«Зейнетке шығудың қуанышымен қатар құжат рәсімдеу машақаты қатар жүретінін естіп-білетінмін. Бірақ қазір цифрлы жаңашылдықтың заманы ғой. Зейнеткерлікке шығу қызметінің бір ғана SMS арқылы шешілгені қуанышымды еселеді. Бұл жаңалықты талай жылғы еңбегімізге деген құрмет деп қабылдаймын. Енді бұдан былай зейнетақы төлемдерін тағайындау қызметін алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барудың еш қажеті жоқ», дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы Байқоңыр қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Қаламқас Ералиева.
Айта кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының зейнеткерлікті проактивті тәсілмен рәсімдеу бойынша қанатқақты жобаны іске қосқан болатын. Аталған әдіс әзірге мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері үшін жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін 30-дан аса қызметкер зейнеткерлікті проактивті түрде рәсімдеп үлгерді.
Жоба бойынша зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын болашақ зейнеткерге қызметті проактивті түрде рәсімдеуге ұсыныс білдіретін SMS хабарлама жолданады. Келісім берілген жағдайда, кадр бөліміне алдын ала тапсырылған құжаттар электронды түрде жауапты мемлекеттік органның мақұлдауына жіберіледі.
Сонымен қатар, зейнеткер жұмыс берушісінің кадр бөліміне алдын ала еңбек өтілі, зейнеткерлік жүйеге қатысуы сияқты мәліметтерді ұсынады, бұл ақпарат, өз кезегінде, еңбек келісімдерін есепке алу бірыңғай жүйесіне енгізіледі.