Руханият • 13 Қаңтар, 2020

Басты қадірлемегеннің бәсі төмен

538 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Басты қадірлемегеннің бәсі төмен

Екі табақ мейман. Төргі үстелге жасы үлкендер мен қызметі үлкендер жайғасыпты. Әлден уақытта табақ әкелінген. Бір өзі жарты астауға жуық орынды алып уылжып піскен қойдың басы жатыр. Отағасы бөлек табаққа салып әлгі басты қырыққа ілікпей қозықарын байлаған жігіт ағасына ұсынды. Анау болса, шыр-пыр.

– Сыйлағаныңызға рахмет, әкем тірі, бас ұстамаймын, – деп құтылды.

Жолы болмаған құйқасы қалың дәу бас елуден еркін асқан екінші бір азаматтың алдына қонақтаған.

– Басты қайтемін?! – деді әлгі. Маған одан да жұмсақ еті көп жамба­ты жолдасаңыз жетіп жатыр.

Төргі үстелді бір айналып шыққан бас төмендегі үстелге келіп қонақтады. Ақыр аяғында епсекті жүргізушінің бірі мипалау жасаймын деп ауыз үйге алып кетті. Осы арада Зеренді ауданының Көктерек ауылында ойда-жоқта оралған оқиға есіме түскені. Бар ғұмырын шоқ жұлдыздай шағын ғана қазақ ауылында өткізген, кейін ата жұртына қоныс аударған Карл Александрович туған жерін сағынып келген екен. Бірге өскен бері­дегі бауырлар көзкөрген неміс ағайынды қой сойып, қонақ қылып жатыр екен. Үстінен түстік. Дәл осылай отыр­ғанбыз. Дәл осылай табақ тартылған.

– Баста жұмысым жоқ, – деген Карл Александрович. – Ал жамбасқа тимеңдер. Осы ауылда менің де бөлінбеген еншім бар.

Солай деген де туырылып піскен бүтін, майлы жамбасты алдына қойған. Қолына мүйіз сапты, өткір кездікті алып, дәу астаумен тартылған тұтас ісектің етін жапырақтап турауға кіріскен.

– Әй, Карл, – деді Сабыркен ақса­қал, – бас ұстауға сенің әбден хақың бар.

Сөйтті де құйқасы ағарып, бабымен піскен басты толайым Карл Алек­сандровичтің алдына тартқан. Көзін ашқалы тірлігі қазақ арасында өскен Карлың да осал емес. Бастың құлағын майлы құйқасымен қосып ойып алып, шеткері отырған балаң жігіттің қос алақанын толтыра, ұмсынып барып ұстатқан.

– Баяғы шалдардың ырымы, – деді Карл Александрович. – Германиядағы ағайындарың туралы жақсы хабар естіп жүр.

Қыр желкенің қыртысты жерінен тағы бір кесіп алып, екінші бозбалаға: «Өмірде желкең күдірейіп, желкенің жығылмай жүр», деп жолдады. Ұрттан кесіп үшіншіге ұсынды. Ұрттың майлы болсын дегенді және бір қосып қойды. Ал дәл қасқа маңдайдағы жұ­қа­лау қыртысты, құйқаның ең бір дәмді жерін маңдайың жарқырап жүр­сін деп және біреуге берді. Тәтті тіл тү­бімен қоса келін-кепшекке бұйыр­ды.

Астаудың жанындағы шағын ыдысқа етегінің өзі жарты астау болып жатқан тұтас сүбе, тоқпақтай тоқпан жілік, белдеменің қыртысы анау-мынау тайдың қазысынан кем түспейтін, май байланған тұтас қалпы­мен қотарылды. Емін-еркін асықпай, бабымен турау үшін.

– Германияда бәрі бар, – деді Карл Александрович. Онда молшылық. Дүкен сөрелерінде құстың сүтінен басқаны кездестіруге болады. Қарын тоқ болғанымен, ылғи бір нәрсе жетпегендей елегізіп жүресің. Және ол біреу де емес, бірнешеу. Таратып айтайын, маған жетпейтіні Көктеректің емге дауа ауасы, көкмайсалы даласы. Анау ақ қайыңдарды аңсаймын. 1993 жылы көшіп барғаннан кейін көктемгі салым Германияны шарлап қайыңды алқаптарын іздедім. Қайың көрсем Көктеректі көргендей боламын. Қайың табылар-ау, Көктерек қайдан табылсын. Бас ұстататын, жамбас жолдайтын ағайын және жоқ.

Карл Александровичтің басты бөліп берген жоралғысын қойын дәпте­рімізге түртіп алғанбыз. Бүгін есіме түскені. Нәсілі неміс болға­нымен, ата салтымызды кейбіреуі­мізден артық білетіндігі қайран қалды­рады да.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы