істей алатын әртүрлі саладағы 300 жоғары дәрежелі мамандардың құрамын жасақтау. Резервті қалыптастыру мемлекеттік басқару саласында адам капиталын елдің пайдасына жұмылдыру үшін жасалған жұмыс болды.
Президент жаһандану заманына қарай мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге басымдық беріп отыр. Ал мемлекеттік қызметке өзгеріс әкелу үшін, бұл саланы жаңғырту үшін заманауи ойлай алатын, жоғары деңгейдегі құзыреттіліктерге ие, жаңа трендтерді жете түсінетін жаңа формациядағы жастарды жұмылдыру керек. Осы үдеден шығу үшін алдымызға Президенттік жастар кадр резервін құру міндеті қойылды.
Президенттік жастар кадр резерві – отансүйгіш жастарымызға берілген айрықша мүмкіндік, нақты қолдау. Бұл жобаны білімі мен білігі келіскен жас азаматтардың еңбек жолында, ілгері жылжуына жол ашатын әлеуметтік саты деп айтуға да болады. Іріктеудің барлық кезеңінен өткен жастарға мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық лауазымға тұруға тікелей мүмкіндік тудырады деп көзделіп отыр. Біз осы резервке ілінген жастарды көш соңында қалмай, Қазақстанның дамуындағы қозғаушы күш болады деп үміттенеміз.
Ел ісіне араласатын жастарды іріктеу жұмысы төрт айға созылды және біз оған дейін бірнеше ай бойы мұқият дайындалдық. Осы бағытта халықаралық тәжірибені зерттедік, тәсілдерді әзірлеп, толық ашықтықты қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді шештік. Нәтижесінде, арнайы онлайн-платформа дайындалып, соның арқасында біз адам факторы мәселесін шеше алдық. Іріктеу үрдісін цифрландыру бізге толық көлемде транспаренттілік пен объективтілікке кепілдік берді. Тіпті құзыреттіліктерді бағалау офлайн кезеңінде бағалаушылардың кімді бағалап жатқанын білмеу үшін үміткерлердің жеке басына қатысты деректер шифрланды, сарапшылық комиссияда әңгімелесуде онлайн бағалауды енгіздік.
Резервшілер тізіміне жеке сектордың 106 өкілі, квазимемлекеттік сектордың 98 қызметкері және 96 мемлекеттік қызметші кірді. Бұл конкурсқа еліміздің барлық өңірлерінің азаматтары белсенді қатысты. Ең көп кандидаттар Алматы қаласы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан болды. Сондай-ақ Әзербайжан, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Түркия және Франция сияқты жақын және алыс шетелдерде жүрген азаматтар да қалыс қалмады.
Ұлттық комиссияның қарауымен іріктелген үміткерлердің құрамында әртүрлі этнос өкілдері бар. Олар – қазақтар, орыстар, әзербайжандар, армяндар, немістер мен татарлар.
Резервке енген жастардың көбі шетелдік алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алған. Мұндай үміткерлердің үлесі – 58%. Олардың үштен екі бөлігі – магистр дәрежесіне ие. Бұған қоса тізімде 6 ғылым докторы бар.
Іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы – 31 жас. Резервшілердің экономиканың түрлі салаларында айтарлықтай тәжірибесі бар. Олардың көбі экономиканың түрлі секторларындағы ірі шетелдік және трансұлттық компанияларда жұмыс істеген, қазір де істеп жатыр.
– «Біткен іске сыншы көп» дегендей, бұл іріктеудің әділдігіне күмәнмен қарағандар да табылды. Бұған не дейсіз?
– Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу кезінде басшылыққа алынған ең басты қағидаттар – ашықтық пен объективтілік барынша қатаң сақталғанын еш күмәнсіз айта аламын. Жоғары транспаренттілік, ашықтық және іріктеудің ұтқырлығы цифрлы онлайн-технологияларды қолдану арқылы қамтамасыз етілді.
Тестілеу және олардың әлеуетін бағалау кезеңдерінде кандидаттардың деректері жасырылып, бағалаушы-сарапшылардың ешқайсысы кімді бағалап жатқанын білген жоқ. Кодталған эсселер мен үміткерлердің презентациялары онлайн-платформада бір-бірін білмейтін үш сарапшымен белгіленген өлшемдер бойынша автономды бағаланды.
Құзыреттілікті бағалауды ассессмент-орталықта арнайы дайындалған асессорлар мен супервизорлар жүргізді. Асессорлар үшін үміткерлердің қайдан келгені, қандай оқуды бітіргені, қайда жұмыс істегені туралы ақпараттан тұратын профайлы қолжетімсіз болды.
Соңғы кезеңнің алдындағы кезең – сарапшылық комиссияда әңгімелесу. Оның мүшелері үміткерлерді онлайн-жүйеде бағалады. Комиссияның барлық мүшелері онлайн түрде бағасын енгізгеннен кейін олар бірден базаға түсіп отырды. Ешкімде бағаны түзету мүмкіндігі болған жоқ.
Халықаралық ұйымдардың өкілдері мен қоғам қайраткерлері барлық үдерістердің объективтілігі үшін сыртқы бақылаушылар ретінде шақырылды. Әр кезеңнен кейін ашықтықты қамтамасыз ету үшін ұпайлары бар қатысушылардың рейтингі жарияланды. Жалпы біз іріктеу нәтижелерін барлығы оң қабылдамайтынын жақсы түсіндік және бұл – қалыпты жағдай.
Қатысушыларға қойылған негізгі талап – отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі жəне бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Басқа шектеулер болған жоқ.
Қатысуға өтініштер көп болды. Бірақ көбі тестілеу мен тестілеуді верификациялау сияқты күрделі кезеңдерден өте алмай қалды. Біз ешкімге ешқандай қолдау жасамаймыз деген түбегейлі шешім қабылдадық, ережелер барлығы үшін бірдей болды. Осы тәсілдің арқасында біз үлкен нәтижеге қол жеткізіп, ақылды, талапты, белсенді, жанып тұрған азаматтарды іріктедік. Ең бастысы, біз олардың еліміздің дамуына үлес қосқысы келетінін, отандастарының болашағына бейжай қарамайтынын байқадық. Олардың өз еліне қажет екенін сезініп, осыған шабыттанғандарын көрдік.
Өзге де сипаттағы қиындықтар болды. Мысалы, әлеуметтік желілерде тестілеуді верификациялау кезеңінде тест сұрақтарына дайын жауаптарды ұсынады деген сияқты ақпарат таралды. Тесттерді верификациялау кезеңінен өтуге арналған көптеген қызықты ұсыныс та туындаған. Алайда сұрақтар базасын ешкім білмейді, тапсырмалар бірегей, Президент жобасы үшін арнайы әзірленді. Сондықтан ондай ұсыныстар мүлдем қажетсіз болды.
Биыл резервтегілердің кем дегенде 40%-ы жұмысқа орналасады
– Енді көпшілікті іріктелген жастардың қандай қызметтің құлағын ұстайтыны қызықтырады. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесін қашан көреміз? Жалпы, биыл резервтегі жастардың қаншасын жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр?
– «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан», іріктелген жас мамандардың бүгінде 36,5%-ы инфрақұрылым мен сервистік салаларды дамыту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау саласында, 21,5%-ы экономикалық және қаржылық, 7%-ы сыртқы және ішкі саясат, 5%-ы әлеуметтік, 4%-ы құқықтық саясат саласында, сондай-ақ 12%-ы өңірлік және 14%-ы басқару топтарында қарастырылған қызметтерді таңдаған. Яғни, 300 іріктелген резервші салалар бойынша бөлінген. Олардың кейбіреулері жақын арада мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін.
2020 жылдың бірінші тоқсанында біздің агенттік әрбір резервші үшін құзыреттерді дамытудың жеке жоспарын әзірлейтінін атап өткім келеді. Мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы жоғары лауазымдарға резервшілерді тағайындау дәйекті мансаптық өсу жолымен жоспарланады. Агенттік резервшілерді одан әрі мансаптық ілгерілетуге мониторинг жүргізеді.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес іріктеудің барлық кезеңдерінен өткен тұлғалар бес жыл мерзімге резервке алынады. Ел Президенті бұдан кейінгі жұмыстарды үйлестіру үшін Үкіметке, Президент Әкімшілігіне және біздің агенттікке нақты тапсырма берді. Біз бес жыл ішінде резервке енген адамдарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуіміз керек. Олардың кейбіреуі бірден жоғары лауазымдарға ие бола алады. Кейбіріне біз бастапқыда төмендеу, бірақ одан әрі өсудің нақты перспективасы бар лауазым ұсынамыз. Ұсынылған қызметтерді құп ала ма, алмай ма, резервтегі кадрлар өздері шешеді.
Қазіргі таңда біз резервшілер тағайындалуы мүмкін бос лауазымдарға талдау жүргізіп жатырмыз. 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында, тіпті бірінші тоқсанында резервтегілердің 30%-ын жұмысқа орналастырып қалуымыз мүмкін. Жалпы жылдық меже олардың кем дегенде 40%-ын орналастыру керек. Резервтегілердің жоғары әлеуетін, құзыреттілік деңгейін, жаңашылдығын және өзгерістерге дайындығын, белсенділігін, елдің дамуына үлес қосуға деген ниетін ескере отырып, бұл жастарды табысты мансап күтіп тұр деп ойлаймын.
– Іріктелген жастардың арасында басшылық қызмет атқарған, табысы жақсы мамандар да бар. Мемлекеттік қызметтен олардың ойларынан шығатын қандай орындар ұсынылуы мүмкін?
– Негізі іріктелген жастардың ішінде жоғары дәрежелі қызметтегі адамдар аз. Дегенмен елімізде алғаш рет қолға алынған теңдессіз жобаның іріктеуінен сүрінбей өтіп, резервке қабылданған азаматтардың мемлекеттік басқару жүйесінде ғана емес, квазимемлекеттік секторда да басшылық лауазымға келуіне мүмкіндік беріледі.
Резервшілер мемлекеттік саяси және әкімшілік лауазымдарына, ұлттық компаниялардың басқарушы лауазымдарына орналаса алады. Бұған қоса «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында да резервтегі тұлғаларды мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қабылдау мүмкіндігін қарастыратын түзетулер енгізілді. Осылайша білікті де білімді, өз елін сүйетін, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне және одан әрі дамуына үлесін қосуға ниетті жас буын өкілдеріне мемлекеттік басқару жүйесіне кедергісіз келуіне жол ашылды.
– Іріктелген жастардың көбінде мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесі жоқ. Оларды тағайындау алдында тиісті оқыту қарастырылған ба? Біліктілігін арттыру бойынша қандай да бір арнайы бағдарлама бола ма?
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметші және мемлекеттік лауазымға тағайындалатын резервшілер біліктілікті арттыру семинарлары мен қайта даярлау курстарының жоспар-кестесіне сәйкес Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қайта даярлау курстарында оқудан өтеді. Басқа резервшілер Академия әзірлеген тренингтік бағдарламаларда өздерінің басқару құзыреттерінің деңгейін арттыра алады. Тренингтік бағдарламалар заманауи жағдайлардағы ең өзекті бағыттарды қамтиды: ойлау дизайны, трансформациялық көшбасшылық, эмоционалды интеллект, перспективалық ойлау және сценарийлік жоспарлау, стратегиялық менеджмент, жобалық менеджмент, бизнес үдерістерді оңтайландыру және тағы басқа. Бұл туралы академияның сайтынан кеңінен танысуға болады.
Меритократия қағидаты жастардың мәртебесін көтереді
– Бұл жоба жас мамандарға әлеуметтік лифт болатынын атап өттіңіз. Жалпы аталған жобаға қоса азаматтардың қызмет бабында кедергісіз көтерілуі үшін меритократия қағидатының негізінде қандай жұмыстар жоспарланды?
– Президенттік жастар кадр резервіне енген кейбір жастарды өңір-өңірге жұмысқа жіберу жоспарланып отыр. Осылайша бұл жоба мәселелерді жергілікті жерде шешуге әсер етуі керек. Сондай-ақ аймақтарда тәжірибе жинаған жастарды орталыққа жұмысқа орналастыруды да ойластырамыз.
Мұндай жұмыстар меритократия қағидатына сәйкес бұрыннан атқарылып келеді. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келген жастар елдімекендерде еңбек етіп, тәжірибесін шыңдады. Халықпен етене араласып, тұрғындардың талап-тілегін, мұң-мұқтажын жақсы білетін мамандардан кейін білікті басшылар да шықты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Жастардың лайықты білім алуына, алаңсыз жұмыс істеуіне теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қаладағы жас азамат үшін де, лауазымды, ауқатты немесе қарапайым шаруа отбасының баласы үшін де әлеуметтік лифттің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Айналып келгенде, әлеуметтік теңдік дегеніміз – осы. Біз осыған қол жеткізуге тиіспіз. Мемлекеттік қызметке тағайындау барысында меритократия принципін ұстанған жөн. Азаматтарды тек біліміне, қабілетіне қарай тағайындау талабы қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет» деп айтқан еді.
Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, өңірлерде бұрыннан істеп жатқан мамандарға қолдау көрсетіп, қызметте ілгерілеуіне жағдай жасаймыз. Бос орындар конкурсына қатысқан жастардың ішінен департаменттерге жұмысқа қабылдаймыз. Меритократия қағидатының негізіндегі биылғы жұмыстарды жақын арада қолға аламыз.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсау керек екенін айтты. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Иә, Президент Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік аппаратты және квазимемлекеттік сектордағы қызметшілердің санын оңтайландыруды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны – 98 мыңға жуық. Штат санын оңтайландыру кезең-кезеңімен бірнеше жылдың ішінде жүргізіледі. Өз кезегінде бұл мемлекеттік қызметке бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
Осы тапсырманы орындаудың нақты тектіктері қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігімен пысықталып жатыр. Қысқарту бойынша ұсыныстарды әзірлеу тиісті жұмыс тобымен жүргізілуде. Аталған министрлік жалпы мемлекеттік қызметтің штаттық санын белгілеу, оларға қаржы бөлу сияқты құзыреттерге ие. Талдау жұмыстарының нәтижесін осы жылдың бірінші тоқсанынан бастап көре бастаймыз.
Оңтайландыру мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етіп, біраз жұмысты жүйелеуге, тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Қысқарту есебінен үнемделген қаражатты білікті мамандарды ынталандыруға жұмсауға мүмкіндік береді.
– Мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру жөнінде толымды мәлімет бергеніңізге рахмет.
Әңгімелескен
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»